top of page
Search

Жоғары оқу орындарына қош келдіңіздер!

Жоғары оқу

Жанна Есимбаева

Жаздың ортасы, қорытындысы бойынша мемлекеттік білім грантына ие болатын негізгі ҰБТ да өтті, болашақ студенттерді оқуға түсуге дайындықтарының жемісін көретін қызықты сәттер күтіп тұр. Бірақ, пәндер бойынша дайындықтан басқа, талапкерлер оқуға түсу барысында қандай кезеңдерден өтетіндігін бағамдаулары керек, сонымен қатар, әрине оқуларын аяқтау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланғаны дұрыс. Біз ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна ЕСИНБАЕВАДАН оқуға түсуге қатысты барлық ақпаратпен бөлісуін.

 

– Жанна Уақасқызы, биыл ЖОО-ға қабылдау қалай өтіп жатыр? Қабылдау форматы туралы айтып беріңізші, не өзгерді?

 

– Ағымдағы жылы жоғары оқу орындарына түсу форматы сақталды. Әдеттегідей, Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру қажет, өйткені қабылдау тек тест нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.

Ұлттық тестілеу орталығының сайтында ҰБТ-ға қатысуға өтініштерді қабылдау өткен жылдағыдай 6 мамырдан 14 мамырға дейін созылды, тестілеудің өзін 16 мамыр мен 5 шілде аралығында екі рет тапсыруға болады, грант беру конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау күндері де 13-20 шілде аралығына белгіленіп, өзгеріссіз қалды.

Бір өкініштісі, биылғы жылы су тасқынынан зардап шеккен аймақтар бар және олар үшін бұл күндердің барлығы ауыстырылды. Бұл Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары. Олар үшін ҰБТ 12 шілдеге дейін, ал конкурсқа құжаттарды қабылдау 24 шілдеге дейін созылды.

Мектеп түлектерінің саны жыл сайын артып келеді. Өткен жылы 174 404 адам болса, биыл 188 245 адам. Бұл дегеніміз, оқуға түсу конкурсы да ауқымды болып кетті, сәйкесінше талапкерлер біршама еңбекқорлық танытуы керек.

ҰБТ өтетін орындарға келетін болсақ, тестілеу бірнеше жылдан бері «UStudy» орталығымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өткізіліп келеді. ҰБТ өткізу үшін 43 орталық бар, оның ішінде 6-сы – республикалық маңызы бар қалаларда, 16-сы – облыс орталықтарында, 4-еуі – моноқалаларда, 15-сі – аудан орталықтарында және 2-еуі – ауылдарда.

Пәндер сол күйінде қалды – Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық және таңдау бойынша екі пән. Бірақ тапсырмалар санында аздаған өзгерістер бар. Оқу сауаттылығы және математикалық сауаттылық бойынша биыл 10 тапсырма, Қазақстан тарихы бойынша – 20 тапсырма, таңдау пәндері бойынша – 40 тапсырма.

Тестілеуге әлі де 4 сағат, яғни 240 минут беріледі.


– Ал шекті балдарға қатысты не айтар едіңіз?

 

– Бәрі бұрынғыдай. Талапкерлерге келесіні түсінуі маңызды: грант беру конкурсына қатысу немесе ЖОО-ға ақылы бөлімге түсу үшін ең төменгі шекті балды жинау қажет. Мысалы, оқу сауаттылығы немесе математикалық сауаттылық бойынша 10 тапсырмадан кемінде 3 балл жинау қажет. Егер талапкер аз ұпай жинайтын болса, оның студенттер қатарына қабылдануы екіталай, тек шартты түрде қабылдануы мүмкін.

Барлық 120 тест тапсырмасын орындағаннан кейін ең көбі 140 ұпай жинауға болады. Бұл тестілерде бірнеше дұрыс жауапты таңдауға, сәйкестікті анықтауға арналған тапсырмалар болады – мұндай тапсырмалар үшін сіз 2 ұпай ала аласыз.

 

– ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлердің апелляцияға беру құқығы сақталып қалды ма? Талапкерлер тестілеуде қандай қателерді жиі табады және олар әрқашан дұрыс па? Апелляцияға қалай дұрыс беруге болады?

