Байтұрсынов университетінің базасында машина жасау саласы бойынша ғылыми-білім беру консорциумы құрылады. Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Қостанай облысының машина жасау кластері – Қазақстан Республикасындағы ең ірі салалардың бірі. Алайда мамандардың айтуынша, бұл сала бүгінде қиын кезеңдерді бастан кешіруде, мәселен: әлемдік нарықта өзекті инновациялық технологияларды енгізуде кенже қалғанбыз; негізгі өндіріс орындарының тозығы жеткен, импортқа тәуелділік ауқымы азаймай отыр. Соның салдарынан білікті кадрлар тапшы.
Консорциумға қатысушы тараптардың ресурстары мен зияткерлік әлеуетін біріктіру кадр мәселесін шешіп қана қоймай, өндіріс пен білім беру салаларының өзара әрекеттесуін нығайтады, білім мен ғылымды, өндірісті интеграциялау арқылы Қазақстан Республикасының машина жасау саласын дамытуға ықпал етеді.
Консорциум құрамына BAITURSYNOV UNIVERSITY мен Қостанай автомобиль көлігі колледжі, Ө.А. Жолдасбеков атындағы механика және машинатану институты және облыстың ірі машина жасау кәсіпорындары – «СарыаркаАвтоПром» ЖШС, «АгромашХолдингKZ» АҚ, «KamLitKZ» ЖШС-і кірді.
Айта кету керек, университет өңірдегі Академиялық шеберлік орталығы және жұмыс істеп тұрған, сондай-ақ жаңа өндірістер үшін инженерлік кадрларды мақсатты түрде даярлайтын, сонымен қатар «Мамандығым-болашағым!» бағдарламасы аясында аймақтық кәсіптер Атласын әзірлеу бойынша базалық университет ретінде айқындалған.
Болашақта бұл жобаны жүзеге асыру университетке аймақтағы жоғары технологиялық кәсіпорындар үшін жаңа формациядағы инженер-мамандарды дайындауға мүмкіндік береді.
Ғылыми зерттеулер жүргізу, оқытушылар мен студенттердің тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру, мамандандырылған ғылыми-зерттеу институтын тарту ғылымды қажет ететін жобалар мен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыру арқылы кәсіпорындардың мәселелерін бірлесіп шешуге мүмкіндік береді.
Comentários