Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің, ҚР Парламенті депутаттарының, спорт мектептері педагогтарының, спортшылардың, өңірлердің бейінді басқармаларының басшылары мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен МСМ алқасының кеңейтілген отырысында спорт және дене шынықтыру саласындағы жұмыс қорытындылары мен жоспарлары талқыланды. ҚР МСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде балаларды тегін спорт секцияларымен және шығармашылық үйірмелермен қамту ұлғаяды. Аталған бағдарлама аясында былтыр 400 мың балаға жағдай жасалған болса, биыл 4 жастан 17 жасқа дейінгі 560 мыңнан астам бала тегін секциялармен және үйірмелермен қамтамасыз етіледі.
«Биыл бұл бағыттағы жұмыс күшейтіледі. Барлық өңірден 86,7 млрд теңге бөлінді. Бұл сома 560 мың баланы тегін үйірмелермен, секциялармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен 160 мыңға артық. Енді кезекте өңірлерге ұйымдастыру мәселелерін шешуді жеделдетіп, дереу жұмысқа кірісу қажет», - деп атап өтті Асхат Оралов.
Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов кәсіби спортшылардың, жаттықтырушылар мен мамандардың бірыңғай электронды деректер базасын іске қосудың маңыздылығын атап өтті. Бұл – спортшының физикалық және моральдық жағдайын, оның күшті және әлсіз жақтарын объективті бағалауға мүмкіндік береді. Деректер базасы таланттарды іздеу және дамыту бойынша жұмысты жүйелеуге және спортшылар мен жаттықтырушыларды бағалау кезінде субъективтіліктен аулақ болуға мүмкіндік береді. Сондықтан Мәдениет және спорт министрлігіне Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен серіктестікте E-sport платформасын іске қосуды жеделдету тапсырылды.
Басым міндеттердің тағы бірі – балалар арасында ұлттық спортты насихаттау. Бұдан былай «Қазақша күрес» – мемлекеттік спорттық тапсырыс шеңберінде қаржыландырылатын спорт секцияларының тізіміне енгендігін ерекше атап кеткен жөн. Бұл тізімге алдағы уақытта тоғызқұмалақ пен асық ату да кіреді.
Асхат Оралов биыл спортшыларға, жаттықтырушыларға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету, мүмкіндігі шектеулі спортшылар үшін жағдай жасау және т. б. бойынша жұмыстар жалғастырылатынын, атап айтқанда мектеп-интернаттардың жаттықтырушы-оқытушыларына санат үшін үстемақылар енгізілгенін, спорт саласындағы кәсіптер бойынша кәсіби стандарттар бекітілгенін, сала мамандары үшін біліктілік талаптарына өзгерістер енгізілетінін айтты. Одан бөлек, биыл жаттықтырушы-оқытушыларға топтарды басқарғаны және спортшыларды жоғары тұрған спорт ұйымдарына бергені үшін, сондай-ақ спорттық атақтары үшін үстемеақылар мен қосымша ақылардың жаңа түрлерін енгізу жоспарлануда.
«Мемлекет басшысы педагог мәртебесін көтеруге және жаңа жағдайлар жасауға көп көңіл бөледі. Жаңа жағдай жасау жұмыстары жалғасады», - деді министр.
Сондай-ақ, Асхат Оралов еліміздің студенттер құрамасын жақында өткен XXXI Дүниежүзілік қысқы Универсиадада (АҚШ, Лейк-Плэсид қ.) 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль жеңіп алған айтулы жеңістерімен құттықтады.
Кеңейтілген алқа отырысында сондай-ақ спорттық медицинаны жаңғырту, инновациялық технологияларды енгізу, заманауи спорттық құрал-жабдықтарды жаңарту жайы да сөз болды.
Асхат Оралов Олимпиадаға дейінгі 2023 жылдың маңызын айрықша атап өтті. Бүгінде ел спортшыларының алдында Париж-2024 ойындарына лицензия алу бойынша міндеттер тұр. Одан бөлек, биыл қыркүйекте Әлем чемпионаттары мен Ханьжоуда өтетін Азия ойындарында сәтті өнер көрсету де маңызды.
«Спортшыларды Олимпиадаға сәтті даярлау, жеңіс шыңына шығару көбінесе жаттықтырушылардың, кешенді ғылыми топтар мүшелерінің, спорт федерацияларының және басқа да құрылымдардың үйлестірілген жұмысына байланысты болады. Бұл ретте баршаңызды бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», - деді А. Оралов.
Сөзін қорытындылай келе, Мәдениет және спорт министрі дене шынықтыру мен спорт саласына адамның жасына және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан қоғамның берік бірлігіне, болашағы біртұтас ұлттың қалыптасуына, патриотизмге жүйелі тәрбиелеуде ықпал ететін перспективалы алаңдардың бірі екенін ерекше атап өтті.
Comments