top of page
Search

Батыр балалар: ҚР Оқу-ағарту министрі адам өмірін сақтап қалған оқушыларды марапаттады

Батыр балалар: ҚР Оқу-ағарту министрі адам өмірін сақтап қалған оқушыларды марапаттады. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Елордаға келген батыр балалар құрметке ие болды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ержүрек балаларды алғыс хаттармен марапаттады.

Министр қазақстандық оқушыларға көрсеткен батылдығы мен қайсарлықтары үшін алғысын білдірді.

«Адам өмірін құтқару - үлкен ерлік. Біздің мектеп оқушыларының арасында өзгелерге үлгі боларлық өжет, ержүрек, батыл балалардың бар екендігі мақтаныш. Осындай азаматтар тәрбиелегені үшін ата-аналарыңыз бен мұғалімдеріңізге алғыс айтамын», - деді Ғани Бейсембаев.

Кездесуге ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, дзюдодан әлем чемпионы Руслан Сейлханов қатысты. Батыр балалар мен олардың ата-аналарына министр Алғыс хат, энциклопедия, спорттық жабдықтар және лагерьге жолдамалар табыстады.


Естеріңізге сала кетейік, бүгін елордаға Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарынан 11 оқушы келді. Олар төтенше жағдай кезінде батыл әрекет жасап, ондаған адамның өмірін сақтап қалды.


Батыр балалардың ең кішкентайы - сегіз жасар Нұриден Амантай. Ол өрт ортасынан қарындасын аман алып шықты. Әмірхан Абай, Нұрболат Ермағамбет және Сұлтан Малқаджар суға батып бара жатқан досын құтқарса, тоғыз жасар Жансерік Әлім өрт кезінде қарындастары мен інісіне көмек көрсетті. Оразали Зиноллаев, Саян Еспул, Марал Ганиев және Нұрполат Нұркелді балаларды судан алып шықты.


Олар Астананың мәдени-демалыс орталықтарын аралап, өздері үлгі тұтатын тұлғалармен кездесті. Олардың қатарында бокстан әлем чемпионы және Қазақстан ұлттық құрамасының футболшылары бар.



Komentáře


bottom of page