top of page
Search

Санжар Шерниязов: менің жетістікке жету жолым

Санжар Шерниязов: менің жетістікке жету жолым

PricewaterhouseCoopers (PwC) – 1849 жылы негізі қаланған, айналымы 45 миллиард доллардан асатын және 300 000-ға жуық жұмыс күші бар трансұлттық корпорация. Бұл бүкіл әлем бойынша компаниялар желісіне иелік ететін халықаралық аудит-консалтингтік корпорация. Аудиторлық компаниялардың «үлкен төрттігіне» кіреді. Ұйымның штаб-пәтері Лондонда орналасқан. Біздің материалдың кейіпкері Санжар ШЕРНИЯЗОВ – Канаданың екінші үлкен қаласы – Торонтода орналасқан PwC бөлімшелерінің бірінің дипломды маманы. Санжардың оқиғасында таң қалдырғаны – оның 24 жасында өз күшімен көп нәрсеге қол жеткізгені ғана емес, оның мектепте оқып жүрген кезде осындай компанияда мансап жасау мақсатын қоюы. Табандылық пен еңбек сүйгіштіксіз табысқа жету мүмкін емес екені сөзсіз, бірақ Санжардың жетістікке жету жолында көмектескен тағы бір нәрсе бар. Ол не?  Әлде сындарлы көзқарас, батылдық, табандылық, алғырлық, ұлы дүние үшін аз дүниені құрбан етуге дайын болу ма? Санжардың өзі әлемдегі ең үздік 200 университеттің бірі – Калгари университетіне түсіп, оны сәтті бітіріп шықты. Бүгінде өзі армандаған жерде жұмыс істеп, оқуын жалғастыруда, алдына жаңа мақсаттар қойып, соған жетуге ұмтылуда. Біз оны өз тағдырының иесі етіп, әлемдегі ең ірі компаниялардың бірінде мансап жасауына не себеп болғанын онымен әңгімелесу барысында анықтауға тырыстық.

 

Санжар, сен шынымен мектепте оқып жүрген кезде өзіңе «үлкен төрттікке» кіретін компаниялардың бірінде мансап жасауды мақсат етіп қойдың ба? Бұл қалай болды?


– Иә, университетті бітірген соң өзімді «Үлкен төрттікке» кіретін компаниялардың бірінде көрдім. Солай болып шықты. «Үлкен төрттіктің» бар екенін интернеттен білдім. Аудиторлар келешегінің қалай болатыны, олар қандай компанияларда жұмыс істейтіні және мансаптық өсудің қаншалықты жылдам болатыны туралы көп зерттедім. Әрине, мен көп нәрсеге қол жеткізуге тырыстым.

 

– Неге аудитор?

 

Мектепте оныншы сыныпқа дейін мен болашақта немен айналысатынымды білмедім, қай мамандықты таңдау керектігін ұзақ ойландым. Мен біресе біреуін, енді бірде басқасын қаладым. Маған тарих, урбанистика ұнады. Содан кейін инженер боламын жоспарладым. Әкем мұнай-газ саласына барып оқы деді. Бірақ соңында ата-анам маған таңдау мүмкіндігін берді. Мен әртүрлі -вебсайттардан, форумдардан көп оқыдым, сұхбаттарды көрдім. Мен аудитор мамандығының өте сұранысқа ие екенін, жұмыс көп, еңбегіңнің зая кетпейтінін білдім. Бір күні мен батыстың өте танымал веб-сайтына, әлеуметтік желінің бір түрі – Reddit-ке тап болдым, онда қызығушылықтар бойынша көптеген топтар, соның ішінде әртүрлі мамандықтар: аспаздар, дизайнерлер, кез келген индустрия болды. Міне осы форумда мен аудиторлар тобын таптым, осы салада жұмыс істеп жатқандарға өзімді қызықтыратын практикалық сұрақтарды қоя бастадым. Олардың жауаптары мен кеңестері менің аудитор болу туралы шешімімді айқындады. Мен осы мамандық бойынша университетті бітіргеннен кейін жұмысқа орналасудың қиын емес екенін білдім. Мұнда жақсы мансаптық перспектива бар, жалақы тез және өте жоғары өседі.

