top of page
Search

ИЫҰ-15 диалогтық платформасы министрлерінің бірінші кездесуі өтті

Алматы қаласында «Ислам ынтымақтастығы ұйымы-15 диалог платформасы» министрлерінің бірінші кездесуі өтті. Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Платформа мұсылман әлеміндегі ғылым, технология және инновация салаларындағы бар сын-қатерлер мен проблемаларды еңсеру үшін ұсыныстар әзірлейтін, шешімдер мен практикалық шараларды ұсынатын консультативтік-кеңесші тетік болып табылады.


Отырыс жұмысына Әзірбайжан, Камерун, Индонезия, Иран, Иордания, Малайзия, Марокко, Пәкістан, Катар, Сауд Арабиясы, Түркия, БАӘ делегациялары қатысты.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қонақтарды қарсы алып, іс-шараның жұмысын ашты. Министр қонақтарға Қазақстанның ғылымды дамыту мақсатында қабылдап жатқан шаралары туралы айтып берді.

«Бүгінгі күннің динамизмі мен табыстылығы толығымен адами ресурстардың дамуына, ғылымдағы технологиялық серпіліске және, әрине, объективті шындыққа инновациялық көзқарасқа байланысты. Бұл – Қазақстан дамуының жаңа экономикалық бағытының негізгі басымдықтарының бірі. 2022 жылдан бастап Қазақстанда ғылымды қаржыландыру 70% - ға ұлғайды, бұл ретте ғалымдар мен зерттеушілер саны 1,5 есе өсті. Ғылыми-зерттеу институттарын тікелей толық қаржыландыру және осы бюджетті өз ыңғайына қарай бөлу құқығы енгізілді. Жетекші жоғары оқу орындары мен ірі кәсіпорындардың жанынан ашылған мамандандырылған инжинирингтік орталықтар, ғылыми-технологиялық парктер қарқынды дамып келеді», - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ кездесулер барысында ИЫҰ-15 диалогтық платформасының қағидаттары мен жұмыс рәсімдері талқыланды, ИЫҰ-ға мүше елдердің және ынтымақтастық салаларының бастамалары қаралды. Әр елдің сарапшылары қорытынды құжатқа қатысы өз көзқарастарын білдірді.

«Қазақстан ИЫҰ елдерінің өзара мүддесін білдіретін ғылыми-техникалық ынтымақтастық бағдарламалары мен жобаларын қалыптастыру мен дамытуға, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге және біздің елдеріміздің ғылыми-техникалық саласында өзара тиімді диалогқа көшуге басымдық беруді жалғастыруда», - деп атап өтті қорытынды сөзінде Саясат Нұрбек.

Министрлердің бірінші кездесуінің қорытындысы бойынша «Almaty Rules and Regulations of the OIC-15 Dialogue Platform, adopted by the First Ministerial Meeting» құжаты келісілді. Келісімге делегация басшылары қол қойды.


Comentarios


bottom of page