Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінде Халықаралық форум басталды. Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.
К. Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің 85 жылдығына арналған «Жаһандық сын-қатерлер жағдайында Қазақстанның даму траекториялары» халықаралық экономикалық форумы басталды.
«Ғылым Ордасы» ғимаратында өткен панельдік сессияға ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки қатысып, министр Саясат Нұрбектің атынан құттықтау сөзін оқыды.
Министр танымал академиктің биік жетістіктері мен қайталанбас еңбектері туралы сөз қозғап, ғылым әлеміне енді ғана қадам басып келе жатқан жастар ғалымдарға үндеу арнады.
Сонымен қатар, Форум жұмысына отандық ғалымдармен қатар, Италия, Испания, Оңтүстік Корея, Венгрия сияқты елдерден белгілі шетелдік профессорлар мен ғылым докторлары, әйгілі экономистер, бизнес саласының өкілдері, университет оқытушылары, докторанттар, магистранттар, сондай-ақ академиктің көптеген шәкірттері қатысты.
Форум аясында Еуразия мен әлемдік экономиканың жаһандық динамикасы контекстіндегі Қазақстандағы экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық үдерістер талқыланады.
Сондай-ақ, форум аясында де-жаһандану немесе қайта жаһанданудан бастап адами капиталды дамытуға дейінгі бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптары бойынша 7 сессияда мәселелерді талқылау жоспарлануда.
Ауқымды іс-шара 21 сәуір күні ұлы академик және көрнекті қоғам қайраткері К.Ә. Сағадиевтің академиялық және гуманитарлық мұрасы талқыланатын үлкен дөңгелек үстелмен аяқталмақ.
Commenti