 

– Сенің қатарластарыңның көбі: сонда бейімділігің, әуестігің, сүйікті ісің қайда қалды деп қарсылық білдіруі мүмкін? Бұл жаста көп адам мұндай сындарлы көзқарасты ұстанбайды. Бұл сонда сенің мінез-құлық ерекшеліктерің бе әлде бәрінің қалай жұмыс істейтіні туралы ішкі түсінігің бе? Болашақта өзіңнің жаныңа жақын нәрсені таңдай алдың ба деген ой сені алаңдатпай ма? 

 

– Әрине, идеалды әлемде мен тарихшы немесе урбанист болар едім, бірақ бұл мамандықтар бойынша жақсы жұмыс табудың қиынырақ болатынын және мансаптық өсу үшін магистратурада оқудың жөн екенін түсіндім. Мен бакалавр дәрежесін алғаннан кейін бірден аудитор ретінде жұмыс істей аламын,  сондай-ақ үнемі математикадан да жақсы болдым. Менің ойымша, бұл көп жағдайда мінез, бәріне практикалық көзқарас, мен шешімдерді эмоцияға беріліп емес, логикалық тұрғыдан қабылдауға тырысамын. Бұл таңдаудың әртүрлі себептері болды. Әрине, мен әлі де: егер саланы таңдап, сол жаққа оқуға барсам не болар еді деп ойлаймын. Бірақ тағы да бәрін логикадан өткізіп,

жас кезімде жұмыс істеп, еңбек етіп, өзімнің іргетасымды қалай алатынымды түсіндім. Содан кейін 30-40 жасқа келгенде өз қызығушылығыма, хоббиіме уақыт бөле аламын, тіпті болашақта екінші диплом алуым да мүмкін.

Бастапқыда мен ешнәрсеге қол жеткізбей, ата-анаңның үмітін және оқуға жұмсалған қаражатты ақтамай, ол жақтан кетіп қалмау үшін, ең алдымен жақсы жоғары оқу орнына түсіп, шетелде оқып, сұранысқа ие диплом алғым келді.

Шынымды айтсам, мен ештеңеге өкінбеймін, маған жағдайдың осылай болғаны ұнайды. Ата-анама маған еркіндік бергені үшін, таңдауымды құрметтеп қолдағаны үшін ризамын.

 

– Неліктен Канада, Калгари университеті?

 

– Мен 11 сыныпта Канадаға оқуға түсемін деп шештім. Ол кезде ағылшын тілін жетік білдім. Содан кейін университетті таңдау керек болды. Елдің аумағы кең, жоғары оқу орындары көп. Әртүрлі себептерге байланысты Калгари университетін таңдадым.

Біріншісі – Торонто немесе британдық Колумбия университеті сияқты басқа университеттермен салыстырғанда қолжетімді бағалар. Калгари қаласында оқу бағасы шамамен 40%-ға төмен болды.

Екіншісі – қаланың өзі Торонто немесе Ванкувер сияқты қымбат емес. Тұрғын үйді жалға алу басқа ірі қалаларға қарағанда екі есе арзан.

Үшіншісі – Калгари университеті Канададағы ең үздік 10 университеттің және әлемдегі ең үздік 200 университеттің қатарына енді.

 

Санжар Шерниязов: менің жетістікке жету жолым

–  Сенің Канададағы өмірің қалай?

 

– Мен Канадада алты жылдан бері тұрамын. Сырттан келгендерге немқұрайлы қараудың жоқтығы мені таң қалдырды. Өзімді бірден жергіліктідей еркін сезіндім. Ағылшын тілін жақсы білгендіктен, өзім Қазақстаннанмын деп айтпайынша, бәрі мені канадалық деп ойлайтын.

Кейбір жағынан жергілікті менталитет біздікіне ұқсайды, олар да қонақжай болуға тырысады және шетелдік мәдениеттерге қызығушылық танытып, құрмет көрсетеді.

Канаданың экологиясы да қатты ұнады. Мұнда қалалар мен табиғаттағы қала маңындағы жерлер өте таза, канадалықтар қоқыс тастамауға тырысады, ал үкімет пен бизнес қоршаған ортаға үлкен қамқорлық көрсетеді. Бір өкініштісі сол, мен мұны әсіресе Алматыға қонып келе жатқанда, қала үстіндегі түтінді көргенде байқаймын. Сондай-ақ бұл жерде адамдардың өз денсаулығына көбірек көңіл бөлуі, дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануы, темекіні аз шегуі, алкогольдік ішімдіктерді аз тұтынуы да таң қалдырады.

