ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кезекті отырысында Білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Осы тақырып бойынша оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндама жасады.
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгіленген басымдықтарға, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес дайындалғанын атап өтті. Тұжырымдаманы әзірлемес бұрын түрлі халықаралық зерттеулер, талдаулар жүргізіліп, сарапшылар мен педагогикалық қауымдастық арасындағы талқылаулар ұйымдастырылды.
Оқу-ағарту министрінің айтуынша, құжатта ведомство құзыреттілігі бойынша 6 бағыт, 17 индикатор және 109 іс-шара көзделген.
А. Аймағамбетов негізгі бағыттарға тоқтала келе, бірінші кезекте балаларды ерте дамыту туралы айтып берді.
«Білім саласының ең маңызды деңгейі – балабақша. Зерттеулерге сәйкес, баланың интеллектуалды, әлеуметтік, эмоциялық, физиологиялық дамуына балабақшалардың әсері орасан зор. Сол себепті балаларды ерте дамытудың жаңа моделі енгізілуде. Бағдарлама да, оқыту әдістері да түбегейлі өзгеруде. Бұл тәуелсіздік жылдарынан бастағанда мектепке дейінгі білім жүйесіндегі ең үлкен өзгерістің бірі», — деді А. Аймағамбетов.
Оның айтуынша, бұға дейін балалар 20 минуттан сабақ оқыса, енді халықаралық тәжірибені ескере отырып, тәрбие мен оқыту балалардың жас ерекшедіктеріне сәйкес, ойын арқылы жүргізіледі.
Ойын – баланың жаны мен тәніне сай келетін табиғи әрекет. Бала сол арқылы қоршаған әлемді зерттеп, оны тани отырып, қажетті дағдыларын дамытады. Яғни баланың тұтас дамуы үшін барлық жағдайлар қарастырылады. Балалар коммуникативті, өзіне сенімді, қиындықтарға төзімді, дендері сау, ашық және креативті ойлайтын, отансүйгіштік, еңбекқорлық пен білімге құштарлық құндылықтарын бойына сіңіріп балабақшадан тәрбиеленіп шығатын болады.
Сонымен қатар оқу-ағарту министрі балабақшалардың қолжетімділігі мен сапасы мәселесіне тоқталды.
Оның айтуынша, 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету үшін, жаңа балабақшарар ашылады, мемлекеттік тапсырысты жекеменшік балабақшаларға орналастыру жұмыстары жалғасады.
«Мемлекет басшысынаң тапсырмасына сәйкес тәрбиешілердің жүктемесі азайып, жалақысы көбейтіледі. Тәрбиешілердің біліктілігін арттыру және аттестаттау жұмыстары ұйымдастырылады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тағы да қосымша кешенді шаралар қарастырылды», — деді А. Аймағамбетов.
Орта білім берудегі өзекті мәселе – білім мазмұны мен білім сапасы. Бұл ретте оқу-ағарту министрі 2016 жылдан 2021 жылға дейін мектептер жаңартылған бағдарламаларға көшкенін атап өтті. Критериалды бағалау жүйесі енгізілді.
Мониторингтік зерттеулерге сәйкес, жекелеген пәндер бойынша оқу бағдарламалары, жетілдіруді қажет етеді. Қазір жұмыс тобы құрылды, жаңа мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламалары әзірленуде.
Мектептерге кезең-кезеңмен академиялық автономия берілетін болады.
«Білім беру сапасын сырттай, тәуелсіз бағалау жүйесі енгізіледі, мектептердің аттестаттау жүйесі репрессивті мазмұннан, диагностикалық бағытқа ауысады, мектептегі қорытынды бағалаудың нәтижесін халықаралық деңгейде тану бойынша жұмыстар жүргізіледі», — деді А. Аймағамбетов.
Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру жөнінде тапсырма берді.
Ұлттық жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 800 мыңнан астам оқушы орны беріледі, бұл үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін толығымен шешеді.