 

– Иә, әрине, әрбір талапкердің техникалық себепке байланысты да (тест тапсырмасында мәтін, сызба, сурет немесе кесте жоқ) апелляцияға беру мүмкіндігі болады – содан кейін ол тестілеу кезінде де, сол сияқты тест тапсырмаларының мазмұны бойынша да беріледі (егер тестіленуші дұрыс жауап дұрыс жауаптар кодымен сәйкес келмейді деп санаса; дұрыс жауап болды; бір дұрыс жауапты таңдаған тапсырмада біреуден көп дұрыс жауап болды; сынақ дұрыс құрастырылмаған) – мұндай апелляция тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минуттың ішінде беріледі. Яғни, тестілеуден өткен компьютерде қалып, дереу апелляция беруіңіз керек.

Республикалық апелляциялық комиссияның отырыстары 10-15 маусым және 8-14 шілде аралығында өтеді, дәл осы күндері комиссия келіп түскен барлық өтініштерді қарайды.


Абитуриент

– Ең қызықты сұрақтардың бірі: қандай гранттарға және оларға кімдер үміттене алады? Жоғары білімнің қолжетімділігі туралы айтқан кезде, біз дәл осы мүмкіндікті меңзейміз.

 

– Иә, қолжетімділік туралы айтатын болсақ, біз ең алдымен білім беру гранттарының санын, яғни тегін оқу мүмкіндігін түсінеміз.

2024 жылы кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс 94 257 грантқа (2023 жылы – 88 204 грант) дейін ұлғайтылды, оның ішінде бакалавриатқа 78 219 грант (2023 жылы – 73 061 грант), магистратураға – 13 119, докторантураға – 2919 грант бөлінді.

Сондай-ақ жыл сайын шәкіртақы көтеріліп келеді. 2024 жылы бакалавриатта оның мөлшері 47 135 теңгені құрайды (педагогикалық мамандықта оқитын студенттер үшін – 75 600 теңге). Магистратурадағы шәкіртақы – 107 061 теңге, докторантурада – 240 000 теңге. Бірінші семестрде бірінші курс студенттерінің барлығы шәкіртақы алатынын, ал екінші семестрден бастап сессия қорытындысы бойынша тағайындалатынын білу керек.

Мемлекеттік білім беру гранттарынан басқа, министрлік қазір бірнеше ауқымды жобаларды пысықтауда. Солардың бірі – «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі. Бұл жүйе жинақтау мәдениетіне үйретуді қамтиды. Бес жасар балаға арнаулы шот ашқан кезде 60 АЕК мөлшерінде арнаулы бастапқы білім беру капиталы көзделеді, сондай-ақ жыл сайын мемлекеттік сыйақы есептелетін болады.

Сыйақылар мен инвестициялық кірістерді банк секторы мен сақтандыру ұйымдары дербес реттейтін болады. Бүгінгі таңда осы төлемдердің мөлшері банктер тарапынан және сақтандыру шарттары бойынша орта есеппен 12%-ды құрайды.

Жинақтау жеткілікті болған жағдайда ата-ана білім алу үшін ЖОО-ға немесе ТжКБ-ға қаражат жібере алады.

Министрлік жинақ сомасы бойынша бірқатар есеп айырысулар жүргізді. Мәселен, егер ата-ана ай сайын 2 АЕК салатын болса, 18 жылға қарай 7,5 млн теңге жинақталады. Жарналардың жиілігін ата-ана өзі шешетінін айта кету керек.

Сонымен қатар, азаматтың қалауы бойынша, бала 18 жасқа толған кезде жинақталған соманы ұлғайту үшін «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша бөлінетін қаражатты «Келешекке» аудару мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ биылғы жылы біз пилоттық режимде оқу ақысын 50% өтейтін сараланған гранттар жүйесін енгізіп жатырмыз.

Яғни, егер грант сомасы шамамен 1 миллион теңгені құраса, онда біз жартысын – 500 мың теңгені жабуды ұсынамыз, ал қалған 500 мың теңгені студенттің өзі төлейді немесе демеушілік қаражат есебінен иә болмаса қазір жеңілдетілген білім беру кредитін беру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Мұндай гранттар үлкен конкурсқа байланысты мемлекеттік білім грантын ұтып ала алмаған, бірақ ҰБТ-ның қорытындысы бойынша өте жоғары нәтижеге жеткен үміткерлерге арналған. Биылғы жылы 300 сараланған грант бөлінеді және олар педагогикалық ғылымдар, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпаратты таңдаған студенттерге ұсынылады.

Сараланған гранттарды беру жөніндегі шешімді Республикалық конкурстық комиссия қабылдайды. Өтініш берушілерге қосымша ештеңе тапсырудың қажеті жоқ, бүкіл рәсім автоматтандырылған.

