Монтессори педагогикасындағы жасанды интеллектінің сын-тегеуріндері мен мүмкіндіктері
- Валерия Маццетти, Международный центр Монтессори, Италия

- Jun 3
- 8 min read
Жақында Алматыда өткен AI for Education халықаралық саммитінде білім беру мен жаңа технологиялар саласындағы әлемдік сарапшылар – спикерлердің сөйлеген сөздерінің тақырыптарының өзі толқыныс тудырды, әрі оларды тікелей көріп, тыңдаудың бірегей мүмкіндігіне ие бола отырып, біз олардың педагогиканы, педагогикадағы жаңа технологияларды түсіну деңгейі қаншалықты жоғары екенін, балаларға деген қарым-қатынасының қаншалықты терең әрі ұқыпты екенін сезіндік. Сондай спикерлердің бірі Перуджадағы (Италия) әйгілі Centro Internazionale Maria Montessori – Мария Монтессори халықаралық орталығының өкілі Валерия МАЦЦЕТТИ болды. Оны 1952 жылы Мария Монтессори Перуджадағы Шетелдіктерге арналған университет жанынан оқу орталығымен қатар нағыз ғылыми-зерттеу орталығын құру мақсатында негіздеген. Орталықты алғашында Монтессоридің тікелей шәкірті Мария Антониетта Паолини, содан кейін Валерия Маццеттидің әкесі, профессор Лучано Маццетти, ал қазір доктор Симоне Павони басқарады. Валерия Маццетти саммитке Abai University тарапынан шақырылған болатын, ол бұл туралы өз сөзінде атап өтіп, алғысын білдірді. Ал біз оған осы құнды материалды ұсынғаны үшін, естуге дайын жандардың бәрімен бөлісетін дүниетанымы үшін өте ризамыз және оның баяндамасын оқырманымызға қуанышпен әрі құрметпен ұсынамыз.
Жасанды интеллект пен білім берудің түйісуі, дәлірек айтқанда – Монтессори педагогикасында ЖИ-ді қолданудың сын-қатерлері, мүмкіндіктері мен сыни аспектілері – күрделі болғанындай, өте қызықты тақырып. Монтессори орталығы әрқашан мұғалімдерді даярлауда маңызды бағдаршам болып келді. Ол бүкіл әлем бойынша: Мексикада, АҚШ-та, Жапонияда, Тайваньда, Оңтүстік Америкада педагогтарды оқытты, әлемдік деңгейдегі ғалымдармен, зерттеушілермен және мамандармен ынтымақтастықта болды. Бүгінгі таңда Мария Монтессори халықаралық орталығының қызметі үш бағыт бойынша құрылады: зерттеулер, эксперименталды жұмыстар және оқыту.
Зерттеулерге келетін болсақ, олар негізінен Мария Монтессори интуитивті түрде сезініп, жобалаған білім беру процесін оқытуға, біліктілікті арттыруға және жүзеге асыруға бағытталған. Монтессоридің педагогикалық әдісі бүгінгі күні де талқылау мен зерттеудің тақырыбы болып табылады, өйткені бұл статикалық немесе «стерильді» деп есептелмейтін, керісінше күнделікті шынайылықпен байланысты сақтай отырып, бүгінгі күнмен үйлесімде балалардың дамуы мен дербестігіне ықпал ету үшін олардың қажеттіліктеріне үздіксіз бейімделу процесі болып табылатын білім беру тәсілі.
Эксперименталды қызмет екі бағытқа шоғырланған. Жиырма жылға жуық уақыт бойы орталық «0–18 жас» білім беру жобасымен жұмыс істеп келеді. Бұл – туғаннан басталып, алдымен баланы, содан кейін жасөспірім мен жас адамды он сегіз жасқа дейін сүйемелдейтін Монтессори білім беру жобасы. Ол 2003 жылы Монтессори орталығы жанындағы мектептер желісінің негізін қалаушы, профессор Лучано Маццетти бастаған және бүгінгі күнге дейін менің жетекшілігіммен жалғасып жатқан жұмысқа негізделеді.
Қазіргі уақытта зерттеулер халықаралық топпен бірлесе отырып, өмірдің соңғы кезеңін – қарттықты қамти отырып жалғасуда.
