Астанадағы мектепке дейінгі тәрбиемен қамту: қазіргі ахуал және болашағы
- Лаура Алеуханова

- Dec 21, 2025
- 4 min read

Астана қаласында мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру – білім беру жүйесінің басым бағыттарының бірі. Қала халқының өсуіне байланысты балабақшадағы орын тапшылығы мәселесін шешу, сапалы білім беру қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ инклюзивті білім беру жағдайларын жасау мақсатында кешенді шаралар қабылдануда.
Елордада 653 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, жобалық қуаттылығы – 69 501, оның ішінде 66 281 бала тәрбиеленуде; мемлекеттік – 99, жобалық қуаты – 29 368, оның ішінде 30 566 бала; жекеменшік – 551, жобалық қуаты – 39 298, оның ішінде 34 883 бала; ведомстволық – 3, жобалық қуаты – 835, оның ішінде 832 бала тәрбиеленуде.
2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту – 88,4%.
2025 жылға мақсатты көрсеткіш Қазақстан Республикасы бойынша – 95%, ал Астана қаласы бойынша – 93,3%.
Бұл үшін бірқатар шаралар жоспарланған: жаңа балабақшалар салу, қосымша орындар ашу, шағын орталықтар ашу және ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу.
Қаламыздағы мектепке дейінгі ұйымдарды кезең-кезеңімен іске қосу жоспарына сәйкес 2027 жылға дейін 20 317 жаңа орын ашу жоспарланған (2025 жыл – 10 317 орын, 2026 жыл – 5000 орын, 2027 жыл – 5000 орын).
Анықтама: 2024 жылы 11 325 орындық 158 мектепке дейінгі ұйым ашылды (125 орындық 1 мемлекеттік балабақшаның корпусы, 157 жекеменшік ұйымда 9033 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды, 2167 орын жұмыс істеп тұрған мемлекеттік балабақшаларда қосымша ашылды).
Жыл басынан бері 1400-ге жуық жаңа орын жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда ашылды.

Айта кету керек, 2017 жылдан бастап қалада мемлекеттік балабақшалар салынбаған.
Мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын шешу үшін 3000 орындық 10 мемлекеттік балабақшаның құрылысы басталды (2029 жылға дейін жергілікті бюджет есебінен). Қазіргі уақытта 5 балабақша құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 2 балабақша ашылуға дайын («Нұра» ауданы, Әйтеке би көшесі 1, «Есіл» ауданы, Пригородный тұрғын алабы, Е697 көшесі). Қалған 3 балабақша 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда («Алматы» ауданы, А123 г.м. Ильинка көшесі, Сырым батыр және Қожаберген жырау көшесі, «Нұра» даңғылы, «Элингтон» даңғылы).
2025 жылдың қыркүйек айында қолданысқа беру жоспарланған 600 орындық 2 балабақша:
– № 43 «Қызғалдақ» бөбекжай-балабақшасы жанындағы № 99 «Бүлдіршін» филиалы (Әйтеке би көшесі, 1)
– № 95 «Алматы» бөбекжай-балабақшасы жанындағы № 100 «Көркем» филиалы (Е-522 көшесі, 5/1 учаскесі, Пригородный тұрғын алабында).
Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай ашылатын бұл 2 мемлекеттік балабақша балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды ұлғайту жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Жаңадан салынып жатқан балабақшалардың артықшылығы – ескі жобаларға қарағанда, мемлекеттік стандартқа сай оқу-тәрбие бағдарламасынан бөлек, балаларды жан-жақты дамыту мақсатында тіл, математика, логикалық ойындар, робототехника, шығармашылық, ерте жастан дамыту, сурет, мүсіндеу, музыка, театр, спорт секцияларын ұйымдастыратын қосымша ғимараттармен жабдықталған. Жаңа балабақшалардың оқыту тілі сұранысқа сәйкес мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілінде жүргізілетін болады.
Аталған балабақшаларда ерте кәсіптік бағдар беру Республикалық пилоттық жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.