Биылғы жылы халқы тығыз орналасқан, жаңадан құрылған және батыс өңірлерінен келген жастардың жоғары оқу орындарында білім алуы үшін 5 мың грант бөлінді, оның ішінде Маңғыстау облысына – 2000 грант, Атырау облысына – 1500 грант, Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарына, Түркістан және Шымкент қалаларына – 300-ден грант бөлінді.

Өткен жылы осы бағдарлама бойынша біз тек төрт бағыт бойынша студенттерді қабылдадық, биыл одан көп студентті қабылдаймыз – педагогикалық ғылымдар, бизнес, менеджмент және құқық, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикадан басқа, олардың қатарына өнер, әлеуметтік ғылымдар, инженерия, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы.

Көптеген жылдар бойы «Серпін» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба бойынша гранттар мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінің 5 пайызын құрайды, яғни биыл – 3903 грант. Жоба оңтүстік өңірлерден келген балаларды Солтүстік және Орталық Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқытуға арналған. Бұл олардың квота аясында тегін білім алуына таптырмас мүмкіндік.

«Серпін» жобасы бойынша гранттар Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында орналасқан жоғары оқу орындарына бөлінді.

Егер білім беру бағдарламалары тұрғысынан айтатын болсақ, бұл педагогика ғылымдарына – 2513 грант, АКТ-ға – 384 грант, инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына – 934, ауыл шаруашылығы мен биоресурстарға – 72 грант бөлінді.

Биыл алғаш рет «Серпін» жобасы бойынша біз оңтүстік өңірлер колледждерінің түлектеріне мемлекеттік тапсырыс қарастырдық, жалпы 470 грант бөлінді (300 – педагогика ғылымдарына, 80 – АҚТ және инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына, 30 – ауыл шаруашылығы мен биоресурстарға).

Жоба бойынша грантқа түскен түлектер шәкіртақы алып, жатақханамен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, «Серпін» грантын өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға дейін қысқартылғанын, ал жұмыс орындары 11 өңірге дейін кеңейтілгенін атап өткен жөн.

Колледж түлектеріне арналған бұл жобадан тыс, әрине, мемлекеттік тапсырысты да қарастырамыз, биыл ол 4297 орынды құрайды.

 

– Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылуда, олардың талапкерлеріне грант беру жағдайы қалай?

 

– Иә, Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты күшейтуде және біздің студенттерде таяу және алыс шетелдердің жетекші жоғары оқу орындарының қазақстандық филиалдарында білім алу мүмкіндігі бар. Ресей университеттерінің филиалдарында оқуға мемлекеттік тапсырыс: МИФИ, И. Губкин атындағы РМУ, М. Ломоносов атындағы ММУ және «Восход» МАИ, сондай-ақ Аризона университеті мен Хериот-Уатт университетінде оқуға 1870 көлемінде грант бөлінген.

 

– Біздің білуімізше, талапкерлер өтініш берген кезде төрт жоғары оқу орнын, төрт білім беру бағдарламасын көрсете алады. Ал олар мемлекеттік тапсырыстың қандай білім беру бағдарламаларына және қандай жоғары оқу орындарында орналастырылғанын қайдан көре алады?

 

– Иә, шынында да, конкурсқа қатысу үшін түсуші 4 ЖОО мен 4 білім беру бағдарламасының тобын таңдайды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған жоғары оқу орындарының тізбесі Министрліктің әлеуметтік желілерінде, Ұлттық тестілеу орталығының сайтында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Әділет» нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жыл сайын жарияланады.

Қазіргі уақытта биылғы жылы мемлекеттік тапсырыс орналастырылған жоғары оқу орындарының тізімі талапкерлерге Ұлттық тестілеу орталығының сайтында қолжетімді.


Қабылдау

 

– Магистратураға түсуге қандай өзгерістер енгізілді?

 

– Негізгі өзгеріс бейіндік магистратураға түсетін тұлғаларға қатысты болды – олар ОДАТ блогын тапсырудан босатылды (оқуға дайындықты анықтауға арналған тест).

Екінші жаңалық – басшы лауазымында кемінде бес жыл өтілі бар («Әділет» порталында қолжетімді лауазымдар тізіліміне сәйкес) немесе бейінді магистратураның білім беру бағдарламасының тиісті бейіні бойынша кемінде он жыл өтілі бар адамдар ЖОО-дағы әңгімелесу нәтижелері бойынша ақылы негізде қабылданады.

