top of page
Search

Министр Саясат Нұрбек Орталық Азия елдері жоо ректорларының ІІ Форумына қатысты

Бүгін Душанбе қаласында Тәжік ұлттық университетінің қабырғасында Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындары ректорларының ІІ форумының пленарлық отырысының жұмысы басталды, «Современное образование» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Іс-шара Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының 5-ші Консультативтік кездесуі аясында ұйымдастырылды.


Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Тәжікстан Республикасының Білім және ғылым министрі Саидзода Рахим Хамро, Түрікменстанның Білім министрі Гурбангүл Атаева, Өзбекстан Республикасы Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрінің орынбасары Сарвархон Бузуркхонов, сондай-ақ Орталық Азия елдері жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.


Форумның пленарлық отырысында сөз сөйлеген министр Саясат Нұрбек Қазақстанда жоғары білім мен ғылымды дамытудың негізгі басымдықтары, оның ішінде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы айтты. Сондай-ақ, ол өңір мемлекеттерінде қазақстандық жоғары оқу орындары мен озық мектептердің филиалдарын құруға дайын екенін білдірді.


Айта кетейік, форум аясында қазақстандық жоғары оқу орындарының басшылары шетелдік әріптестермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Мысалы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Осими атындағы Тәжік техникалық университеті бірлескен факультет құруға келісті. Өзбекстанның қолдауының арқасында Әуезов университеті Чирчик қаласында Филиал ашады. Сондай-ақ, Ташкент ирригация институты Қазақ ұлттық аграрлық университетінің базасында филиал ашады.


Саясат Нұрбек өз сөзінде Қазақстанның басты бастамасы жоғары білім берудің Орталық Азия кеңістігі идеяларын ілгерілету болғанын атап өтіп, әріптес министрлерге қолдау білдіргендері үшін алғысын білдірді.


«Қазақстанның Болон процесіне қатысу тәжірибесін пайдалану сапаны қамтамасыз етудің өңірлік жүйесін құруға, еларалық кооперацияны күшейтуге, сондай-ақ өңірлік деңгейдегі университеттер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ғылыми саладағы ынтымақтастық маңызды мәселе болып табылады. Біз Орталық Азия өңіріндегі университеттер, салалық ғылыми-зерттеу институттары мен университеттік емес зерттеу орталықтары арасындағы ынтымақтастыққа, оның ішінде ғылыми зерттеулердің үйлестірілген бағдарламалары, бірлескен диссертациялық кеңестер мен ғылыми журналдар арқылы жәрдемдесуге тиіспіз», - деді министр.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі ЖББДҰО құру идеясы Болон процесінің Бақылау тобы кеңесінің 81-ші отырысында қолдау тапқанын айтты.


«Қазіргі уақытта 2024 жылы Албанияның Тирана қаласында өтетін Еуропалық жоғары білім беру кеңістігінің білім министрлері конференциясының күн тәртібіне ЖББДҰО қосу мәселесі пысықталуда. Сонымен қатар, біз Орталық Азия елдерінің білім министрлерін Жаһандық саяси форумға шақыруға бастамашылық жасадық», - деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Сөз соңында министр халықаралық алаңдарды пайдалана отырып, әріптес министрлерді бірлескен қызметті жүзеге асыруды жалғастыруға шақырды.

Форум аясында Саясат Нұрбек Тәжікстан және Түрікменстан министрлерімен, сондай-ақ Өзбекстан министрінің орынбасарымен екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобалары мен бағдарламаларын іске асыру, жоғары білім берудің Орталық Азия кеңістігін одан әрі дамыту, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, ОА елдерінің жоғары оқу орындары филиалдарының ашылуы және өзара тиімді ынтымақтастықтың басқа да аспектілері бойынша мәселелерді талқылады.








Comments


bottom of page