Бірақ мен үшін алғашында аздап ерекше болған тағы бір жайт бар – адамдар арасында, әсіресе студенттік ортада бәсекелестік өте күшті байқалады, бізге таныс жолдастық, достық, өзара қолдау көрсету сезімі жоқ.

Канадалықтар табиғатынан өте көпшіл, әрқашан араласуға қуанышты болады, бірақ олармен шынайы достық қарым-қатынас орнату өте қиын. Бұл тұрғыдан алғанда олар тұйықтау келеді. Менің ойымша, Қазақстандағы достық сөзінің мағынасы Канадаға қарағанда мүлдем басқа сияқты. Маған «өзімдікілермен араласып сөйлесу» қатты жетіспеді. Жатақханадағы өмір маған Канаданың әртүрлі қалаларынан келген жігіттерімен қызықты таныстықты сыйлады. Мен бәріне, егер орналастыру кезінде таңдау болса, кем дегенде бірінші курста жатақханада тұруға кеңес берер едім, менің таныстарым мен достарымның 90%-ы сол жақтан.

          

– Ал мұндай мінсіз ағылшын тілінің деңгейіне қалай қол жеткіздің? Қандайда бір арнайы бағдарламалардың көмегімен бе?

 

– Менде бала кезімде бейтаныс көпмәдениетті ортаға енудің қызықты кезеңі болды. Алғашында кәдімгі қазақ орта мектебінде оқыдым, бірақ кейін үйреншікті ортамды өзгертуге, ата-анаммен бірге Біріккен Араб Әмірліктеріне көшуге тура келді, сонда оқуымды алдымен орыс мектебінде, содан кейін төртінші сыныптан бастап халықаралық британдық мектепте жалғастырдым. Бұл мектепте менің Джилл ханым (Ms. Jill) деген мұғалімім болды, мен оның педагогикалық шеберлігін, шыдамдылығы мен адамгершілігін үлкен ризашылықпен, шын жүректен күлімсіреп еске аламын. Бастауыш сыныптарда ол негізгі пәндерден сабақ берді. Мен ағылшын тілін мүлдем білмедім, бірақ мұғалімім оған сабырлықпен, түсіністікпен қарады. Маған ағылшын тілін жақсы білетін басқа оқушыларға қарағанда көбірек көңіл бөлді.

Мисс Джил мені тіл білмегенім үшін, бірдеңені дұрыс айтпай тұрғаным үшін ұялудың қажеті жоқ екеніне сендіре алды және менен бәрімен бір дәрежеде сабақ сұрауға тырысты.

Орыс тілінде бірдеңе сұрауға мүмкіндік болмаған кездегі тілдік орта және мұғалімнің қолайлы, достық ортаны қалыптастыра білуі өз жұмысын жасады – үш айдан кейін мен тілді еш қиындықсыз меңгеріп кеттім. Бұған дейін мен үйде тіл үйренуге тырыстым, тіпті жеке оқытушымен бірнеше курсты да оқыдым, бірақ бұдан еш нәтиже шықпады.

 

– Мүмкін сенің өмірлік жетістігіңнің құпиясы дәл осы жерде – британдық мектепке ауысуыңда жатқан шығар? Сен бұл тәжірибені қалай бағалайсың, білім беру мен тәрбие беру тәсілдеріндегі қандай айырмашылықтар есіңде қалды?

 

– Мен мектеп деп айтпас едім. Әрине, айырмашылықтар болды. Біріншіден, оқушылардың ойлауын дамытуға баса назар аударылады – британдық мектептерде олар көп ойлауға, былайша айтқанда, оқулықтардан тыс, әртүрлі нәрселерді талдауға мәжбүрлейді. Тек он дұрыс жауапты таңдап қана қоймай, бұл туралы не ойлайтыныңды еш шектеусіз жазасың.

Әрине, математикада немесе физикада заңдар мен ережелер бірдей, бірақ, мысалы, тарих сабақтарында бізді жай ғана даталарды жаттап алуға емес, біздің ойымызша, қандай оқиғалар, қалай, мысалы, осындай соғысқа әкелді немесе бұл оқиғаның осылай болғанына не әсер етуі мүмкін деп пайымдауды сұрады. Басымда тек өз ойларым пайда болуы үшін мені барлық жағынан ынталандырды.