Қысқасы, бұл жай ғана әдіс емес, бұған ең көп мұқтаж жандардың: балалар мен жасөспірімдерден бастап жастар мен қарттарға дейінгі қауымның білім алу қажеттілігіне жауап ретінде түсінілетін «өмір үшін білім беру» жобалары.
Жұмыстың үшінші және соңғы секторы – мұғалімдерді даярлау, ол екі негізгі вектормен сипатталады: бір жағынан ғылыми-техникалық, екінші жағынан – гуманитарлық және рухани.
Орталық бірқатар итальяндық және халықаралық ұйымдарда басқару және оқыту бойынша келісімдер мен шарттар жасасады.
Осылайша, біз даму көздері мен жолдарының сарқылуына жол бермеу үшін жаңа соқпақтар сала отырып, жаңа парадигмаларға негізделген инновациялық іс-шараларды құруға дайынбыз.
Негізгі тақырыпқа – білім берудегі жасанды интеллектке және нақтырақ айтқанда, оны Монтессори педагогикасында қолдану мүмкіндігіне орала отырып, бір қарағанда бұл екі әлем бір-біріне мүлдем үйлеспейтін және бір-бірінен алшақ болып көрінуі мүмкін екенін айтқым келеді.
Бір жағынан – балаға және адамдық бастауға бағытталған терең гуманистік білім беру тұжырымдамасы; екінші жағынан – көбінесе суық, автоматтандырылған және тұлғасыз ретінде қабылданатын технология. Дегенмен, дәл осы көрінеу алшақтықта ой толғау, инновация және ең бастысы, жауапкершілік үшін ерекше кеңістіктер ашылады.
Егер сіз 3-тен 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді қабылдайтын біздің «Балалар үйінің» шеберханасына көз жүгіртсеңіз, мынаны көресіз. Мұнда тыныштық. Бала үстел басында отыр, ол жалғыз жұмыс істеп жатыр. Оның жанында өзінен кішірек қыз моншақтарды жіпке тізіп жатыр, басқа бір бала математиканы «сипап сезуде». Олардың алдында жабық көзбен де ұстауға, сезуге болатын қарапайым, нақты материалдар тұр. Олар жұмыс істеп жатыр. Олар зейін қойған. Олар сөйлемейді. Олар мақұлдау іздемейді. Олар қателеседі. Тоқтайды. Қателікке қарайды. Ойланады. Өз тәсілдерін өзгертеді. Қайтадан бастайды және қайта құрады. Олардың ақыл-ойы әрекетті толық және дұрыс орындау үшін ажыратады және жалпылайды.
Және дәл осы сәтте... біреу оларды бақылап отыр. Әдетте бұл мұғалім. Бірақ бұл мұғалім де, құрдасы да болмауы мүмкін. Тіркейтін, өлшейтін, түсіндіретін жүйе болуы мүмкін.
Сонда құтылмайтын және өткір сұрақ туындайды: кім кімнен үйреніп жатыр? Жүйе балаға көмектесе ме, әлде ол бала өзі үйреніп жатқанда жай ғана бақылап тұра ма?
Біз дәл осыдан бастауымыз керек. «Бала – толтырылуы керек ыдыс емес, сіңіретін ақыл-ой» деген Мария Монтессориді еске түсірейікші. Бұл – тұжырымдайтын және ойлайтын ақыл-ой.
Біз оқыту туралы айтып отырған жоқпыз, біз оқуға арналған жағдайлар туралы айтып отырмыз. Және «қауіпті» операция жасап көрейікші: осы бейнені қазіргі уақытқа сәйкестендірейік. Бүгінде бізде адам мінез-құлқын бақылайтын, оны талдайтын, болжайтын жүйелер бар. Үйренетін жүйелер. Кейде бізден де тезірек...
Мария Монтессори технологияларға таң қалмас еді. Ақыр соңында, ол революционер болды. Ол біздің... ол «мұғалім» деп атаған баланың өзін ұмытып кететінімізге таң қалар еді.
Оның бүкіл әлемге танымал, өмірдің 0-ден 6 жасқа дейінгі кезеңін, балалық шақты анықтаған ұраны: «Мұны өзім жасауыма көмектес».
