ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысының бірінші бөлігінде екі маңызды мәселе — білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік және оқу процесін цифрландыру қаралды. Кеңесте оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек баяндама жасады. Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Орта білім берудегі оқу процесін цифрландыруға келетін болсақ, Мемлекет басшысының оқу процесін цифрландыру аясында пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу, қажет оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру тапсырмасына сәйкес педагогтерге цифрлық оқу материалдарын тиімді пайдалануды, инновациялық тәсілдерді қолдануды үйрету, цифрлық оқу материалдарын кеңейту, мектепішілік және Ұлттық сыртқы бағалауды цифрлық форматқа көшіру, сондай-ақ мектептерді техникалық құралдармен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамту міндеттері іске асырылып келеді.
Осы бағытты нормативтік реттеу үшін Министрліктің 6 нормативтік құқықтық актілерінде нақты тиісті талаптар мен ережелер бекітілген. Аталған заңнамаларға сәйкес қазіргі таңда білім жүйесін цифрландыру жұмыстары кешенді әрі жүйелі түрде жүргізілуде.
Оқу процесін басқаруды цифрландыру мақсатында республика бойынша 7 мың мектепте электрондық журналдар мен күнделіктерді жүргізу, бағалау, үй тапсырмасын беру, жоспар қалыптастыру және қашықтан оқыту сияқты негізгі қызметтерді қамтитын білім беру платформалары (Kundelik, Білімал, EDUS және т. б.) енгізілді. Сонымен қатар бұл платформалардың оқушылар мен ұстаздарға арналған мобильді қосымшалары, аналитикалық бақылау тақталары, мектептегі ас мәзірі және онлайн біліктілікті арттыру курстары секілді қосымша қызметтері іске қосылған.
Қазіргі таңда оқулықтардың 79% цифрлық форматқа көшіріліп, мемлекеттік сараптамадан өтті және оқулықтар тізіміне кірді. Цифрлық оқулықтарды әзірлеуге еліміздің 11 баспасы тартылды. Пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу мақсатында педагогтердің пайдалануы үшін әдістемелік ұсынымдар әзірленді және осы жылы оларды оқыту жоспарланды. 2024 жылы пәндерді цифрлық оқулықтармен 100% қамту жоспарланған.
Электрондық оқулықтармен қатар мектептерде қосымша оқу материалы ретінде мультимедиалық контенті бар цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылады. Қазіргі күні 50 мыңнан аса цифрлық білім беру ресурсы жасалды. 2023 жылдың басынан бастап Цифрлық білім беру ресурстарына 6,7 мың мектеп қосылды. Бұл ресурстарды бүгінде күн сайын 3 миллионға дейін оқушы мен мұғалім қолданып келеді. Цифрлық білім ресурстарында барлық сыныптарды қамтитын 50 мыңнан аса бейнесабақ жарияланған.
Yorumlar