«Жаңа мектептер үшін құрылыс пен жарақтандырудың ең жоғары, заманауи және бірыңғай стандарттары қолданылады. Келесі жылы бұрын-соңды болмаған көлемде мектептердің құрылысы басталады. Мысалы, ендігі жылы, Алматы қаласы бойынша әкімдікпен бірге жаңа 20 мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, сәйкесінше 2024 жылы Алматыда 80 мың орын салынып проблема толығымен шешіледі», — деді А. Аймағамбетов.
Оның айтуынша, Астана қаласы бойынша да осындай жоспарлар бар.
Білім саласындағы қызметтерді цифрландыру
Оқу-ағарту министрі білім беру жүйесінде цифрландыруды енгізу мәселелері бойынша бірінші кезекте мектепке дейінгі білім беру мәселелеріне назар аударды.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда балабақшаларға кезек цифрлық форматқа көшірілді. Өңірлер деңгейінде кезекке қою үшін 44 ақпараттық жүйе пайдаланылады, бұл кезектің қайталануына және балабақшалардағы орындардың нақты қажеттілігі туралы бірыңғай мониторинг пен деректердің болмауына әкеледі.
«Осы мәселені шешу мақсатында орталықтандырылған балабақшаларға бірыңғай кезек енгізіледі. Бұл балабақшалардағы кезекке тұруды, берілген жолдамаларды бақылауға, орындарды бөлу кезінде тәуекелдерді болдырмауға мүмкіндік береді», — деді А. Аймағамбетов.
Оның айтуынша, әр педагогтің цифрлық портфолиосы енгізіледі, онда оның аттестациясы, жұмысқа қабылдау рәсімі, конкурстарға қатысуы туралы ақпарат ұсынылады.
Сондай-ақ мектептердегі оқулықтарды таңдау мен мониторингтеу цифрлық форматқа көшіріледі.
«Аттестаттар мен дипломдар QR-кодпен цифрлық форматта беріледі, әр оқушының да цифрлық профилі енгізіледі. Ең қажетті қызметтер толығымен Egov пен ірі банктердің мобильді қосымшаларында қолжетімді болады. Колледждерде білім беру бағдарламаларының бірыңғай электрондық тізілімі жасалады, сондай-ақ студенттің профилі (академиялық жетістіктері, әлеуметтік GPA, құзыреттер картасы) қалыптастырылады және QR-кодты генерациялай отырып, цифрлық дипломдар беріледі», — деді А. Аймағамбетов.
Маңызды бағыттардың бірі ерекше балаларды қолдау болып табылады.
Оқу-ағарту министрінің айтуынша, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес елімізде тағы 33 ПМПК және 23 түзету кабинеті ашылады.
«Осы жылдан бастап түзету және қолдау көрсету үшін мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Ол мұқтаж балаларға тең білім беру қызметтерін алуға қолжетімділікті кеңейтуге көмектеседі. Аутизм спектрі бұзылған балалармен жұмыс істеу үшін заманауи әдістері әзірленіп, мамандар қайта даярлаудан өтеді», — деп баяндады А. Аймағамбетов.
Оның айтуынша, есту, көру, сөйлеу қабілеті бұзылған, психикасы бұзылған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған елімізде 98 арнайы мектеп-интернат бар. Оларға қажетті жабдық сатып алынады.
Сонымен қатар мектептің Үлгілік штаттарына педагог-ассистенттер қосылды. Бұның арқасында мыңдаған ерекше балақайлар мектептерде тең оқуға мүмкіндік алды. Бұл бағыттағы жұмыс балабақшалар деңгейінде де ұйымдастырылады.
Оқу-ағарту министрі Тұжырымдамада тәрбиенің, адами құндылықтардың, отбасылық тәрбиенің маңыздылығы ерекше орын алатынын атап өтті.
Ұлы ойшыл Әл-Фараби айтқандай «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы».
Оқыту барысында «Құндылықтарға негізделген білім беру» тәсілі қолданылады.
Сондай-ақ білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, ұлттық мұраны қастерлеу, бір-бірімен сыйластық пен ынтымақтастық, мейірімділік пен қамқорлық, мемлекеттік мүдделені қорғауға дайын болу сияқты негізгі құндылықтар негізінде «Толық адам» ұлттық тәрбие моделі іске асырылады.
