top of page
Search

Гонконг Қазақстанға бакалавриатта оқуға гранттар бөледі

Гонконгқа жұмыс сапары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Гонконгтың білім хатшысы Чой Юклинмен және бірнеше жоғары оқу орындарының басшылығымен кездесті, «Современное образование» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.


Министр Гонконгтың оқу гранттарын бөлу туралы және Қазақстанда гонконгтық жоғары оқу орнының филиалын ашу туралы бірқатар келісімдерге қол қойды.


Гонконгтың білім хатшысымен кездесуде министр Саясат Нұрбек Қазақстанның жоғары білім және ғылым жүйесін дамыту мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі жүргізіп жатқан реформалар туралы айтты. Оның ішінде «Болашақ» және «500 ғалым» бағдарламалары, Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы.


Өз кезегінде, Чой Юклин министрді Гонконгтың білім беру жүйесімен таныстырды. Тараптар ғылым және жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен тереңдетуді талқылады.


Кездесудің қорытындысы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Гонконг білім бюросы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Келісім шеңберінде тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастықты көтермелеуге және ілгерілетуге, қазақстандық оқушыларға бакалавриатта оқуға гранттар бөлуге, ғалымдар, сарапшылар, студенттер, ЖОО профессор-оқытушылар құрамы және т. б. алмасуға жәрдемдесуге уағдаласты.


Сол күні, Саясат Нұрбек Hong Kong Polytechnic University (PolyU) президенті профессор Jin-Guang Teng-пен кездесу өткізді. Университет әлемдегі ең үздік оқу орындарының қатарына кіреді. Тараптар түрлі салалардағы ынтымақтастық туралы жемісті пікірталастар өткізді. PolyU басшысы университеттің негізгі жетістіктері туралы айтып, қазақстандық студенттердің дайындық деңгейі мен үлгерімін жоғары бағалады. Профессор елімізде осы ЖОО филиалын ашу мүмкіндігіне жоғары қызығушылық танытты.


City University of Hong Kong (CityU) сапары барысында ҚР ҒЖБМ мен университет арасында Стратегиялық әріптестік орнату бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес тараптар таланттар мен институционалдық ынтымақтастықты дамытуға, білім алмасуды кеңейтуге және Гонконг пен Қазақстан арасындағы мәдени өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететін бастамаларды зерделейді. Сондай-ақ, Қазақстанда CityU филиалын ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.


«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және жоғары білім министрлігінің алдына Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу міндетін қойып отыр. Осы мақсатта ҚР Үкіметі ынтымақтастық географиясын кеңейту үшін жағдай жасауда. Біз CityU-мен стратегиялық ынтымақтастық орнатуға қуаныштымыз. Өзара түсіністік туралы Меморандум Қазақстан мен Гонконг арасындағы білім беру байланыстарын нығайтады, тәжірибе алмасуды жеңілдетеді және зерттеулер мен таланттарды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Өз кезегінде, провост және университет Президентінің орынбасары, профессор Chun-Sing Lее келісім өзара мүдделі жобаларда ғылыми-зерттеу ынтымақтастықты ынталандырады деп атап өтті.


«Біз жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірінің қарсаңында тұрғандықтан, біз Қазақстанның жоғары оқу орындарымен серіктестіктің жаңа мүмкіндігіне қуаныштымыз және мақтанамыз», – деп атап өтті Chun-Sing Lee.

Сонымен қатар, министр Саясат Нұрбек Гонконгта оқитын қазақстандық студенттермен кездесті. Ол ғылым және жоғары білім саласындағы инновациялар туралы айтып, осы өзгерістерге белсенді қатысуға шақырды.


Саясат Нұрбек ҚР Президенті Қ.Қ. Тоқаевтың техникалық бағыттағы мамандардың сапасы мен санын арттыру жөніндегі тапсырмасына тыңдаушылардың назарын ерекше аударды. Министрдің айтуынша, шетелдік жетекші техникалық жоғары оқу орындарында оқыған жас инженерлер жаңа өндірістік алаңдарда кадрлық тапшылықты бірінші болып толтыруы тиіс. Студенттер өз қызығушылықтарын білдіріп, елдің ғылымы мен жоғары білімін дамыту бойынша өз идеяларын ұсынды. Министр барлық ұсыныстарды мұқият тыңдап, назарға алды.
















Commentaires


bottom of page