8.12.2023
Еліміз бойынша өткізілген «Үздік педагог-2023» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 64 педагогі өз мамандығы бойынша үздік атанды, «Современное образование» журналы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жеңімпаздарға салтанатты түрде марапаттарын табыстады.
«Мұғалім тек мамандық емес, жүректің таңдауы, жанның қалауы. Қай заманда болсын ағартушылар қоғамды ең құнды дүние – білімге жетелейтін көрнекті тұлғалар саналды. Меніңше педагогтердің жанкешті еңбегінің мәні осы. Жыл сайын біздің мұғалімдер халықаралық аренада жоғары жетістіктерге жетуде. Кеше ғана жарияланған PISA-2022 жаһандық рейтингінің нәтижелері де тікелей біздің ұстаздарымыздың еңбегінің жемісі. Бүгін біз сіздердің ағартушылық қызметтеріңіздің маңыздылығын тағы бір рет атап өту үшін жиналдық. Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен өз істеріңізге адалдықтарыңыз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін», – деді Ғани Бейсембаев.
Айта кетейік, республикалық байқау жеңімпаздары «Үздік педагог» куәлігін, «Үздік педагог» төсбелгісін және 3 450 000 теңге (1000 АЕК) көлемінде ақшалай сыйақы алды.
«Үздік педагог» конкурсы 2012 жылдан бастап өткізіліп келеді. Осы күнге дейін 624 педагог үздік деп танылып, олардың әрқайсысына мемлекеттік қолдау ретінде 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы беріледі. Биыл конкурсқа қатысу үшін барлығы 961 өтінім берілді. Конкурсты өткізу рәсімінің өзі автоматтандырылған және ашық түрде өтті. Республикалық конкурстық комиссияның құрамына үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар қауымының өкілдері, журналистер, белсенді педагогтер, Білім және ғылым қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағының өкілдері және т. б. кірді.
Comments