top of page
Search

О. Ордабаев формалды емес білім қалай танылатынын айтты

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Кәсіптік біліктілік туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктілік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының негізгі ережелерін таныстырды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Жоғарыда аталған заң жобаларын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) мүдделі мемлекеттік органдармен, жұмыскерлер өкілдері, жұмыс берушілер және бизнес өкілдерімен бірлесіп әзірледі.

Вице-министр сөз басында бұл заң жобаларын қабылдау еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің байланысын нығайтатынын, сондай-ақ жұмыс күшіне қойылатын тез өзгеретін талаптарға жауап беруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Технологиялық прогресті жеделдету және экономиканы цифрландыру Қазақстандағы еңбек ресурстарының сапасына жаңа талаптар қояды. Бұрын білім 10 жыл бойы біліктілікті арттырусыз да өзекті болған еді. Ал бүгінде көптеген мамандықтар бойынша дағдылардың өзектілігі 2 жылға ғана сақталып отырғанын айта кету керек», – деп атап көрсетті Олжас Ордабаев.

Вице-министрдің айтуынша, Ұлттық біліктілік жүйесі (бұдан әрі – ҰБЖ) келесі сұрақтарға жауап береді: Заманауи мамандар нені білуі және меңгеруі тиіс? Бұл үшін оларды не және қалай оқыту керек? Олардың кәсіптік біліктілігін қалай тануға болады?

«Бұл сұрақтарға жауаптар Ұлттық кәсіптер сыныптауышы, Ұлттық біліктілік шеңбері және оның негізінде әзірленген салалық біліктілік шеңберлері мен кәсітік стандарттар сияқты құралдардың көмегімен қалыптастырылатын болады», – деп түсіндірді ол.

Бүгінгі таңда 623 кәсіптік стандарт жұмыс істейді, олар 2689 мамандықты қамтиды. Оларда белгіленген талаптар негізінде білім беру ұйымдары білім беру бағдарламаларын әзірлейді. Осылайша, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін кадрларды даярлау қамтамасыз етіледі.

Заң жобасының маңызды жаңалығы – өз бетінше игерілген дағдыларды, сондай-ақ бейресми және ақпараттық білім беру нәтижелерін тану.

«Азаматтар тиісті орталықтарда кәсіптік біліктілігінің бар екенін растайтын құжатты ала алады және егер бұл кәсіптік стандартта көзделген болса, бұл құжатты жұмысқа орналасу кезінде білім туралы дипломмен тең пайдалана алады», – деп атап өтті спикер.

О. Ордабаев заң жобасы біліктілікті тану орталықтарын дамытуға серпін беретінін және қызметкерлерді өмір бойы құзыреттіліктерін жетілдіруге ынталандыратынын айтты.

Сондай-ақ, заң жобасында кәсіптік біліктіліктерді тану жүргізілетін кәсіптер тізбесін қалыптастыру көзделеді. Осы тізілімді жүргізуді ЕХӘҚМ ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында жүзеге асыру жоспарлануда, ал тізілімге енгізу үшін ұсыныстарды мемлекеттік органдар мен салалық кеңестер енгізетін болады.

«Дәрігерлер, қаржы аудиторлары және басқалары сияқты реттелетін мамандықтар бойынша кәсіби қызметті сертификатсыз жүзеге асыру мүмкіндігі шектелетінін атап өткен жөн. Басқа мамандықтар бойынша түлектер мен қызметкерлер жұмыс берушілер тарапынан үлкен сұранысқа ие болу үшін өз біліктіліктерін өз еркімен растай алады», – деп атап өтті Олжас Ордабаев.

Заң жобасы қызметкерлер мен жұмыс берушілерді кәсіптік біліктілікті тану жүйесіне енуді ынталандыру бойынша бірқатар шараларды қарастырады, мысалы, бұл жұмыскерлер үшін түрлі кепілдіктер мен жеңілдіктерді енгізу немесе біліктілікті танудың ваучерлік-модульдік жүйесі.

«Заң жобаларын қабылдау азаматтарды біліктілік деңгейін арттыруға және дағдылар мен құзыреттерді дамытуға ынталандыруға мүмкіндік береді. Жұмыс берушілер жұмыскерлердің кәсіби жарамдылығын нақты тәуелсіз бағалауды көре алады, өз ұйымындағы еңбек өнімділігін арттырады және білікті мамандарды ала алады, ал қызметкерлер мен жұмыс іздеушілер өз дағдыларына сәйкес келетін лауазымдарды тезірек тауып, табысын арттыра алады», – деп түйіндеді вице-министр.

Сонымен қатар ҰБЖ басқарудың үш деңгейлі моделі жасалды:

Бірінші деңгей – Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес, ол ҰБЖ стратегиялық басқаруына жауап беретін шешімдер қабылдаудың бірыңғай орталығына айналады.

Екінші деңгей – мемлекеттік органдар жанындағы кәсіптік біліктіліктер жөніндегі салалық кеңестер. Олар өз саласын кәсіби білікті кадрлармен қамтамасыз етуге жауап бере отырып, салалық біліктілік жүйелерін орнатуда жетекші рөл атқаратын болады.

Үшінші деңгейде Кәсіптік біліктілік жөніндегі Ұлттық органды құру көзделеді, оның құзыретіне ҰБЖ бойынша әдістемелік және сараптамалық қолдау көрсету жөніндегі функциялар кіретін болады.




Comentários


bottom of page