top of page
Search

Мұғалімдердің еңбек демалысы: Оқу-ағарту министрлігі заңнамалық база туралы ақпараттандырды

30.05.2024.


Педагогтер үшін ең маңызды әлеуметтік кепілдіктердің бірі – жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығу уақытының ұзақтығын белгілеу. Оның ұзақтығы барлық педагог үшін 56 күнтізбелік күнді құрайды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.


календарь отпуск

Педагогтерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының 2 түрі беріледі: негізгі және қосымша.


Қосымша демалыс экологиялық қолайсыз және радиациялық қаупі бар аумақтарда тұратын педагогтер үшін қарастырылған. Оның ішінде экологиялық қолайсыз аумақтарда тұратын педагогтер үшін қосымша демалыстың ұзақтығы 7 күннен 12 күнге дейінгі, ал радиациялық қауiптi аумақтарда тұратын педагогтер үшін 5 күннен 14 күнге дейінгі мерзімді құрайды. Демалыс уақытына түскен мереке күндері еңбек демалысына кірмейді. Еңбек демалысын беру кезінде нақты жұмыс істеген уақыт қана есепке алынады.


«Еңбек демалысын беру кезінде сауықтыруға арналған жәрдемақы лауазымдық жалақы мөлшерінде төленеді. Сауықтыру жәрдемақысының мөлшерін есептеу педагогтің демалыс берілген күнгі нақты жүктемесін ескере отырып, лауазымдық ақы мөлшерінде жүргізіледі, мұнда қосымша ақылар мен үстемеақылар есептелмейді», – дейді Бюджеттік жоспарлау департаментінің Еңбекақы төлеу әдіснамасы басқармасы басшысы Гүлайым Тоқпанова.

Педагог қосымша жұмысты немесе уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін өзінің негізгі жұмысынан босатылмай орындаған жағдайда бұл лауазымдарды қатар атқару болып табылады. Бұл жағдайда сауықтыруға арналған жәрдемақы педагогке негізгі лауазымы бойынша ғана төленеді. Егер педагог қосымша жұмысты лауазымдарды қоса атқару туралы жеке еңбек шарты бойынша негізгі жұмыстан бос уақытында атқарса, сауықтыруға арналған жәрдемақы негізгі жұмыс үшін де, қосымша жұмыс үшін де бөлек төленуі тиіс.

Commentaires


bottom of page