Болашақ ұстаздар – Altynsarin Institute түлектері педагогтердің білімін бағалаудағы жаңалықтармен танысты. Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Өңірге жұмыс сапары аясында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтына барып, педагогикалық бағыттағы институт пен колледж түлектерімен кездесті.
Жиын барысында орталық директоры мұғалімдерді аттестациялау ережелері мен талаптарындағы негізгі өзгерістер мен жаңалықтарға тоқталды. Спикердің айтуынша, педагогтердің білімін бағалау қағидаларына (бұрын – ұлттық біліктілік тестілеу) енгізілген өзгерістер жалпы алғанда мұғалімдердің аттестациядан өту жағдайларын жақсартты.
Болашақ ұстаздар естіген жаңалықтардың бірі – мектепке дейінгі ұйымдарға арналған ПББ жаңа форматы және ЖОО түлектеріне арналған жаңа категория – «педагог- стажер».
«Ережеде жоғары оқу орнының түлектеріне кезекті біліктілік санатын беру де қарастырылған. Олар бір оқу жылына тағайындалатын «педагог-стажер» біліктілік санатына өтініш бере алады. Мамандыққа түсу бағдарламасының аяқталу нәтижелері және педагог-тәлімгердің оң ұсынысы бойынша аттестаттау комиссиясы тағылымдамадан өтуші оқытушыға «педагог» біліктілік санатын беру туралы шешім қабылдайды», - деп атап өтті Руслан Тохтарбекұлы.
Жиын қонағы өз баяндамасында аттестаттаудан өту тәртібі мәселесіне, сондай-ақ ПББ тест тапсырмаларының мазмұны мен құрылымына толығырақ тоқталды.
Айта кету керек, аттестаттау мұғалімдердің біліктілік деңгейін анықтау мақсатында өткізіледі, оның нәтижелері бойынша оларға біліктілік санаттары мен ай сайынғы үстемеақылар тағайындалады немесе бекітіледі, сондай-ақ мұғалімдерге негізгі міндеті – білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Comments