Санжар Шерниязов: менің жетістікке жету жолым

Тағы бір ерекшеленетін нәрсе, британдық білім беру жүйесінде міндетті негізгі пәндерден басқа таңдауға болатын көптеген түрлі пәндер бар және оларды белгілі бір мөлшерде алу керек болды. 9-10 сыныптардан бастап сен өз пәндеріңді таңдап, өз кестеңді, оқығың келетінін және оқығың келмейтін пәндердің кестесін жасайсың. Менде статистика мен инженерлер қолданатын математика – математикакалық механика (mechanical math) арасында таңдау болды. Мен статистиканы таңдадым. Сонымен қатар, мен бизнесті таңдадым, француз тілін, әрине Британ империясының тарихына басымдық бере отырып, дүниежүзілік тарихты оқыдым. Физика, биология, химия пәндерінен тек екі пәнді таңдау керек болды. Сонымен қатар, Әмірліктерде заң бар: егер сен мұсылман болсаң, исламды оқуың керек – мен де исламды оқыдым.

Жалпы, мен үшін оқу оңай болды, ешқашан баға жағынан қиындық болған емес, маған оқу ұнады. Пәндердің ішінен маған география, тарих және статистика көбірек ұнады. Бірақ мектеп менің өмірімде шешуші рөл атқарды деп ойламаймын, мен одан тысқары көп нәрсеге қызығушылық таныттым және көп нәрсені ата-анамның білімі мен кең дүниетанымы арқылы үйрендім.

 

– Қызық, британдық мектепте сен қудалауды кездестірдің бе?

 

– Иә, бұзақылар болды, әрине, бірақ мен оқыған мектепте төбелес немесе қақтығыс болған емес, менің ойымша, Әмірліктерде бұл сирек кездесетін жағдай сияқты. Ислам елі, заңдары қатаң. Жоғары сынып оқушылары ішімдік ішпейді, темекі шекпейді, есірткі де жоқ. Оның үстіне, ересектердің балаларына көбірек көңіл бөлетінін байқадым – көбінің әкелері жұмыс істейтін, ал аналары үйде үй шаруасымен, үнемі балаларының тәрбиесімен айналысатын. Қазақстанда, менің ойымша, ата-ананың екеуі де жұмыс істейді, балаға соншалықты көп көңіл бөле бермейтін сияқты. Әрине, материалдық тұрғыдан алғанда, бәріміз білетіндей, ата-анаңның материалдық жағдайы неғұрлым жақсы болса, сенің өмір сүруің де соғұрлым жеңіл әрі уайымың аз болады, оқуға көбірек көңіл бөле аласың.

 

– Калгари Университетіне түсу процесі қалай өтті? Агенттіктерге жүгіндің бе, әлде бәрін өз бетіңше жасадың ба?

 

– Мен оқуға өз бетімше түстім. Көптеген достарым агенттіктер арқылы түсті, бірақ мен өз пайдасы мен мүддесін ойлап кеңес беруі мүмкін деген оймен агенттік қызметкерлерінің кеңестеріне сүйенбей, өз таңдауымды жасау үшін бәрін өзім жете түсінгім келді. Мен 12-сыныптың басында университет сайтына өтініш беруден бастадым. Қажетті құжаттарды, 11-сыныптың бағаларын, IELTS нәтижелерін жинау керек болды. Айтпақшы, IELTS-тен ешқандай алдын ала дайындықсыз 7,5 балл алдым. Өтініш беріп, нәтижесін төрт айға жуық күттім. 12-сыныпты жақсы бағамен бітірген жағдайда мені университетке қабылдайтын болды. Университет сонымен қатар визаға өтініш беру үшін шақыру хатын жіберді. Мен визаны екінші ретінде ғана алдым, өйткені Канада консулдығы қаржылық жағдай туралы көбірек құжаттарды сұрады. Маған қайтадан өтініш беріп, тағы екі ай күтуге тура келді, бірақ оң жауап тек тамыз айының басында ғана келді – әне-міне оқу басталғалы жатыр еді. Дегенмен, Аллаға шүкір, бәріне үлгердім, қыркүйекте оқу басталды. 