Бұл жоба бүлдіршіндерді ерте жастан бастап кәсіпке үйретуді және ойын арқылы негізгі бағыттарын түсіндіруді көздейді.Осы жоба арқылы балалар ай сайын әр мамандықпен таныса отырып, «Кәсіптер әлемін» аша біледі.
Жобаның мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың ерте кәсіби бағдарын қалыптастыру болып табылады. Егер мектеп жасына дейінгі балаларды ересектердің кәсіби қызметімен таныстыра отырып, мамандыққа қажетті құралдарды таныстырса, онда баланың болашақта өзінің кәсіби мамандағын таңдай білуге жағдай жасалады.
Жалпы жобаның жұмысы мектеп жасына дейінгі балалардың кәсіптер туралы ерте түсініктерін дамыту үшін психологиялық-педагогикалық жағдайлар жасауға, танымдық қызығушылықты қалыптастыруға, ересектердің кәсіптік және еңбек қызметімен таныстыру саласында олардың ой-өресін кеңейтуге бағытталатын болады. Мәселен, омарташы мамандығымен танысу тақырыбын алсақ, балаларға тиісті тапсырмалар, яғни балаларға омарташы мамандығы туралы алғашқы түсініктеме беріледі. Ол ақпарат балаларға омарташы болуға деген қызығушылық пен тілектің дамуына, белгілі бір көзқарас пен түсініктің қалыптасуына ықпал етеді. Еңбек адамдарына деген құрмет пен сүйіспеншіліктің артуына тәрбиелейді. Сондай-ақ аралар табиғаттың бір бөлігі болып табылатынын және олар табиғатты сақтауға, экожүйедегі тепе-таңдікті сақтауға көмектесетіні туралы ақпарат беріледі. Ара шаруашылығы өнімдері әртүрлі ауруларды емдеу үшін дәстүрлі және заманауи медицинада қолданылатын тиімді қауіпсіз дәрілердің көзі болып табылатыны туралы түсіндіріледі. Бұл ерте кәсіби бағдарды қалыптастыру жолындағы бір мысал болып табылады.
Сондай-ақ арнайы білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау, инклюзивтік бағытты дамыту мүмкіндіктері толық қарастырылған.

Жалпы қаламыздағы барлық мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті білім беру бағыты бойынша бірнеше жұмыстар атқарылуда. Атап айтатын болсақ, балабақшаларда жыл сайын ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасау, қажет мамандармен қаматамасыз ету, бейімді орта құру сияқты жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, жалпы білім беретін балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинеттерін жоспарлы түрде ашу жүзеге асырылуда. Мәселен, 2020 жылдан бастап 34 мемлекеттік балабақшада инклюзивті қолдау кабинеттері ашылып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу және арнайы бағдарламалар арқылы түзету жұмыстары жүргізілуде. Инклюзивті қолдау кабнеттерінде 200 астам бала қамтылған. Жоспарға сәйкес аталған кабинеттерді барлық мемлекеттік балабақшаларда ашу көзделген. Аталған кабинеттерді жаңадан ашылатын 2 балабақшада ашу да жоспарланған.
Аталған іс-шараларды іске асыру кезектілікті азайтуға және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына мектепке дейінгі білімге қолжетімділікті кеңейтуге ықпал етеді.
Астана қаласы үшін қосымша мектепке дейінгі ұйымдардың ашылуы – балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету мәселесін шешуде маңызды рөл атқарады. Әсіресе, белгілі бір жеңілдік санаттары қарастырылған отбасылардан шыққан балалардың мектепке дейінгі ұйымдарға орналасу мүмкіндіктерін қарастырады. Ваучерлік қаржыландыру жүйесі ваучер алу кезектілігін 21 санат бойынша қарастырады.
Ваучерлік қаржыландыру жүйесі ең алдымен балабақшадан орын алу қажеттілігі басым азаматтарды анықтауға мүмкіндік береді. Жоғарыда көрсетілген кезектіліктің 21 түрі азаматтардың жеңілдік санаттарына қарай жіктеліп, ваучер алу құқығының басымдылығын айқындайды. Олардың ішіне: әскери қызметкерлердің, құқық қорғау қызметкерлерінің, арнайы орган қызметкерлерінің балалары, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, ата-анасының бірінде мүгедектігі бар балалар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары, көпбалалы отбасындағы балалар, педагогтердің, медициналық қызметкерлердің балалары, егіз балалар сияқты жеңілдік санаттары кіреді.
Көрсетілген жеңілдік санаттары ваучер алу кезінде басымдылыққа ие болады.
Ваучерлік қаржыландыру жүйесінің бекітілген тәртібіне сәйкес 2 балабақша алдымен Балабақшалар тізіміне енгізілетін болады. Әрі қарай «INDIGO-электрондық балабақша» порталында пайда болған сәттен бастап, ваучері бар ата-аналарға «күту парағы» арқылы ауысу немесе таңдау құқығы беріледі.
Лаура АЛЕУХАНОВА,
Астана қаласы Білім басқармасы мектепке
дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің басшысы
АННОТАЦИЯ
Лаура Алеуханова, руководитель отдела дошкольного воспитания и обучения Управления образования г. Астаны, раскрывает темы повышения охвата детей дошкольной подготовкой, обеспечения доступа к качественным образовательным услугам, создания условий инклюзивного образования, решения проблемы дефицита мест в детских садах.



Comments