top of page

Олжас Бектенов Президентке салаларды дамыту жұмыстарының тиімділігі туралы баяндады

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысына отандық тауар өндірушілерді, IT-секторды, әлеуметтік сала мен ғылымды қолдау шараларының нәтижелері туралы баяндады.



Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні ауқымды енгізу маңызды бағыт болып саналады. Үкімет әлеуметтік қорғау, экология, төтенше жағдайлар, өнеркәсіп салаларындағы үлкен деректер негізінде шешім қабылдауда жасанды интеллектіні пайдалануға кірісті. Биыл мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде виртуалды көмекшіні толыққанды іске қосу жоспарланып отыр. Жасанды интеллектінің алғашқы «KazLLM» тілдік моделі құрылды. Осы жылы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. «AI-Sana» бағдарламасы аясында биыл 100 мың студентке экономиканың түрлі саласына ЖИ енгізу бойынша қолданбалы дағдылар оқытылады. 20 ЖОО базасында жасанды интеллект бойынша мамандар даярлау басталды, «Болашақ» бағдарламасы бойынша жеке квота енгізілді.


Astana Hub табысты стартап-жобалар дайындайтын тиімді алаңға айналды. Бүгінде онда өнімдерін әлемнің түрлі еліне экспорттайтын 1,6 мыңға жуық IT-компания тіркелген. Сәтті мысалдардың бірі – алақан арқылы пайдаланушыларды анықтауға мүмкіндік беретін Alaqan жүйесі. Жоба 300 мектепте енгізіліп, жақында Үкімет ғимаратында орнатылды. Бірінші жартыжылдықта оны Сауд Арабиясы, Сингапур, Кувейт және тағы басқа 6 елге экспорттау жоспарлануда.


Тағы бір жасанды интеллектіге негізделген стартап – Higgsfield AI мәтіннен бейне жасайды және өңдейді. Жоба $100 млн-ға бағлаланып отыр. Балаларды бағдарламалауға үйрету бойынша Codiplay жобасы қазірдің өзінде әлемнің 13 елінің мектептерінде қолданылады, олардың қатарында Оңтүстік Корея, Түркия, Ұлыбритания, Қатар және басқалары бар. Сондай-ақ Grand Mobile, CITIX, CEREBRA, OGames, Parqour, ApartX табысты қазақстандық жобалар саналады.


Қазақстанда 217 жайлы және 200 тірек мектептерден тұратын озық мектептер желісі құрылуда. Негізгі міндет – озық тәжірибені тарату арқылы еліміздің барлық жалпы білім беру мектептерінде білім сапасын кезең-кезеңмен теңестіру. Биыл 10 жетекші технологиялық колледж құрылып, олар басқа да кәсіптік білім беру ұйымдары үшін тірек ресурстық орталықтарына айналады.


Елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 23 филиалы жұмыс істеп жатыр, олардың 5-уі өткен жылы ашылды. Биыл тағы 11 филиал ашу жоспарланған. Университеттік ғылымды дамыту және оны коммерцияландыру ісіне назар аударылуда. Сәтбаев университетінде «Қазақмыс» корпорациясының тапсырысы бойынша медицинада, электроникада және басқа да жоғары технологиялық салаларда кеңінен қолданылатын таза селен алудың жаңа әдісі әзірленді. Назарбаев университетінің базасында тірек-қимыл жүйесі зақымданған адамдарды оңалтуға арналған экзоскелет өндірісі белсенді дамуда. Қажетті сертификаттарды алғаннан кейін өндіруші Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан тапсырыстармен қамтамасыз етіледі.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page