Оқу-ғарту министрі үйірмелермен балаларды қамту білім беру саласы үшін маңызды екенін атап өтті. Бүгінгі таңда қамту 70% құрайды.
Оқушылар сарайлары, жас техниктер станциялары, музыка және өнер мектептері, балалар технопарктері ашылды.
«Білім беру ұйымдарында пікірталас қозғалысы, мектеп және студенттік өзін-өзі басқару белсенді дамып келеді. Бұл балалардың сыни және аналитикалық ойлау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Дебат қозғалысын және мектептердің парламенттерін барлық мектептерде дамытамыз», — деді А. Аймағамбетов.
Оның айтуынша, білім беру ұйымдарында шахматты дамытуға қолдау көрсетіледі.
Ол қазір факультатив ретінде 28 мыңға жуық балаға арналған 654 мектепте енгізілді. Ал мектептердегі шахмат секцияларда 200 мыңнан астам бала қамтылды.
Федерациямен осы бағытта жұмыс істеу, яғни оқу-әдістемелік құралдарды дайындау, жаттықтырушылар мен педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша жұмыс жүргізіледі.
Балаларды кітап оқуға баулу жұмыстары жүйелі түрле ұйымдастырылады.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы іске асырылады.
«Соңғы екі жылда мектеп кітапханаларына 3,6 млн. дана балалар көркем әдебиеті сатып алынды, оның 71%-ы мемлекеттік тілде. Бұл керемет жоба», — деді А. Аймағамбетов.
Одан әрі көркем әдебиет қоры жаңартылады, әсіресе қазақ тіліндегі ғылыми-фантастикалық әдебиетпен, танымдық әдебиетпен қамтамасыз ету жұмысы жалғасады.
Оқу-ағарту министрі педагог мәртебесі мәселесіне ерекше назар аударды.
«Бүгінгі таңда біз «Педагог мәртебесі туралы» Заңның оң әсерін көріп отырмыз. Президенттің қолдауының арқасында педагогтердің жалақысы ұлғайтылды және 2023 жылғы қаңтардан бастап тағы 25%-ға артады», — деді А. Аймағамбетов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, мұғалімдердің кәсіби құзыреттін арттыруға ерекше назар аударылады.
2021 жылдан бастап педагогикалық жұмысқа тұру үшін сертификаттау енгізілді. Яғни диплом жұмысқа тұру үшін, енді жеткіліксіз, міндетті түрде өз пәні және әдістеме бойынша тестілеуден өту қажет.
2023 жылдан бастап біліктілікті арттыру курстарынан өту кезеңділігі өзгертіледі. Енді ол 5 жылда 1 рет емес 3 жылда бір рет болады. Курстардың мазмұны да, табиғаты да өзгеруде.
«Директорлардың кадрлық резерві қалыптасады, білім беру ұйымдарының директорларын ротациялау тетігін іске асыру жалғасады. Білікті кадрларды дайындау және біліктілігін арттыру үшін «Педагог» жаңа кәсіби стандарты енгізіледі», — деді А. Аймағамбетов.
Балалардың құқықтарын қорғауға қатысты, оқу-ағарту министрі жетім балаларды қолдау үшін отбасылық құрылымның баламалы нысаны – кәсіби отбасы институты енгізілетінін айтты.
Мектептегі психологиялық қызметтердің рөлі артады. Педагог-психологтердің әдістемелік құралдарының бірыңғай стандарттары енгізіледі. Мектеп пен ата-аналардың өзара қатынасы, қамқоршылық кеңестерінің жұмысы жаңғыртылады.
Балалардың дамуы үшін сапалы тамақтану ерекше маңызға ие.
Бұл ретте ведомство басшысы балаларды тамақпен қамтамасыз ету нормативтері, ас мәзірі қайта қаралатынын атап өтті.
Бастауыш сыныптарының оқушыларына бір мезгіл ыстық тамақ беру бойынша жұмыс жалғасады.
