Егер жоғары оқу орнының сапалы білім беру үшін жеткілікті ресурстары, материалдық-техникалық базасы және оқытушылары болмаған жағдайда лицензиялары қайтарып алынады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің Telegram-каналында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Егер ЖОО-да белгілі бір бағыт бойынша сапалы білім беру үшін жеткілікті ресурстары, материалдық-техникалық базасы, оқытушылары болмаса, онда ол студенттерді оқыта алмайды. Мұндай жағдайларда біз бірден бас лицензияны емес, белгілі бір дайындық бағыты бойынша лицензияны қайтарып аламыз. Мысал ретінде болашақ мұғалімдерді даярлау бойынша айтуға болады. Егер бір жыл бұрын елімізде 86 жоғары оқу орны педагог даярлаған болса, бүгінгі таңда олардың саны 60-қа дейін қысқарды», – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар, ЖОО толық жабылған жағдайда, онда оқыған студенттер басқа оқу орындарына ауыстырылады. Бұл ретте олардың гранттары мен стипендиялары сақталады. Ақылы негізде оқыған студенттер үшін ауысып барған ЖОО-да оқу құны да бұрынғы деңгейде қалады.
«Грантта оқығандардың гранттары сақталады. Ақылы негізде оқығандар оқу ақысын бұрынғы деңгейде төлейді, кейбір ЖОО-лар тіпті оқу құнын төмендетті. Олар өздерінің білім беру траекториясы, білім беру бағдарламасы бойынша оқуын жалғастырып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы тиісті түрде жүргізіледі», – деді министр.
Автор: Руслан Ғаббасов
Commentaires