ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте «Баршаға қолжетімді сапалы білім» атты ұлттық баяндама жобасы аясында қойылған мақсаттарды орындауға бағытталған шаралар талқыланды. Оған салалық министрліктердің өкілдері, сондай-ақ ЖОО ректорлары қатысты, «Современное образование» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Стратегиялық құжат Мемлекет басшысының тапсырмасына сай әзірленген болатын. Оның басты мақсаты – еліміздегі білім сапасын арттыру. Ұлттық баяндамаға сәйкес, отандық жүйе «Білім беру – Оқыту» парадигмасынан «Білім беру – Тұлғаны қалыптастыруға» қарай ойыспақ. Бұл мақсатқа жету үшін білім беру кезеңдерінің арасында сабақтастық болуы шарт, сондай-ақ, білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі енгізілмек. Вице-премьердің сөзінше, қазір білім берудің әр деңгейінде түрлі әдіс-тәсілдер қолданылуда. Олардың барлығын бір жүйеге келтіретін уақыт келді.
«Әзірленген стандарттарға сәйкес, жалпы жүйеге талап қойылатын болады. Оның ішінде мектепке дейінгі, орта, орта-кәсіптік және жоғары білім деңгейлері бар. Қазір еліміздегі жұмыс күшінің жартысынан астамы жастар екенін ескеру керек. 6 жылдан кейін олардың үлесі 80%-ға жетеді. Сондықтан келешекте халыққа кім білім беретіні, емдейтіні, қызмет көрсететіні білім сапасына байланысты», – деді Тамара Дүйсенова.
Қазақстанда кәсіби стандарттар (жұмыс берушілер тарапынан біліктілікке қатысты қойылатын талаптар) дайындалып, енгізілуде. Вице-Премьер болашақта мемлекеттік гранттарды бөлу кезінде оқу бағдарламасын кәсіби стандарттарға сәйкестендірген оқу орындарына басымдық берілетінін атап өтті. Өз кезегінде елдегі университеттер бір-бірімен бәсекелеспей, үздік тәжірибелермен өзара бөлісу керек.
Педагог кадрларды дайындау мәселесі жөнінде Тамара Дүйсенова педагогикалық ЖОО ректорларымен бөлек кездесті. Оқу орындарының басшылары Ұлттық баяндамаға қатысты ұсыныстар мен жүзеге асыруға қатысты ойымен бөлісті.
Қазіргі уақытта Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері жанынан жұмыс топтары құрылған. Мамандар аймақтарға аттанып, білім беру ұйымдарының жай-күйін егжей-тегжейлі зерттеп, өңірлердегі білім сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленеді.
«Бұл істе білім беру саласының барлық өкілдері бірігуі тиіс деп санаймын. Үздіксіз әрі сабақтас білім беру үрдісін құру үшін балабақшалар, мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары арасында тығыз қарым-қатынас болуы маңызды. Маман дайындауда әр ЖОО әр түрлі әдістемелерді пайдаланады. Ішіндегі үздік тәжірибелер өзге оқу орындарына таратылуы қажет. Бұл мәселе біздің болашағымызға қатысты», – деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.
Comments