top of page
Search

Анкарада Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші мен паркі ашылды

2022 жылы 29 желтоқсанда Анкарада Қазақстанның Тәуелсіздік күні мен қазақтың белгілі ағартушысы, түркітанушы-ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, Анкара қаласындағы Етимесгут муниципалитетінде Ұлт ұстазының ескерткіші мен паркі салтанатты түрде ашылды. ҚР ҒЖБМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Аталған шараға Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Етимесгут муниципалитетінің әкімі Енвер Демирел, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, ҚР Сыртқы істер министрінің өкілі Хасан Баджажы, Анкарадағы түркітілдес мемлекеттер Елшіліктерінің өкілдері, ТҮРКСОЙ өкілдері, «YDA» холдинг басқарма төрағасы Хусейн Арслан, Қазақстан мәдениет және сауда орталығының төрағасы Ғанимет Қайсаұлы, Қазақстан мәдениет және сауда орталығы төрағасының орынбасары және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Түркиядағы өкілі Ержан Уәйіс, зиялы қауым, қазақ диаспорасы және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Елші Е.Сәпиев Қазақстанның Тәуелсіздік күні мен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы саябақ пен ескерткіштің ашылуына үлес қосқан Етимесгут муниципалитетінің төрағасы Енвер Демирелге және қызметкерлеріне, «YDA» холдинг басқарма төрағасы Хусейн Арсланға, Астана қаласы әкімдігіне алғысын білдірді.

1991 жылы 16 желтоқсанда бауырлас Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындағанын және Қазақстанның шетелдегі алғашқы елшілігі Түркияда ашылғанын атап өтті. Сонымен қатар ол биыл Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуымен құттықтап, екі елдің тарихы, мәдениеті және діні бір бауырлас мемлекет екеніне тоқталып өтті.

Биыл ЮНЕСКО-ның шешімімен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы халықаралық тұрғыда аталып өткенін, осы ретте Елшілік тарапынан да көптеген маңызды іс-шаралардың өткізілгенін, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқына ғана емес, күллі түрік халықтарына ортақ тұлға екенін, ол Қазақстанның болашағы үшін ғана емес, түркі әлемінің азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен тұлға екенін баяндады.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен бауырлас Түркия елінде, Анкара қаласында қазақ халқының аяулы перзенті, түркітанушы-ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының еңселі ескерткіші мен паркінің ашылу салтанатымен қатысушыларды құттықтады.

Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші тарихтағы асылдарымызға жасалған тағзым, тағылымы мол игі бастама екенін, осыған орай Түркия еліне зор ризашылығын білдіретінін жеткізді.

Етимесгут муниципалитетінің төрағасы Енвер Демирел өзінің сөзінде түркі әлеміне еңбегі сіңген ұлы тұлға, ғалым және түрколог Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай, Ұлт ұстазына арналған ескерткіш пен парктің ашылу салтанатын өткізу муниципалитет үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.

Түркия астанасы Анкара қаласында Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы паркінің және ескерткішінің ашылуы бауырлас қазақ және түрік халықтарының мәдени-гуманитарлық қатынастарының алдағы уақытта да тұрақты дамуының көрсеткіші болып табылады.




Comments


bottom of page