 

Санжар Шерниязов: менің жетістікке жету жолым

– Оқудың құны қанша тұрды? Стипендия болды ма?

 

– Мен 2018 жылы оқуға түскен кезде оқу ақысы жылына $25,000 канадалық доллар болды, бұл шамамен $17,500 АҚШ долларын құрайды. Оған қоса тұру мен тамаққа кететін шығындар бар дегендей. Содан кейін олар жыл сайын оқу құнын біртіндеп өсіре бастады. Қазір мен бағаның 30 000-35 000 долларға (20 000-24 000 АҚШ доллары) дейін көтерілгенін білемін. Бағасы да мамандығыңызға байланысты, ең қымбаты – бизнес мектебі.

Стипендия бірінші курстан бастап тағайындалуы мүмкін еді, бірақ мен мектептің 12-сыныбында бизнес, биология, математика және орыс тілі сияқты төрт пән бойынша емтихан тапсырдым, бір бестік пен үш төрттікті жинадым, сөйтіп бірінші курста стипендия алу үшін бір бестік жетпеді. Менімен бірге сол университетке бір сыныпта оқыған сыныптасым келді, ол плюсі бар төрт бестікке ие болды, сөйтіп оған $6000 доллар стипендия тағайындалды.

Әрі қарай, оқу нәтижелері бойынша әр курста стипендия ала аласың, оның мөлшері сенің оқу жылындағы бағаларыңа байланысты болады. 

Бірінші курстан кейін маған жылына 2500 доллар (1700 АҚШ доллары) стипендия тағайындалды. Менің GPA балым 3.6 болды. Менің досымның стипендиясы 4 4500 (3 3100 АҚШ доллары) болды, бірақ оның GPA балы 3.93 болды. Жергілікті студенттер үшін оқу құны 3-4 есе төмен болғанымен, шетелдіктер ретінде бізге жергілікті студенттер сияқты стипендия төленгені әділетсіз болып көрінді.

 

– Оқу қиын болды ма, ең үлкен қиындықтарға нақты не себеп  

 

– Шынымды айтсам, оқу мен үшін қиын болған жоқ. Мен университетті GPA 3.5-пен бітірдім, бұл өте жоғары деп саналады. Бірінші курс өте оңай болды, өйткені британдық жүйе бойынша біз мұның бәрін 12-сыныпта өтіп кеткенбіз. Сосын менде

оқып жатқан нәрсеге қызығушылық пайда болды, университеттегі оқу жүйесі де пәндердің жартысын таңдауға мүмкіндік берді, бұл минорлар мен мажорлар жүйесі деп аталады. Әрине, мен өзімді қызықтыратын пәнді таңдадым – тарихтан төрт пәнім болды, тіпті бизнеске қатысы болмаса да астрономияны оқыдым. Бірақ бізге өзіміз қалаған нәрсені таңдауға рұқсат етілді, сондықтан өзім таңдап алған пәннің бәрі маған ұнады, сондықтан оны оқуым оңай болды деп ойлаймын. 

Топтық жобалар ең үлкен қиындықтарды тудырды. Канадада, кем дегенде, бизнес факультетінде командалық жұмысқа көп көңіл бөлінеді. Әрбір дерлік сыныпта сенің бағаңның бір бөлігі сенің тобыңа байланысты болады. Жақсы әрі еңбекқор студенттер көп кездесті, дегенмен жобаға мүлдем қатыспайтындары да болды. Бірақ төртінші курста ондай студенттердің саны азайды, менің ойымша, олар оқудың қиындығына төтеп бере алмаған сияқты.


Санжар Шерниязов: менің жетістікке жету жолым

Менің де мына бір байқағаным:

егер сен бірінші курста өзіңді ынталы студент ретінде көрсетсең, кейін сен үшін бәрі жақсы болады, саған деген оң көзқарас қалыптасып, айналаңа жақсы ықпал ете бастайсың, ал келесі курстарда оқытушылар да, курстастарың да сені солай қабылдайды. Сондықтан басынан бастап жақсы оқуға дайын болу маңызды.

Бірінші курста, былайша айтқанда, бос студенттік сенделіс өмір сүрген, барларға жиі баратын және т.б. жігіттер болды. Бұл студенттердің көпшілігі тіпті университетті бітірген жоқ.