Мамандықтар бойынша бейінді магистратурада оқуға арналған гранттарды бөлуде айтарлықтай өзгерістер болды. Бұрын мемлекеттік тапсырыс негізінен педагогика ғылымына бағытталған болатын.

Биыл біз бизнеске, басқаруға және құқыққа мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайта отырып, гранттар санын қайта бөлдік – 230 орын; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 150 орын; инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары – 55 орын; педагогикалық ғылымдарға биыл – 50 орын, қызметтерге – 15 орын бөлінді.

Осылайша, бизнес-құрылымдарда, өнеркәсіпте жұмыс істейтін адамдар өз саласының құзыреттілігін арттыруға бағытталған бейінді магистратураның бір жылдық бағдарламасына түсе алады.

– Яғни, бейіндік магистратурада оқу мерзімі – әрқашан бір жыл? Ал ғылыми-педагогикалық магистратурада қанша жыл оқиды? Докторантураға ғылыми-педагогикалық магистратураны бітіргеннен кейін ғана түсуге бола ма?

 

– Иә, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес ғылыми-педагогикалық магистратурада оқу кемінде 120 кредитті, бейіндік білім беруде кемінде 90 кредитті құрауға тиіс. Әдетте, бейіндік магистратурада бұл 1 жылды, ғылыми-педагогикалықта – 2 жылды құрайды.

Докторантураға магистр дәрежесі бар тұлғалар қабылданады. Бейіні бойынша магистрлер бейінді докторантураға да, ғылыми-педагогикалық докторантураға да түсе алады. Тек ғылыми-педагогикалық докторантурада олар жетіспейтін кредиттерді оқуы керек.

 

– Жалпы, елімізде магистратурада тегін оқуға қандай мүмкіндіктер бар?

 

– Ғылыми-педагогикалық магистратурада оқуға мемлекеттік тапсырыс биыл 12 504 грантты, бейіндікте – 500 грантты құрайды. Сондай-ақ, Ресейдің жоғары оқу орындары – МИФИ және ММУ филиалдарында оқуға 70 грант, Назарбаев Университетінде оқуға 495 грант (оның ішінде шетелдік азаматтар үшін) және шәкіртақылық бағдарлама бойынша шетелдік студенттерге 50 грант беріледі.

Білім беру бағдарламалары бойынша ғылыми-педагогикалық және бейіндік магистратурада оқуға гранттарды бөлу:

– инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары – тиісінше 3347 және 55;

– педагогикалық ғылымдар – 3227 және 50;

– жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – ғылыми-педагогикалық магистратурада 1265 орын;

– ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 1235 және 150;

– бизнес, басқару және құқық – 845 және 230;

– өнер және гуманитарлық ғылымдар – 590;

– әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат – 490;

– ауыл шаруашылығы және биоресурстар – 460;

– ветеринария – 230;

– қызметтер – 315 және 15.

 

– КТ ҰБТ-мен бірдей форматта өткізіледі ме?

 

– Кешенді тестілеу республикалық маңызы бар қалаларда және облыс орталықтарында компьютерлік форматта өткізіледі және оның нәтижелері бойынша электрондық сертификат беріледі.

ҰБТ сияқты, КТ тапсырған кезде техникалық себептер бойынша да, тест тапсырмаларының мазмұны бойынша да апелляция беруге болады.


 – Докторантурада тегін оқуға кім үміткер бола алады? Биылғы қабылдау процесінде гранттар мен жалпы оқуға түсуге қатысты өзгерістер бар ма?

 

– Биылғы жылы ғылыми-педагогикалық докторантураға бекітілген мемлекеттік тапсырыс 2919 орынды құрайды. Сондай-ақ, 94 грантты Назарбаев Университеті ұсынады, ал 10 орын шәкіртақылық бағдарлама бойынша оқуға түсетін шетелдік студенттерге арналған.

Докторантураға түсу үшін міндетті түрде шет тілін меңгеру және тілді меңгергенді растайтын сертификаттар болуы керек.

Осы жылдан бастап TOEIC және Duolingo English Test сертификаттары қабылданатындығын, яғни үміткерлерге ыңғайлы болу үшін берілген сертификаттар тізімінің кеңейтілгендігін айта кету керек.