Асханаларда қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйелері, тағамдардың сапасын бақылау онлайн жүйесі еңгізіледі, асханалардың материалдық техникалық базасы жаңартылады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастар жүмысшы мамандықтар бойынша 100% қамтылады. Биыл гранттар саны ұлғайтылып, рекордтық 128 мың орынды құрады. Енді студенттерге бір емес үш құзыреттілікке дейін алып шығу мүмкіндігі берілді», — деді А. Аймағамбетов.
Биылдан бастап колледждерге академиялық дербестік берілді. Бұл шара кадрларды даярлау сапасын арттыруға толығымен мүмкіндік берді.
Лицензиялауды құзыреттіліктер емес мамандықтар бойынша беру жоспарлануда.
Инфрақұрылымды, кадрлық әлеуетті тиімді пайдалану және білім беру сапасын арттыру үшін колледждерді бейіндеу және ірілендіру көзделген.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз баяндамасында бүгінгі күні жоғары білім саласында ұстанып отырған саясат тікелей мемлекеттік мүддемен ұштасатынын, сондай-ақ ұлттық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталғанын атап өтті.
Оның айтуынша, Тұжырымдама жоғары білім жүйесін дамытудың жеті басым бағытын қамтиды.
Бірінші, жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту.
«Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) талапкердің оқу жетістіктері мен әлеуметтік жағдайын ескеретін көрсеткіштер бойынша жетілдіріледі. Аталған тәсіл грант бағасы жүйесіне (30%дан 100%-ға дейін) дифференциация енгізуде де қолданылатын болады. Білім алушыларға 2-3%-дық жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктері де жоспарланып отыр», — деді С. Нұрбек.
Оның сөзінше, тығыз қоныстанған және жаңадан құрылған (Абай, Ұлытау, Жетісу) облыстарының талапкерлеріне грант бөлу жалғасады.
Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін университеттермен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі жетілдірілетін болады.
Тұжырымдаманың екінші бағыты кадр даярлауды алдын ала болжау моделіне көшу болады
«Бұл форсайттық-болжау негізінде өңір мен экономика салаларына қажетті жаңа кәсіптерге сұраныс пен кадр даярлау жүйесін тиімді ұштастыру болып табылады. Осы ретте мемлекет пен бизнестің, университеттердің күш-жігері біріктіріледі», — деді С. Нұрбек.
Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, қазіргі уақытта «Жаңа мамандықтар атласы» жасалды. Осы ретте өңірлік стандарттар әзірленетін болады. Бұл Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасына енген «Мамандығым – болашағым» жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Осылайша тиімді кәсіби бағдарды жүргізу де кадрларды даярлауда алдын ала болжау моделін дамытуға мүмкіндік береді.
Үшінші – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мазмұнын жаңарту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру
Ведомство басшсының айтуынша, университеттердің академиялық дербестігін арттыру бойынша саясат жалғасады. Жаһандық білім беру бағдарламалары әзірленетін болады.
«Бизнес және индустрия өкілдерімен тығыз байланыста ғылыми жобалар әзірлеу көзделуде. Өңірлік деңгейдегі құзырет орталықтарын құру жұмысы жалғасады», — деді С. Нұрбек.
Оның айтуынша, қолданбалы бакалавриатта мамандар даярлау апробациядан өтуде. Нәтижесінде осы бастаманы заңнамалық тұрғыдан бекіту жоспарлануда.
Сонымен қатар, биыл бекітілген «Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру)» тұжырымдамасы аясында студенттерге қосымша микроквалификация немесе нанодәреже алу мүмкіндіктері қарастырылған.
«Жоғары білім саласындағы маңызды бағыттардың бірі – педагог мамандарды даярлаудың сапасын арттыру. Осы ретте педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеуден өткізу стандартын әзірлеу. Заманауи талаптарға сай кәсіби құндылықтарын анықтайтын педагогтың құзіреттілік шеңбері мен кәсіби стандарты әзірленуде», — деді С. Нұрбек.
