Шығармашылық сиқыры
- Динмухамед Куаныш

- May 26
- 4 min read
Алматы қаласы Оқушылар сарайының директоры Айгүл Байсымақовамен сұхбат
Алматы – жастардың, жігерлі әрі талантты өрендердің қаласы ретінде танымал. Алайда әлемдік сахналардағы жарқын өнер көрсетулер мен ұлттық рекордтардың артында ауқымды жүйелі жұмыс тұр. Цифрландыру дәуірінде тірі бұқаралық іс-шаралардың неліктен маңызды екені, авторлық зертханалардың ғылымды қалай қызықты ететіні және рекордтық флешмобтардың мән-жайы туралы Алматы қаласы Оқушылар сарайының басшысы Айгүл БАЙСЫМАҚОВАМЕН әңгімелескен едік.
– Айгүл Болатбекқызы, әңгімемізді бүкіл Қазақстанды тәнті еткен оқиғадан бастасақ: «Almaty Arena»-дағы 11 500 домбырашы – бірліктің нағыз символы. Осынау ауқымды жобаны қалай ұйымдастыру мүмкін болды, осы сиқыр туралы айтып беріңізші?
– Бұл күн шынымен де ұмытылмас сәт болды. Елестетіп көріңізші: бір аренада он бір жарым мың домбырашы! Идеяны Алматы қаласының Білім басқармасы ұсынды және оны әкімдік толық қолдады, ал шығармашылық тұжырымдаманы әзірлеу мен жүзеге асыру біздің Оқушылар сарайының ұжымына сеніп тапсырылды.
Біз дәуірлер арасындағы музыкалық көпірді бейнелейтін бірегей попурри дайындадық. Құрманғазының «Балбырауын» және Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйлерінің үні Төлеген Мұхамеджановтың «Балалық шақ» пен Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Алматымды» әндерінің жарқын әуендеріне ұласты, бұл сәтте тұтас бір ұрпақтың үні естілгендей әсер қалдырды.
Біріккен оркестрге әртүрлі тәжірибесі бар балалар қатысты: домбыраны сенімді меңгергендер де, оны өмірінде алғаш рет дерлік тартқандар да болды. Мұндағы ең құнды дүние – дәстүрге жанасу. Домбыраны қолға ұстап, алып оркестрдің бір бөлшегіне айналу арқылы әр бала қазақ мәдениетімен тірі байланысты сезінді. Мүмкін, дәл қазір ол бұны толық сезіне қоймас, бірақ болашақта бұл тәжірибе оның жүрегінде өз тамырына деген мақтаныш сезімімен міндетті түрде үн қатарына сенімдімін.
– Мұндай грандиозды оқиғаны мықты базасыз елестету мүмкін емес. Осындай ауқымды деңгейге шығуға мүмкіндік беретін жұмыс неден басталады?
– Біз берік іргетасқа – сабақтастыққа, бірнеше ұрпақтың баға жетпес тәжірибесіне сүйенеміз: біздің Оқушылар сарайы үзіліссіз жұмыс істеп келе жатқанына қырық үш жыл болды. Және, әрине, рекордтық флешмоб болсын немесе халықаралық байқаудағы жеңіс болсын, әрбір жарқын оқиғаның артында күнделікті қажырлы еңбек тұр.
Бүгінде бізде 230-дан астам үйірме мен секция бар. Бұл – өте үлкен қамту: эколого-биологиялық және туристік-өлкетану бағыттарынан бастап Классикалық музыка мектебі мен Балалар джаз мектебіне дейін. Біз көркем-эстетикалық және қолданбалы шығармашылықты дамытамыз, балалардың бастамаларын, спорт пен ғылымды қолдаймыз. Мұндай база кез келген баланың тілін табуға мүмкіндік береді.
Білесіз бе, балалар уақытының айтарлықтай бөлігін виртуалды кеңістікте өткізетін цифрлық технологиялар дәуірінде тірі іс-шараларға қатысу оларға қажетті қарым-қатынас тәжірибесін, шынайылықты сезіну мүмкіндігін, ортақ іске қатыстылықты береді және қазір көп айтылып жүрген дәл сондай эмоционалды интеллектіні дамытады.
– «BalaFest» фестивалі сияқты қалалық алаңдарда Оқушылар сарайы әрдайым ерекше форматтарымен таңғалдырады. Жұмысыңыздың бұл қыры туралы айтып берсеңіз.
– Біз заманауи баланы баурап алатын жаңа форматтарды үнемі шығармашылық ізденіс үстіндеміз. Соның бір мысалы – өткен жылы осы фестивальде біз таныстырған «LITTLE ENGINEER» зертханасы. Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова атындағы скверде біз үлкен футуристік шатыр орнаттық, оның ішінде ғарыш әлемін қайта жасадық. Бұл дәстүрлі көрме павильоны емес еді, мұнда балалар зымырандардың макеттерін өздері құрастырып, алғашқы ұшыруларын жасады, қонақтарға өздерінің ғылыми әзірлемелерін көрсетті. Мысалы, Әбілқайыр Чапаев күннің тұтануын зерттеу жобасын ұсынса, жас инженерлеріміздің тобы өте жеңіл зымыранның жұмыс істейтін прототипін таныстырды. Біз ең кішкентайларға арналған LEGO аймағын да ұйымдастырып, оларға өздерінің күрделілік деңгейіндегі инженерлік есептерді шешуді ұсындық.
Біздің мақтанышымыз – Шолпан Амангелді әзірлеген және Индонезияда өткен INNOPA Дүниежүзілік өнертапқыштар байқауында алтын медальға ие болған «Venus-Sat.kz» наносерігі жобасы. Айтпақшы, Шолпан қазірдің өзінде Чжэцзян университетінің (ҚХР) студенті.
