Ақтөбе облысының шағын жинақты мектептерінің балалары үшін математика, физика, химия, биология және ағылшын тілі пәндері бойынша алғашқы сынақ онлайн-сабақтар өткізілді. 12 тірек мектептің үздік педагогтері өңірдің 36 магнитті мектебіне онлайн-сабақтар жүргізді, «Современное образование» журналы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жекелеген пәндер бойынша қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру «Цифрлы технологияларды пайдаланып Ақтөбе облысының тірек және шағын жинақты ауыл мектептерінде жекелеген пәндерді қашықтан оқытуды ұйымдастыру»жобасы шеңберінде іске асырылуда.
Жобаны іске асыру үшін Ақтөбе облысының жетекші шағын жинақты мектептері анықталды. Аталған мектептер жоғары жылдамдықты интернетке қосылған және цифрлық оқу жабдықтарымен қамтамасыз етілген.
«Жоба шағын жинақты мектептердің балаларына мектептің негізгі пәндері бойынша сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Жобамен Ақтөбе облысының ШЖМ 66%-ы қамтылады. Алтынсарин академиясы жобаның әдістемелік сүйемелдеуін қамтамасыз етіп келеді», – деп атап өтті Алтынсарин академиясының Ауыл мектептерін және шағын жинақты мектептерді дамыту зертханасының меңгерушісі Алмагүл Мұқышева.
Жобаны іске асырудың мақсаты – ауылдың шағын жинақты мектептерінің білім алушылары үшін сапалы білімге қол жеткізуді қамтамасыз ету.
コメント