Сондай-ақ «Жайлы мектеп» жобасы аясында болашақ мектептер үшін 100 000 мұғалімді даярлау жоспарлануда.
Алдымызда педагогикалық білімнің тұжырымдамасын қайта өзектендіру, университет оқытушыларын «Болашақ» бағдарламасы арқылы тағылымдамадан өткізу мен цифрлық және жаңа технологияларды кеңінен қолдану міндеттері тұр.
Төртінші – жоғары білімді цифрландыру
«Осы бағытта біз ауқымды жұмысты атқарудамыз. Мәселен, оқытудың жаңа формасы – онлайн оқыту енгізілді. Бұл студенттің цифрлық бейінін қалыптастыруды, яғни student life track, EdTech цифрлық сервистерін дамытуды, цифрландырудың озық трендтеріне сәйкес процестерді оңтайландыру мен цифрлық экожүйені қалыптастыруды көздейді», — деді С. Нұрбек.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Coursera, EdX тағы да басқа онлайн курстарының ауқымы кеңейтілді.
Басқарудың және білім берудің қызметінің сапасын арттыру мақсатында «Цифрлық университеттің эталондық стандарты» әзірленетін болады.
Сонымен қатар, жоғары білімді цифрлық тұрғыдан трансформациялау мақсатында «цифрлық офицер» (CDО) лауазымын енгізу тетіктерін жалғастырамыз.
Бесінші бағыт – университеттердің басқару жүйесін жетілдіру
Бұл бағыт аясында Ректорлар кеңесінің жұмысын жаңа тұрғыдан жандандыруды қарастырылуда.
«Басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыру Сингапурлық талант-менеджмент (talent management) үлгісінде жүзеге асыру жоспарлануда. Жұмыс берушілердің, бизнес-құрылымдар, кәсіптік және қоғамдық бірлестіктер, өңірлік әкімдіктер өкілдерін корпоративтік басқаруға кеңінен тарту жұмысы да жалғасын табады», — деді С. Нұрбек.
Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, жоғарғы білім саласындағы топ-менеджерлердің біліктілігін үнемі арттыру мақсатында форсайт-сессиялар, курстар басталады.
Университеттер ішінен шыққан талантты, көшбасшылық қасиеттері бар менеджерлер резервін құру жұмысы да жүргізіледі.
Институционалдық инвесторларды тарту және басқару жүйесін дамыту үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, «Нысаналы капитал қорлары туралы» Заң жобасының тұжырымдамасы пысықталуда.
«ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңына университеттердің профессорлық-оқытушы құрамы мен ғалымдарын әлеуметтік қолдау пакеті бойынша өзгерістер енгізілетін болады», — деді С. Нұрбек.
Алтыншы бағыт – жоғары білім беруді интернационалдандыру
Саясат Нұрбектің атап өтуінше, қазақстандық жоғары оқу орындарының экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту үшін филиалдар ашу шаралары жалғасады.
«Жоғары білім берудің бірыңғай Орталық Азия кеңістігін құру жөніндегі жұмыс жалғасады. Әріптестермен бірлесіп Қазақстан платформасында Орталық Азия елдерінің өзара іс-қимылын үйлестіретін Бюро құру мәселесі пысықталуда. Жоғары білім беруді интернационалдандырудағы барлық бастамалар Қазақстанның «Жібек жолы» халықаралық жобасы аясында жалғасын табады», — деді С. Нұрбек.
Жетінші бағыт – сапаны қамтамасыз ету жүйесін енгізу
Ғылым және жоғары білім министрінің хабарлауынша, мемлекеттік бақылауды сапаны қамтамасыз ету жүйесімен үйлестіру процесі басталды. Бұл «таза парақтан» жаңа реттеу саясатының тәсілдеріне сәйкестендіру.
«Қазіргі уақытта жоғары білім беру саласындағы реттеуші 62 актілерді қайта қарау бойынша жұмыстар жүргізілуде, сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесін (Система управления рисками) бағалау критерийлері әзірленді. Бұл жүйе автоматтандырылатын болады», — деді С. Нұрбек.
