top of page
Search

Оқу-ағарту министрлігі мен «Әділдік жолы» РҚБ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов пен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді шараларды бірлесіп әзірлеуге және ынтымақтастық туралы келісімге келді. ҚР ОАМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Екі жақ балабақшалар мен мектептердегі «жалған орындарды» бірлесіп анықтауды, білім беру ұйымдарының қаражатты пайдалануының ашықтығын қадағалауды, директорлар мен мұғалімдердің бос орындарына ашық конкурстар өткізуді және т.б. мәселе бойынша жұмыс істейтіндерін мәлімдеді.

«Мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру көлемі 500 млрд теңгеден асады, келесі жылы бұл сома айтарлықтай ұлғаяды. Ал бізге қаражаттың мақсатты және ашық жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды. Сол себепті цифрландыруды, бірыңғай кезекті, жан басына қаржыландыруды енгізіп жатырмыз. «Әділдік жолымен» бірлесіп балабақшалар, мектептер мен колледждерге мемлекеттік тапсырысты мониторингілеу жұмыстарын жүргіземіз. Сондай-ақ педагогтерді жұмысқа қабылдау мәселелері және басқа да тәуекелдер бар бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істейміз», - деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Министр білім беру саласы бойынша өңірлерге бағытталған нысаналы трансферттердің қаншалықты мақсатты жұмсалатынын қадағалау маңызды екенін атап өтті. Бұл қаражат басқа бағыттарға жұмсалмай, тек білім саласын дамытуға жұмсалуы керек.

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов та білім беру ұйымдарының қызметінде ашықтықты қамтамасыз етудің, балалардың, ата-аналардың, мұғалімдердің құқықтары мен мүдделерін сақтаудың маңызды екенін атап өтті.

«Қоғамдық бірлестік жұмысын бастағалы бірнеше жоба болды. Мысалы, мұғалімдер мен директор арасындағы қарым-қатынас, еңбек заңнамасының сақталуы, кейбір облыстарда заңсыз жұмыстан шығарылған мұғалімдер бар. Олардың құқықтарын қорғап, тегін көмек көрсетеміз және оларды сот арқылы қайтадан жұмысқа орналастырамыз. Жалпы, бұл тек сыбайлас жемқорлық проблемалары ғана емес. Біз әділеттілік мәселелерімен айналысамыз деп айта аламыз. Қазіргі уақытта бізге толық зерттеу, кейбір мәселелерді ашық қарау үшін негіздеме қажет. Меморандумға қол қою біз үшін білім беру саласындағы сапаны бақылау іс-шараларына заңды түрде қатысуымыз үшін өте маңызды. Сіздермен бірлесе отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты күшейтеміз және бұл үшін бар күш-жігерімізді саламыз», - деп айтты «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов.


Comentários


bottom of page