Маған көмектес... мен саған, өзімді сенен тануға, сенің күлкіңнен көрінуге мұқтажбын;
жасауыма... егер мен жасасам – мен түсінемін; егер сен, мұғалім, тым көп сөйлесең – мен аз түсінемін. Менің орныма ешкім үйрене алмайды, менің орныма ешкім дербес бола алмайды. Мария Монтессори «қол – интеллект мүшесі» дейді, яғни әрекет, жаратылыс ойдан бұрын жүреді;
өзім... Мен білім берудің мақсатымын, сіз тек менің жанымдасыз. Мен үшін кез келген пайдасыз көмек – кедергі.
Бұл поэтикалық тіркес немесе өтініш емес, бұл білім беру принципі.
Бұл: оқудан озып кетпеу, процесті алмастырмау, қателіктер санын азайтпау, басып кірмеу... бала өзін-өзі қалыптастырып жатқанда, артқы фонда, жанында қалу дегенді білдіреді.
Бұл, болашақта, бала алға ілгерілеп бара жатқанда... артта қалатын жүйелерді жобалау дегенді білдіреді.
Ал енді тағы да сол сыныпты елестетіңізші. Жүйе бақылайды. Тұспалдап айтады. Есептейді. Бала кідіреді. Және бұл кідіріс... тиімсіздік ретінде тіркеледі. Бірақ Монтессори бізге керісінше айтар еді. Бұл кідіріс – бұл ой, бұл зейін қою.
Осы тұрғыда орталық сұрақ туындайды: жасанды интеллект бұл тәсілге оның мәнін бұрмаламай кіріге ала ма?
Білім беру процесі ретінде түсінілетін Монтессори әдісі үш элементпен сипатталады: ортаны дайындау, материалдарды таңдау және мұғалімді дайындау.
Ортаның анықтамасы бірмәнді емес және әртүрлі мағыналарға ие болуы мүмкін. Ол физикалық орынды, кеңістікті, сыныпты... немесе өзінің ресурстары мен тепе-теңдігі бар табиғатты, немесе эмоцияларға әсер ететін атмосфераны, немесе өзінің технологиялары бар қоғамды білдіруі мүмкін. Білім беру тұрғысынан алғанда, орта – бұл адамның өмір сүретін және қабылдайтын барлық нәрсесі, оның сезім мүшелерінің аясына кіретін барлық нәрсе.
Мария Монтессори ортаны «жанама мұғалім» деп анықтайды, өйткені ол тұлғаға, мидың дамуына, оқуға және әлеуметтік дамуға әсер етеді. Демек, баланың өзі оны тани алуы үшін, орта баланы оның өмірінің әртүрлі кезеңдерінде «тануы» керек.
Айтқым келгені, орта бейтарап немесе кездейсоқ емес: әрбір зат, кеңістіктегі әрбір орналасу, әрбір деталь нақты педагогикалық мақсаттарға жауап береді. Ол ретті, қолжетімді, балаға пропорционалды және эстетикалық тұрғыдан үйлесімді болуы керек, өйткені бала тек мазмұн арқылы ғана емес, сонымен бірге кеңістікте болудың бүкіл тәжірибесі арқылы да үйренеді. Жақсы дайындалған орта дербестікке, зейін қоюға және жауапкершілік сезіміне ықпал етеді: бала материалдарды қайдан табуға болатынын, оларды қалай қолдануды және қайда жинау керектігін біледі, осылайша тәуелсіздік пен ішкі тәртіпті дамытады. Ортаны дайындау міндеті оның сәулетшісі, режиссеры және сақтаушысы болып табылатын мұғалімге жүктеледі.
Тек дайындалған орта ғана жеткіліксіз – оның ішінде баланың айналысатын ісі болуы керек. Мария Монтессори дамуға арналған сенсорлық материалды әзірледі, оны ол «үнсіз мұғалім» деп атайды. Ол заттардың қасиеттерін, математиканы, тілді, табиғатты сенсорлық зерттеуге қатысты, бұл баланың логикалық-математикалық ойлау жүйесін қалыптастырып, оған алдымен қоғамның, содан кейін әлемнің бір бөлігі болуға мүмкіндік береді, әлемді түсінуге және оны жақсырақ бейімделу үшін өзгертуге құралдар береді.
Материалдың кейбір сипаттамаларын қысқаша атап өтейін:
· сезімдер арқылы үйренуді жеңілдету үшін бір қасиетті (салмағы, пішіні, түсі, өлшемі) оқшаулау;
· ересек адамның тікелей араласуынсыз баланың қатені өзі тани алуы үшін қатені өзі түзеуі;
· материалдандырылған абстракциялардан тұруы;
· ажырату (талдау) және жалпылау (синтез) жүргізуге мүмкіндік беруі.