 

– ЖОО-да Қазақстаннан келген студенттер болды ма? Олар оқу жүктемелерін қалай жеңді?

 

– Мен Қазақстаннан келген студенттердің бар екенін білдім, бірақ олар менің топтарымда кездеспеді. Жалпы, ол кезде посткеңестік елдерден келгендер өте аз еді. Қазір олардың көп екенін білемін. Астанадан келген бір студентті білемін, білуімше оған оқу өте жеңіл болып жатқан сияқты.

 

– Канадада оқу кезінде сенің күнделікті өмірің қалай ұйымдастырылды? Тұрғын үйге, азық-түлікке және күнделікті қажетті заттарды сатып алуға қанша қаражат жұмсалды?

 

Мен университеттің жатақханасында тұрдым. Мұнда барлығы жағдай жыл сайын жақсаратындай етіп жасалған. Бірінші жылы екі адам бір бөлмеде тұрдық. Дәретхана мен душ бүкіл қанатқа ортақ болды. Әр қабаттың үш қанаты болды: әйелдер, ерлер және жынысқа бөлінбейтіндер. Жалпы тұрғын жай өте таза болды. Екінші курстан бастап менің төрт бөлмелі нөмірде өз бөлмем және ортақ зал болды. Ас үй және дәретхана / ванна бөлмесі ортақ болды. Үшінші және төртінші курстарда менің екі бөлмелі нөмірде жеке бөлмем болды. Менің көршілеріммен жолым болды, олардың бәрі таза, тыныш және әдепті адамдар болды.


Санжар Шерниязов: менің жетістікке жету жолым

Бірінші курста сегіз айға жатақхана ақысы шамамен $4000 (2,750 АҚШ доллары) болды. Екінші курстан бастап жағдай жақсарып, сәйкесінше айына бағасы 800-900 долларға дейін көтерілді (550 АҚШ доллары).

Тамақтану үшін біз асханаға бірден бүкіл оқу жылына шамамен $4500 (3100 АҚШ доллары) абонемент төледік. Асхана аптасына жеті күн, таңғы сағат 7-ден кешкі 23.00-ге дейін жұмыс істеді, тамақтану «барлығы кіреді» форматында ұйымдастырылды, сен келіп, қалағаныңды таңдайсың. Тамақ «дәмді», жеуге болады.

Менің барлық басқа шығындарым үшін бюджет айына шамамен 400 (2 275 АҚШ доллары) болды. Бұл ақша киімді жаңартуға, кафеге баруға және т.б. жетті.


– Сенің әңгімеңе қарағанда, сен университетті жақсы бағамен бітіріп, керемет мансап жасағың келгендіктен өзіңді сондай бір қатты шектегенің байқалмайды. Сенің әдеттегі студенттік күнің қалай өтті?

 

– Иә, бірақ бұл тағы да іргетас жақсы болғандықтан. Әрине, жұмыс істемей, еш алаңсыз білім алуым үшін маған материалдық қолдау көрсеткені үшін ата-анама алғысымды білдіремін, жұмыс істеп жүріп оқыған студенттер де болды, оларға жұмыс пен оқуды қатар алып жүрудің қиындау екенін көрдім.

Менің әдеттегі күнім лекциялар мен семинарлардан, үй тапсырмаларын орындаудан, кешке жаттығу залына барудан тұрды, кейде достармен бас қосуға да уақыт табатынмын. Иә, мен қарапайым студенттік өмірді сүрдім, демалыс күндері барлар мен мейрамханаларға, клубтарға, концерттерге баратынбыз. Канадаға көшіп келгеннен кейін мен жаттығу залына бара бастадым және әлі күнге дейін барып тұрамын әрі бұл менің өмірімдегі ең жақсы шешімдердің бірі болды деп ойлаймын. Ауа райы жайлы болған кезде далада футбол, ал қыста – баскетбол ойнайтынбыз.

  

– Оқу кезінде отбасыңнан алыста тұру саған оңай тимеген шығар? Қазақстанға жиі келіп тұрдың ба?