Нәтижесінде біз күрделі технологиялар түсінікті әрі қызықты болатын кеңістік құрдық.
– Технологиялар туралы айтқандай: Сарай «цифрлық ұрпақтың» сұраныстарына қалай бейімделіп жатыр?
– Заманауи бала үшін цифрлық орта табиғи нәрсеге айналғанын түсінеміз. Онымен күресудің пайдасы жоқ және қажеті де жоқ, оның орнына біз технологияларды білім беру процесіне кіріктіреміз.
Жақында бізде жасанды интеллектінің мамандандырылған кабинеттері ашылды, онда балалар нейрожелілерді оқытады және оларды өз жобаларында қолданады. Бұдан бөлек, біз киберспортты белсенді дамытып келеміз. Біз оған маңызды пән ретінде қараймыз: мұнда стратегиялық ойлау қалыптасады, реакция жылдамдығы артады, ең бастысы – командада жұмыс істеу дағдысы жаттығады.
– Сіздің тәрбиеленушілеріңіз әлемдік аренада өздерін үнемі көрсетіп келеді. Бұл қаншалықты жүйелі нәтиже?
– Біздің балалар әлемнің түкпір-түкпірінен жүлделер әкеледі: олар Испания, Түркия, АҚШ, БАӘ сахналарын бағындыруда. Джаз оркестрі көптеген жылдар бойы Америка Құрама Штаттарындағы Халықаралық джаз конференциясына шақырту алады. Жақында ғана біздің «Әлқисса» домбыра оркестрі «New York International Competition» халықаралық өнер байқауының Гран-приін алса, «Сазсырнай» ансамблі бірінші орынға ие болды.
Және бұл жерде біздің жұмысымызбен тікелей байланыс бар. Кез келген беделді сахнаға шығу үлкен ішкі сенімділікті талап етеді. Біздің бұқаралық жобаларымыз бен фестивальдеріміз балалар үшін дәл сондай батылдық туатын шеберлік мектебі болып табылады. Өз отанында алып ұжымның бір бөлшегі екенін сезінген олар кез келген әлемдік аудитория алдына өз күштеріне сенімді болып шығады.
– Бірақ мұндай дайындық ерекше ортаны қажет етеді ғой. Жұмыс жазда да тоқтамай ма?
– Иә, жазда біз балаларды «Өрнек» лагерінде жинаймыз. Бұл ерекше алаң, біз оның барлығына, әсіресе әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан балаларға қолжетімді болуын қадағалаймыз. Ол жерде біз ойын түрінде араласамыз және үйренеміз, мысалы, үйреншікті сенбіліктің орнына эко-үйлердің жобасын жасауды ұсынамыз. Өмірде қажет болатын нәрселерді үйретуге тырысамыз, мысалы, «Economic Marathon» аясында балалар мемлекеттің шағын моделін құрып, практикада өздерін бизнесте сынап көреді. «Көшпенділер әлемі» бағдарламасында ұлттық спорт түрлері арқылы мәдени мұраға деген қызығушылықты оятамыз.
Нәтижесінде біз демалыс пен қызықты зерттеуді ұштастырамыз: таланттарды ашамыз, дос болуды, мақсаттарға бірге жетуді үйретеміз.
– Меншікті, бірегей бағдарламаларды жасау үлкен ресурстарды талап етеді. Әрбір жобаны басынан бастап әзірлеу сіздер үшін неліктен маңызды?
– Өйткені біз «іс-шара» емес, авторлық жобалар жасаймыз. Спектакльдердің өзінде сценарийден бастап партитураға дейінгі барлық дүние іс жүзінде нөлден бастап әзірленеді. Балалар сол ортаға толық енуі үшін кәсіби жағдай жасаймыз: костюмдер тігеміз, декорациялар құрамыз. Бала өз айналасынан осындай жоғары деңгейдегі дайындықты көргенде, оның өз күшіне және жасап жатқан ісіне деген сенімі де арта түседі.
Дәл осы тәсілді біз видеожобаларымызда да қолданамыз. Жыл сайын екі жүзге жуық баланы жинап, аналарға арналған құттықтаулар жазамыз. Түсірілімге біздің джаз оркестрі мен домбыра ансамблі қатысады. Бірақ ең маңызды сәт – кадрға аналардың өздері кірген кез. Біз балаларға олардың ең басты тыңдарманы – отбасы екенін тағы бір мәрте еске саламыз. Әлеуметтік желілердегі реакцияға қарағанда, адамдарға мұндай шынайы оқиғалар өте жетіспейді.
– Айгүл Болатбекқызы, сіздің көпжылдық еңбегіңіз мемлекет деңгейінде жоғары бағаланғанын білеміз. «Құрмет» орденіңіз құтты болсын!
– Рақмет. Президенттің қолынан марапат алу – үлкен мәртебе. Мен бұл жерде, ең алдымен, бүкіл ұжымымыздың еңбегінің бағалануын көремін. Біз көптеген жылдар бойы Алматы балаларына білім беру және тәрбиелеу жолында жұмыс істеп келеміз және бұл орденді еңбегіміздің лайықты өтеуі – дәстүрді сақтай отырып, жаңа ұрпақты алға жетелеп, дұрыс бағытта келе жатқанымыздың дәлелі ретінде қабылдадық.
АННОТАЦИЯ
Дворец школьников города Алматы уже более сорока лет занимается творческим и научным развитием юного поколения. Результатом этой работы являются победы казахстанских ребят в международных конкурсах и яркие выступления на фестивалях, флешмобах, выставках самого разного масштаба. За заслуги в деле воспитания и образования директор Дворца школьников Айгуль Байсымакова удостоена ордена «Құрмет», что подтверждает значимость деятельности этого известного творческого и образовательного центра.



Comments