top of page
Search

Асхат Аймағамбетов біліктілікті арттыру бағдарламаларын жаңартуды тапсырды


Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтердің біліктілігін арттыру ісінде басым бағыттар жаңартылатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Біліктілікті арттыу жұмысындағы басымдықтарды өзгерту керек. Бұл айдан анық. Біріншіден, соңғы жылдары пән бойынша курстар өте аз өткізілді. Көбінесе біз әдістеме бойынша, басқа курстарды өткіздік. Бірақ пән бойынша курстар өте аз өткізілді. Сондықтан қазір бізден педагогтер пән бойынша курстар өткізуімізді сұрап отыр», - деді министр ведомствоның аппарат мәжілісінде.


Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов біліктілікті арттыру бағдарламасын жаңартып отыру керектігін ескертті.


«5 жылда бір рет қана өткізілетін ақысыз курстармен мұғалімдерді толық қамти алмай отырмыз. Сондықтан бұл мәселені де шешуіміз керек. Жаңа ғана әріптестеріміз айтты, бағдарламаларды толығымен жаңарту керек. Бір бағдарламамен бірнеше жыл жұмыс істеуге болмайды. Онлайн тізілімді қалыптастырып, барлық бағдарламаларды орналастыру қажет. Ол мұғалімдерге де жалпы қоғамға да қолжетімді болуы керек. Нені үйретіп жатқанымызды, қандай бағдарламалармен үйреніп жатқанымызды білуге мүмкіндік болуы тиіс», - деді ведомство басшысы.


Министр қашықтан оқыту бойынша жиналған тәжірибені біліктілікті арттыру ісінде пайдалануға болатынын айтады.


«Пандемия жағдайында бұл тәсілге бейімделіп қалдық. Кейбір курстарды мүмкіндігінше қашықтан өткізу өте маңызды. Курс өткеннен кейін де педагогтерге қолдау көрсету қажет. Директорларға арналған және цифрлық сауаттылықты арттыру үшін арнайы курстарды жүргізу бойынша тапсырма бердік. Осы жұмысты да белсенді жүргізуіміз керек», - деді жиынды қорытындылаған Асхат Аймағамбетов.


Аталған шарада докторанттарды дайындауда жауапсыздық танытқан рецензенттер диссертациялық кеңес жұмысынан шеттетілетіні айтылды.


Бұған дейін хабарлағанымыздай, Асхат Аймағамбетов ғылыми дәреже қорғаушылардан диссертацияның қазақ тіліндегі нұсқасы талап етілетінін айтқан болатын.


Автор: Есімжан Нақтыбай


#Білім #ҚР Білім және ғылым министрлігі

Comments


bottom of page