Бұл – біздің миымыздың шынайылықта әрекет ете отырып, күн сайын орындайтын жұмысы.
Мұндай қондырғы іргелі идеяны көрсетеді: бала ортамен белсенді әрекеттесу арқылы өзінің жеке білімін құрады. Бұл тұрғыда мұғалім тек ақпаратты беруші емес, оқудың стихиялы және маңызды түрде пайда болуы үшін жағдай жасайды.
Басқаша айтқанда, нағыз сын-қатер – жаңа құралдарды енгізуде емес, тіпті цифрлық құралдардың да мүмкіндігінше «Монтессори материалдары» сияқты әрекет етуінде: мөлдір, инвазивті емес, дербестікке бағытталған және баланың жолын – бағыттамай-ақ – қолдауға қабілетті болуында.
Монтессори әдісінің үшінші сипаттамасы – мұғалім, оның рөлі дәстүрлі трансляциялық педагогикадан айтарлықтай ерекшеленеді. Ол білімнің негізгі көзі ретінде сахнаның ортасында тұрмайды, баланың өсу жолында оны сүйемелдейтін тәлімгер, сыпайы және саналы қатысушы рөлін атқарады.
Бұл перспективаның өзгеруі радикалды: мұғалім баланың ақыл-ойын «толтырмайды», баланың өзі үйренуі үшін жағдай жасайды. Күнделікті бақылау арқылы ол әр баланың қажеттіліктерін, қызығушылықтарын, қарқыны мен әлеуетін ұғынады, тек қажет болған жағдайда және барынша қысқа түрде араласады.
Мұғалім материалдарды дәлдікпен және ұқыптылықпен ұсынады, бірақ содан кейін тәуелсіз зерттеуге орын қалдырып, кейін шегінеді. Бұл «артқа қадам жасау» – жоқ болу емес, педагогикалық қатысудың жоғары түрі: ол балаға деген сенімді білдіреді. Көргеніміздей, Монтессори мұғалімі – бұл басқармай бағдарлайтын, алмастырмай қолдайтын, басып кірмей бақылайтын қатысушы. Және дәл осы көрінбейтіндей көрінетін, бірақ терең құрылымдайтын нәзіктік шынайы әрі берік оқуды мүмкін етеді. Бұл көрінбейтін режиссурасыз баланың дербестігі бағдарсыздыққа айналу қаупін тудырар еді.
Егер біз бұл рөлді жасанды интеллект тақырыбымен байланыстырсақ, талқылауға жатпайтын бір сәт анық көрінеді: педагогикалық жетекшілікті жасанды жүйемен алмастыру мүмкін емес. ЖИ қолдауды, кеңестерді, талдау функцияларын ұсына алады, бірақ ол педагогикалық түйсікті, эмпатияны және ересек адам мен бала арасында құрылатын тірі байланысты қайталай алмайды.
Білім берудегі жасанды интеллект туралы айтқанда, біз өзімізге қоятын бірінші сұрақ «технология не істей алады?» емес, «біз оқытудың қандай идеясын қолдағымыз келеді?» болуы керек.
Технология балаға қызмет етуі керек, керісінше емес. Жасанды интеллект Монтессори әдісі контекстінде ешқашан «жаңа мұғалім» немесе нақты тәжірибені алмастырушы ретінде қарастырылмауы керек, керісінше көрінбейтін қолдау механизмі ретінде қарастырылуы тиіс. Ең пайдалы сұрақ «ол педагогтың немесе материалдардың орнына не істей алады?» емес, «ол әдісте жұмыс істеп тұрған нәрсені қалай күшейте алады?» болуы керек.
Бұл перспективада оның құндылығы ең алдымен жанама түрде көрінеді.
Біріншіден, ол тәлімгердің бақылау жұмысын қолдай алады. Монтессори әдісінде бақылау іргелі болып табылады, бірақ ол уақытты, жүйелілікті және жадыны талап етеді. ЖИ педагогикалық бақылауды қолдай алады. Деректерді талдау арқылы мұғалімдерге оқу жолдары туралы құрылымды қорытындылар беруге болады, бұл оларға басқаша жағдайда назардан тыс қалуы мүмкін заңдылықтарды ұғынуға көмектеседі. Бұл мағынада ЖИ педагогтың орнын баспайды, оның бақылау қабілетін кеңейтеді.
