«Заманауи білім беру» журналының жаңа санында: білім берудің барлық деңгейлері, ғалымдар мен халықаралық сарапшылар
- Редакция "СО"

- Jun 10
- 3 min read
Тоқсан сайын шығатын «Заманауи білім беру» журналының екінші саны жарық көрді. Шығарылымның негізгі тақырыбы – жасанды интеллектіні білім берудің барлық деңгейіне кіріктіру. Журнал беттерінен білім беру саласы көшбасшыларының – Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың, ҚР ҒЖБМ вице-министрлері Динара Щеглова мен Гүлзат Көбенованың, алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорларының мақалалары мен сұхбаттарын, халықаралық және қазақстандық сарапшылардың материалдарын, сондай-ақ мектепке дейінгі, мектептегі және орта кәсіптік білім беру туралы мәліметтер мен білім саласының ең жарқын жаңалықтарын оқи аласыздар.

Бұл жолы журналдың басты тұлғасы (мұқаба кейіпкері) Солтүстік Қазақстан облысының жоғары білім және ғылым орталығы – Kozybayev University болды. Аризона университетімен бірлескен су ресурстарын тұрақты пайдалану және күкіртті полимерлеу бойынша ғылыми жобалар, Қызылжар ауданында Қазақстан-Қытай аграрлық технологиялар және экспорттық даму технопаркін құрудағы Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық тобымен ынтымақтастық, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді енгізу бойынша аймақтағы кәсіпорындармен және мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс бұл оқу орнын технологиялық серпіліс пен инвестиция тартудың жарқын үлгісіне айналдырып отыр.

«Университетіміздің негізгі міндеті – өңірлік ғылыми кластерлерді, соның ішінде агроөнеркәсіптік кешен, азық-түлік қауіпсіздігі және сумен қамтамасыз ету салаларын дамыту, – дейді журналға берген сұхбатында Kozybayev University басқарма төрағасы – ректоры Ербол Исақаев. – Біз облыстың кез келген ірі кәсіпорны – агрохолдинг болсын, машина жасау зауыты болсын – Kozybayev University-ді өзінің басты ғылыми-зерттеу бөлімі ретінде көргенін қалаймыз».
Профессор Дмитрий Бериллоның жетекшілігімен қолға алынған Kozybayev University жобасы Солтүстік Қазақстан облысында су ресурстары саласындағы академиялық үздіктер орталығын құруға бағытталған. Халықаралық ғалымдар тобы ауыз суды тазарту, су қоймаларын биоремедиациялау және тасқын жағдайларын цифрлық мониторингілеудің жоғары технологиялық шешімдерін әзірлеуде. Жобаның жүзеге асырылуы экологиялық жағдай мен халықтың денсаулығын жақсартып, аймақтың агроөнеркәсіптік кешенінің тиімділігін арттырады. Дмитрий Берилломен осы жоба бастан өткеріп жатқан алғашқы кезеңдер туралы сұхбатты да осы саннан оқи аласыздар.

Университет ректоры өз студенттерін мақтанышпен тілге тиек етеді. Оның сөздерін студенттердің жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып жасаған және өңірдің түрлі ұйымдарында сәтті қолданылып жатқан инновациялық әзірлемелері дәлелдей түседі. Kozybayev University блогының үшінші материалы осы студенттерге – өңірдің IT саласының болашағына арналған.
Айта кету керек, университет жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі ұлттық жоба – AI-Sana бағдарламасын жүзеге асыруда тірек жоғары оқу орны ретінде таңдалған. Бүгінде ол үздік 10 жоғары оқу орнының қатарына кіреді және Huawei, Coursera, AstanaHub платформаларында базалық курстарды аяқтаған студенттер саны бойынша Қазақстанда бірінші орында тұр.

Шығарылымдарымызда біз ынтымақтастығымызды мақтан тұтатын түрлі қалалардағы жоғары оқу орындары туралы жарияланымдар топтамасын жалғастырамыз. Олар: Азаматтық авиация академиясы мен Абай атындағы ҚазҰПУ (Алматы), С. Сейфуллин атындағы КАТУ (Астана), Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ (Өскемен), сондай-ақ Дархан Біләлов (Назарбаев Университеті) пен Нархоз Университетінің сарапшылары өздерінің талдау материалдарын ұсынады.
Университеттер мен колледждердің бизнес-серіктестерінен де қызықты материалдар түсе бастады. Бұл санда қамқорлығымен қазақстандық жастар кәсіптік дайындықтан өтіп жатқан ұлттық алпауыт – «ҚазМұнайГаз» компаниясы және қолдауымен Алматы политехникалық колледжі студенттерді Smart-Tech саласында ең заманауи жабдықтармен оқытып жатқан Dahua Technology компаниясы сөз алды.

Қазақстанның білім беру саласындағы барған сайын кеңейіп жатқан халықаралық іс-қимылы бізге жаңа таныстықтар сыйлады. Алдыңғы санда ChangeSchool әзірлеуші компаниясының даму жөніндегі директоры Нил Маршалл университеттердегі өзгерістерді басқару туралы сұхбат берген болса, бұл шығарылымда ChangeSchool басқарушы директоры Вирен Лалл оқу үдерісіне жасанды интеллектіні кіріктірудің британдық тәжірибесі туралы айтып берді. Педагогтер үшін құнды материалдарды біз Алматыда өткен AI for Education саммитінде жинадық: әлемдік сарапшы Пэдди Макграт әрбір оқу орны үшін өзекті болып табылатын мектептегі инклюзияның толық мән-мағынасын ашып көрсетті, ал Халықаралық Мария Монтессори орталығының өкілі Валерия Маццетти ерте жастағы балалармен жұмыс істеудің осы дүниежүзілік танылған әдістемесі аясында жасанды интеллектіні қалай қолдануға болатынын түсіндірді.
Бұл шығарылымнан сіздер, сондай-ақ, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының педагогтерге жасанды интеллектіні үйретуі туралы, Астана мен Алматыдағы мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша білім беру туралы ақпараттық материалдарды таба аласыздар. Бұл айдарларда колледж және мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, Алматы қаласы Білім басқармасының Қалалық ғылыми-әдістемелік жаңа технологиялар және білім беруді талдау орталығының қызметкерлері сөз сөйлеп, өздерінің тәжірибелерімен және инновацияларымен бөліседі.
Дайындаған материалдарымыз оқырмандар үшін қызықты болады деп үміттенеміз. Білім мен ғылым саласындағы оқиғалар мен тәжірибелерді алдағы уақытта да жариялап, көрсету үшін ұсыныстар қабылдауға әрдайым ашықпыз.



Comments