Бакалавриатта да, магистратура мен докторантурада да біз мемлекеттік тапсырыстың үлес салмағын талдауын Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынатын еңбек нарығының талаптарына сәйкес сақтайтынымызды ерекше атап өткім келеді. Бакалавриатта техникалық бағыттарға, инженерлік, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға баса назар аударылады. Магистратура мен докторантурада бұл инженерлік мамандықтар және педагогика. Биылғы жылы инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына докторантурада 450 гранттық орын, педагогика ғылымдарына – 361 орын бар. Сондай-ақ жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға – 259, өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 198, бизнес, басқару және құқыққа – 172, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға – 131, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпаратқа – 123, ауыл шаруашылығы және биоресурстарға – 67, қызметтерге – 34, ветеринарияға – 20 орын бөлінген.

 

Лаборатория

– Докторантураға түсудің алдыңғы білім беру сатыларынан қандай айырмашылықтары бар екенін айтып беріңізші?

 

– Бакалавриат пен магистратурадан басты айырмашылығы – оқуға түсуші бірден өзі оқығысы келетін бір ғана университетті таңдап, сол жерге құжаттарды тапсыруы керек. ЖОО өз кезегінде білім беру салаларының сәйкестігіне, ұсынылатын сертификаттардың түпнұсқалығы мен қолданылу мерзіміне тексеру жүргізеді; оқуға түсушіні Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесінде тіркеуді сүйемелдейді; докторантураға түсу емтиханына қолжетімділікті ұсынады.

Докторантураға түсуге өтініштерді жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары 8 шілде мен 3 тамыз аралығында тікелей қабылдайды.

Одан кейін ағылшын тілінен тест және қабылдау емтиханын тапсыру керек.

Докторантураға түсу емтиханы 15 тамыздан 21 тамызға дейін өтеді және әңгімелесуден, (ең көбі 30 балл жинауға болады), мотивациялық эссе жазудан (ең көбі 20 балл) және өзінің білім беру бағдарламасының бейіні бойынша тестілеу форматындағы емтиханнан (50 балл) тұрады. Грант беру конкурсына қатысу үшін кем дегенде 75 балл жинау керек.

Магистратураға түсу 28 тамызға дейін жүзеге асырылады.

 

– Көшеде шетелдік студенттерді жиі байқауға болады. Әлемнің кез келген елінен келген жастар Қазақстанда білім ала ала ма?

 

– Жоғары білім беру жүйесінде біз мемлекеттік білім беру тапсырысына қазақстандықтарды ғана емес, шетелдік азаматтарды да қабылдау мүмкіндігін қарастырдық. Бірнеше жылдан бері бізде тегін оқуға түсуге болатын шәкіртақылық бағдарлама жұмыс істейді. Қазақстандық студенттер сияқты шәкіртақы қарастырылған.

Қабылдау сұхбат нәтижелері бойынша жүзеге асырылады және құжаттарға белгілі бір талаптар қойылады.

Жыл сайын шәкіртақылық бағдарлама бойынша 550 орын бөлінеді: бакалавриат деңгейінде 490, докторантурада 10 орын және магистратурада 50 орын. Биылғы жылы бұл бағдарламаның операторы – Жоғары білімді дамытудың ұлттық орталығы. Оқыту тегін.

Біз сондай-ақ үкіметаралық келісімдер аясында шетелдік студенттерді қабылдаймыз, мұнда елдердің елшіліктерімен жұмыс істеу керек. Біз студенттер саны бойынша тепе-теңдікті қамтамасыз ететін бірқатар елдердің алдында міндеттемелеріміз бар. Мысалы, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Моңғолия, Венгрия, Қытай, Вьетнам, Польша, Латвия және басқа елдерден студенттерді қабылдаймыз.

 

– Талапкерлерге қандай кеңестер беріп, тілектер айтар едіңіз?

 

– Болашақ студенттерге Ғылым және жоғары білім министрлігінің және Ұлттық тестілеу орталығының әлеуметтік беттерін қадағалауға, оқуға түсуге қатысты барлық жаңалықтардан хабардар болу үшін талапкерлерге арналған форумдарға қатысуға кеңес бергім келеді. Әрине, бәріне сәттілік тілеймін!


Вопросы задавал

Александр ПЕТРУХИН


 

АННОТАЦИЯ

Заместитель председателя Комитета высшего и послевузовского образования МНВО РК Жанна Есинбаева дала интервью нашему журналу о поступлении в казахстанские вузы. Выпускники школ и колледжей имеют широкие возможности для поступления по государственному образовательному заказу. Для дальнейшего повышения доступности высшего образования разработаны накопительные системы «Келешек» и «Нацфонд – детям». Успешно реализуются образовательные программы магистратуры и докторантуры. Предусмотрена возможность поступления на грант для иностранных граждан.

Comentários


bottom of page