Ол сондай-ақ педагогикалық құжаттамада пайдалы болуы мүмкін. Монтессори әдісі нәтижеге қарағанда процесті көбірек бағалайды, бірақ бұл процестерді құжаттандыру күрделі. ЖИ бақылауларды ұйымдастыруға, баяндау есептерін жасауға, оқу жолдарын, соның ішінде отбасылар үшін де көрінетін етуге көмектесе алады.
Жасанды интеллект оқуды жекешелендіру үшін қуатты технологияларды ұсынады. Бейімделгіш жүйелер балалардың жеке ілгерілеуін талдай алады және Монтессори әдісінің іргелі принциптерінің бірі: «баланың соңынан еруді» сақтай отырып, олардың қажеттіліктеріне сәйкес дәлденген қызмет түрлерін ұсына алады.
Демек, бұл ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар (соңғы жылдары олардың саны айтарлықтай артып келеді) үшін ортаның қолжетімділігін кеңейте алады. Бейімделгіш қосымшалар мен жекешелендірілген бағыттардың инклюзивті интерфейстері олар үшін жаңа көкжиектер ашады, бұл процеске тең дәрежеде қатысуға мүмкіндік береді.
Басқа мүмкін болатын қолданыс педагогтарды даярлауға қатысты. Цифрлық алгоритмдер дидактикалық рефлексияны қолдай алады, кейстерді, симуляцияларды ұсына алады немесе күрделі білім беру жағдайларын талдауға көмектесе алады. Бұл мағынада ЖИ бала үшін тікелей құрал емес, ересек адам үшін метакогнитивті құралға айналады.
Тағы бір перспективалы сала байытылған оқу орталарын құруға қатысты. Интеллектуалды жүйелер тәжірибені симуляциялай алады, интерактивті сценарийлерді ұсына алады немесе зерттеу қызметін қолдай алады, бұл баланың қызығушылығын – Монтессори пайымының орталық элементін – тірі сақтайды.
Қорытындылай келе, біз оны әдістің табиғатын өзгерту үшін емес, оны педагог үшін неғұрлым саналы, бақыланатын және тұрақты ету үшін пайдалана аламыз. Бұл технология сахна артында жұмыс істей отырып, ересек адамға баланы тікелей тәжірибе арқылы үйренудің іргелі құқығынан ешқашан айырмай, одан да мұқият тәлімгер болуға көмектеседі.
Қорытындылай келе, біз технология мен педагогиканың бірін таңдамауымыз керек. Біз оларды қалай диалогқа түсіру керектігін таңдауымыз керек. Өйткені білім берудің болашағы жасанды интеллектпен емес, біз оны қолдана білетін педагогикалық интеллектпен анықталады. Технологиялық тұрғыдан барған сайын интеллектуалды болып бара жатқан әлемде, нағыз сын-қатер терең адамгершілікті сақтап қалу болмақ. Және, бәлкім, дәл осы жерде Монтессори педагогикасының жасанды интеллектке үйретері әлі де бар шығар.
АННОТАЦИЯ
Жасанды интеллектінің «суық» алгоритмдері мен Монтессоридің гуманистік әдісі арасында үйлесім болуы мүмкін бе? Перуджадағы Мария Монтессори атындағы халықаралық орталықтың сарапшысы Валерия Маццетти мұғалімнің орнын баспайтын, керісінше баланың дамуын бақылау мүмкіндіктерін кеңейтетін «көрінбейтін көмекші» ретіндегі жасанды интеллект әлеуетіне назар аударады. Мұнда білім беруді жекешелендіру мен инклюзияны қолдау тетіктері аңызға айналған педагогиканың: «Мұны өзім жасауыма көмектес» деген басты қағидасы тұрғысынан қарастырылған.
Возможна ли гармония между «холодными» алгоритмами и гуманистическим методом Монтессори? В центре внимания эксперта Международного центра Марии Монтессори в Перудже Валерии Маццетти – потенциал искусственного интеллекта как невидимого помощника, который не подменяет собой учителя, а расширяет границы наблюдения за ребенком. Рассматриваются пути персонализации обучения и поддержки инклюзии через призму главного принципа легендарной педагогики: «Помоги мне сделать это самому».



Comments