Еліміздегі жоғары оқу орындарының басшыларына арналған оқу бағдарламасы басталды. Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен Қазақстандық жоғары оқу орындарының 100 басшысы Назарбаев Университетінде «Academic Leadership Institute» бағдарламасы бойынша оқуды бастады. Оқу бағдарламасын іске қосу рәсіміне министр Саясат Нұрбек қатысты.
Оқу барысында жоғары оқу орындарының басшылар құрамы – ректор, проректор, декандар және департамент директорлары өз білімдерін жаңартып, жоғары оқу орындарын тиімді басқару үшін қажетті жаңа дағдылар мен инновациялық технологияларды игереді.
«Academic Leadership Institute» бағдарламасы жаңа білім көзі ғана емес, сонымен қатар жоғары білім беруде басқарушылық инновацияларды тарату үшін кәсіпқойлардың нетворкингіне, мәселелерді талқылау және өзара әрекеттесуге арналған тамаша алаң болады», - деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ, министр өз сөзінде семинарға қатысушыларға жоғары білім беру жүйесінің халықаралық тенденциялары туралы, оған қазақстандық білім беру жүйесінің қосатын үлесі жайлы айтты. Атап айтқанда, ведомство басшысы министрлікті дамытудың сегіз негізгі бағытына тоқталып, жоғары оқу орындарының қазіргі қоғамдағы ерекше рөлін атап өтті.
Курс 9 модульден тұрады, олардың әрқайсысы университеттегі белгілі бір трансформация процестерін қамтиды. Олар: университеттердің құндылық бағдарларына және олардың қоғам үшін маңыздылығы, көшбасшылық, университет құрылымын қайта қарауға, студенттік мәселелерді шешуге және академиялық бағдарламалардың сапасын қамтамасыз ету және т.б.
Бағдарлама 2023 жылғы сәуір-қазан айлары аралығында өтеді. Оқу барысында министрлік өкілдерінің, Парламент депутаттарының, сондай-ақ жоғары білім беру саласындағы ұлттық және халықаралық сарапшылардың дәрістері тыңдалады.
Comments