Сонымен қатар ол жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының тізілімін, аккредиттеу органдарының тізілімін, аккредиттелген жоғары оқу орындарының тізілімін сондай-ақ олардың рейтингтері мен тексеру көрсеткіштерін Ұлттық білім деректерінің қорымен интеграциялау жоспарланып отырғанын атап өтті.
«Бұл іс-шаралардың нәтижесі адамдардың араласу факторын болдырмауға, тексерулерден профилактикалық іс-шараларға көшуге, тек келеңсіз жағдайлар кездесетін жоғары оқу орындарына ғана назар аударуға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді С. Нұрбек.
ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің хабарлауынша, бүгінгі күні еліміздің 7 мыңнан астам мемлекеттік мектептердің 7 078-і Интернет желісіне қосылған. Оның 5 122-сі ауылдық, ал 1 956-сы қалалық мектеп. Интернетке қосылмаған 20 мектептің 15-і ауылдық, ал бесеуі қалалық мектеп.
«Халықаралық электр байланыс одағының талабына сәйкес оқушы саны 400-ден астам мектептерге интернет жылдамдығы 20 оқушыға секундына кем дегенде 1 Мб болуы тиіс. Біздің талдауымыз көрсеткендей, 6414 мектепте жылдамдық (7078-дің 90,61%) ХЭБО-ның талаптарына сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта 664 мектепте Интернет жылдамдығы аталған талаптарға сәйкес келеді», — деді Б.Мусин.
Ал 2 810 мектеп осы талапқа сәйкес келмесе де, олар орналасқан елді мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілері бар.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің айутынша, осыған байланысты әкімдіктер аталған мектептерде Интернет жылдамдығын арттыру үшін қаражат бөліп, тиісті жұмыстарды жүргізуі қажет.
Бұған қоса, 266 мектеп орналасқан елді мекенде талшықты-оптикалық желі салу қажет.
Сондай-ақ 2 784 мектепте талшықты-оптикалық немесе радио-релейлік байланыс желілерінің болмауы салдарынан, интернет жылдамдығын арттыру мүмкіндігі мүлдем жоқ.
«Ал шалғай орналасқан ауылдық жерлердегі 574 мектеп үшін байланыс желілерін спутниктік технологияларды пайдалана отырып ұйымдастырылатын болады», — деді Б. Мусин.
Мектептерді сапалы Интернетпен қамтамасыз ету үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі келесі шараларды қабылдауды ұсынады:
ЖАО 2023 жылдың тамызына дейін Халықаралық электр байланыс одағының талабына сәйкес 2 810 мектептегі Интернет жылдамдығын арттыру және елді мекен ішіндегі 266 мектепке дейін талшықты оптика желісін құруды қамтамасыз етуі қажет;
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс операторларымен бірлесіп, 2024 жылдың соңына дейін 2 764 мектептегі трансмиссияларды талшықты оптика немесе радиорелелік байланыс желілеріне ауыстырып, шалғайдағы 574 мектепті спутниктік байланыспен қамтамасыз еттетін болады;
Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жоба аясында жаңа мектептерге қойылатын басты талап – талшықты-оптикалық байланыс болуы қажет. Бүгінгі таңда мектептердің көбісі интернетке қосылған. Алайда, сол мектептер ішінде локальді немесе Wi-Fi желісінің болмауынан оқушылар Интернетке қосыла алмай зардап шегуде.
Сол себепті, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мектептерде бұл мәселені локальді желі мен Wi-Fi нүктелерін ұйымдастыру арқылы кешенді шешу тәсілін ұсынып отыр.
«Кіру нүктесі 200 құрылғының жұмысын бір уақытта қамтамасыз етіп, барлық оқу бөлмелері мен зертханаларда және мектеп ауласына дейін Wi-Fi желісін қамтуы тиіс. Баяндалғанды ескере отырып, Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп 2023 жылдың соңына дейін мектептерге арналған локальді және Wi-Fi желілердің стандартты талаптарын, жұмыс тәртібі мен топологияларын бекіту ұсынылады», — деді Б. Мусин.
Сонымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мектептер үшін байланыс операторларының бірыңғай байланыс орталығын құруды қолға алады. Ал әкімдіктер 2023 жылдың соңына дейін әр мектеп ішінен локальді желінің болуын қамтамасыз етуі қажет.
«Ауыр рюкзактар» мен мектептердегі цифрландыру деңгейін арттыру мәселелері планшет қолдану арқылы кешенді шешімін табуы мүмкін.
Б. Мусин атап өткендей, планшеттер цифрлық оқулық ретінде немесе үйден онлайн білім алу құралы ретінде қолдануға оң әсерін тигізеді.
Мұндай әдіс бірқатар дамыған елдерде, оның ішінде Ұлыбритания, Норвегия, Оңтүстік Корея және Түркияның мектептерінде жақсы нәтижеге әкелді. Бұған қоса, оқушылар үшін шығармашылық пәндер бойынша өз контентін жасауға мүмкіндік береді. Аталған елдерде осы шешім негізінде өңірлер арасындағы «Цифрлық» теңсіздікті төмендетуге, оқушылардың рюкзактарын жеңілдетуге мақсат қойылды.
«Біздің ұсыныс – 400 мыңнан астам бірінші сынып оқушысын 2023 жылы сервистік модель арқылы планшеттермен қамтамасыз ету», — деді Б. Мусин.
Ұсынылып отырған тетіктердің бірқатар артықшылықтары бар:
Біріншіден, сервистік модельді пайдалану кезінде тікелей сатып алуға қарағанда бастауыш сыныптарда 4 жылға арналған келісімшарт сомасын бөлу есебінен бюджетке жүктеме азаяды. Бұл модель халық пен бизнес арасында телефондар мен планшеттерді сатып алу кезінде белсенді тапсырысқа ие.
Екіншіден, планшеттерді жалға беру қызметінен басқа, оқушылар үшін арнайы тарифпен мобильді интернет, планшеттердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін сервистік қызмет сатып алынады.
Үшіншіден, рұқсат етілген онлайн ресурстар тізімі, яғни «ақ интернет» қашықтан жаңартылып отырады.
Ең бастысы, шетелдік өндірістерге тәуелділікті азайту мақсатында, бұл механизм тек отандық өндірушілер үшін ғана қолжетімді болады.
Бұл ретте отандық өндеуді 3 кезеңге бөлу ұсынылады:
1-кезең – 2023 жылы планшеттерді құрастыру өндірісін ұйымдастыру, ол ҚР аумағында негізгі компоненттерді құрастыру желісін орналастыруды және одан әрі мамандар даярлауды қамтиды.
2-кезеңде жаңа мамандарды оқыту үшін жоғары оқу орындарымен және колледждермен синергия қажет.
3-кезең – планшеттерді жасау кезінде жаңа білім алуға және практикалық қолдануға бағытталған R&D жұмыстарының жиынтығын қамтуы керек. Осының арқасында ЖОО түлектері микроэлектроника саласында жұмыс істейтін болады және жаңа өнімдерді жасауға қатысады.
Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен және мобильді байланыс операторларымен бірлесіп мынадай шараларды қабылдау ұсынылады:
1) Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп осы жылдың 15 қарашасына дейін планшеттерге қойылатын негізгі талаптарды, оның ішінде интернетке қол жеткізуге арналған «ақ» сайттардың тізімін бекітілуі керек;
2) Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, оқушыларға планшеттерді сатып алу мен берудің жыл сайынғы механизмін анықтауы керек;
3) Қаржы министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, осы жылдың 1 желтоқсанына дейін сервистік модель бойынша планшеттерді сатып алу мәселесін пысықтауы керек;
4) Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі желіні қамтуды ескере отырып, байланыс операторлары арасында мектептерді интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі қызметті бөлу тетігін айқындауы керек;
5) Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс операторларымен бірлесіп, планшеттер мен интернеттің үздіксіз жұмыс істеуі үшін сервистік қызмет көрсетуді қамтамасыз етуі тиіс.
Comments