Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа тәртібін түсіндірді.
"Педагогтерді жұмысқа қабылдау қағидаларына қатысты жаңа бұйрық әділет министрлігінде тіркелді. Енді педагогтерді жұмысқа қабылдау жаңа форматта конкурс және нақты талаптар бойынша жүзеге асырылады", - деп жазды Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Министрдің сөзіне қарағанда, жаңа тәртіптің арқасында мұғалімдерді жұмысқа орналастыру шаралары ашық жүргізіледі. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азайып, меритократия, яғни, қызметке кәсіби біліктілігіне сай әділ тағайындау болады.
"Бұған дейін нақты ереже болған жоқ, яғни мектеп директоры кімді және қандай көрсеткіштер бойынша жұмысқа қабылдау керектігін өзі шешетін. Бірқатар аймақта сағаттар санын дұрыс бөлмей, үш-төрт мұғалім бір "ставкаға" қабылданған жағдайлар тіркелді", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.
Мұғалімдер жұмысқа қалай қабылданады
Жаңа тәртіпке сәйкес, білім беру ұйымдары барлық бос немесе уақытша бос лауазымдарға конкурс өткізеді. Оған біліктілік талаптарына сай келетін мұғалімдер қатысады.
Әрбір үміткер конкурсқа алдымен өтініш жібереді. Оған қоса, бағалау парағын ұсынады. Онда барлық жетістігі, нәтижелері, еңбек өтілі, әкімшілік немесе әдістемелік қызмет тәжірибесі, курстық дайындық және басқа да ақпарат көрсетіледі. Кандидат әрбір бағыт бойынша белгіленген критерийлер негізінде бағалау шкаласына сәйкес өз балдарын қояды.
Ал конкурстық комиссия өтініш берушінің өзі қойған ұпайлар мен құжаттардың сәйкестігін тексеріп, қорытынды ұпай шығарады. Соның нәтижесінде бос орынға ең көп балл жинаған үміткер қабылданады.
"Сонымен бірге бұрынғы жұмыс орнынан ұсыныс хаттар да сұратылады. Үміткер оң ұсыныс үшін 3 балл жинаса, ал теріс ұсыныс үшін 5 балл жоғалтады", - дейді министр.
Үміткердің тарапынан педагогикалық этиканы бұзу фактілері анықталса, оны автоматты түрде конкурстан шығарып тастайды. Ережеге сәйкес, үміткердің біліктілік санаты міндетті түрде болуы қажет. Жаңа тәртіп шағын жинақты мектептерге тарамайды.
Жас маманды жұмысқа бірден алмайды
Жоғары оқу орындары мен колледж түлектері бірден жұмысқа қабылданбайды. Олар диплом көрсетіп, бірден мұғалім бола алмайды. Алдымен ұлттық біліктілік тестілеуінен өтіп, педагогтің бірінші санатын алуға міндетті.
"Педагог қызметін негізгі жұмысымен қоса атқаратын мұғалімдерді бір пән бойынша 8 сағаттан аспайтын жүктемемен конкурссыз жұмысқа қабылдауға рұқсат етілетінін айта кеткен жөн. Сондай-ақ осы білім беру ұйымының мұғалімдері арасында жүктемесі 8 сағаттан аз бос орындарды үлестіруге болады", - дейді Аймағамбетов.
Осы орайда маңызды бір мәселені ескеру керек. Бір пән бойынша бос 9 немесе одан да көп сағатты жасанды түрде бөлуге болмайды.
Comments