 

– Менің ойымша, мен соңғы сәтке дейін не болып жатқанын толық түсінбедім. Алғашқы түсінік әуежайда болған кезде ғана келді – мен бір жыл бойы отбасымды көрмеймін, олардан өте алыста боламын. Алғашқы күндері өте қиын болды, бірақ кейін жаңа, негізінен түсініксіз орта менің назарымды аударды. Барлығын зерттеп, жаңа өмірге бейімделу керек болды. Бірінші жылы менде ешқандай жабырқаңқы, мұңлы сезімдер болған жоқ, көптеген жаңа достар пайда болды, мен Канададағы өмір мен мәдениет туралы көптеген жаңа нәрселерді аштым. Маған университеттің кампусы қатты ұнады. Бірақ содан кейін, бәлкім, екінші жылы бұл масаттанған көңіл күй басылды, мен әлі күнге дейін үйімді, Алматымды, туған пәтерімді сағынамын.

Қазір Қазақстанда түрлі үздік әлемдік университеттердің көптеген филиалдары ашылып жатқанын білемін, менің ойымша, бұл отбасыңнан алысқа жырақтамай, үздік жоғарғы оқу орнында оқуға өте жақсы мүмкіндік.

Отбасыңнан алыста өмір сүру сені тезірек есеюге мәжбүрлейді, өзіңнің жайлы аймағыңнан шығып, жаңа жағдайларға бейімделесің, өз өміріңізді ұйымдастыруды үйренесің.


Санжар Шерниязов: менің жетістікке жету жолым

Оқып жүрген кезімде мен әр жаз сайын Қазақстанға ұшатынмын. Жолға әдетте 19-дан 24 сағатқа дейін уақыт кететін, кейде 36 сағат ұшқан кезім де болды. Мен әрқашан түрлі бағытта ұшатынмын, құны жағынан ең жақсы нұсқаны таңдауға тырыстым. Пекин, Сеул, Амстердам, Стамбул, Мәскеу, Киев, Франкфурт арқылы ұштым. Ковидке дейін бір бағытқа билет құны шамамен 700-800 доллар (480-550 АҚШ доллары) болды. Ковидтен кейін бір бағытқа ұшу құны шамамен $1100 ($760) АҚШ долларын құрады.

 

– Калгари университетінде университеттен тікелей кәсіпорынға жұмысқа орналасу тетігі қалай ұйымдастырылғандығын толығырақ айтып бере аласың ба? 

 

– Канадада «co-op education» ұғымы бар, ол cooperative education қысқартудан – кооперативті оқытудан қалыптасады. Алдымен сен осы бағдарламаға қатысуға өтініш бересің, ол үшін бағаларың жақсы болып, университет тарапынан болатын сұхбаттасудан өту керек. Бағдарламаға қабылданғаннан кейін сен жұмыс істеп, кредит ала аласың, яғни жұмыс істеп жүріп үйренесің. Бірақ тағылымдамадан өтетін жерді өзіңе таңдауға тура келеді.

Біздің бизнес-мектепте түйіндеме жасауға көмектесетін, сынақ сұхбаттарын өткізетін, жұмыс берушілерді университетке жиі шақыратын, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастыратын жеке мансап орталығы болды.

Мен бірінші курстан бастап осы жәрмеңкелерге бара бастадым, сол компаниялардың қызметкерлерімен таныстым. Компаниялардың өздері де танысу кездесулерін өткізді, кейде студенттерді компаниядағы кештерге, мейрамханаларға, барларға шақырды. Біз барып, жай ғана сөйлесіп жүрдік, осындай бейресми жағдайда сұрақтар қойдық, иә, дастарханның басында тамақ жеп, сыра ішіп отырып, емін-еркін болашақ жұмыстың егжей-тегжейіне еніп кеттік. Әдетте, егер студент бірінші курстан бастап жұмыс берушілермен белсенді байланыс орната бастаса, үшінші курсқа дейін ол тағылымдамадан өтетін орын тауып қояды, бәлкім бұл оның болашақ жұмыс орны да болуы мүмкін. Менде де солай болды – мен Suncor мұнай-газ компаниясында үшінші курста жиырма айлық тәжірибеден өттім.


Санжар Шерниязов: менің жетістікке жету жолым

Кейінірек, танысу кештерінің арқасында мен қазір жұмыс істейтін PwC компаниясына тағылымдамадан өтуге шақырту алдым. Мен PwC компаниясының басқарушы қызметкерлерінің бірінің есінде қаламын, ол арамызда болған әңгімемізді, мені тек мансап, компания туралы сұрақтар ғана қызықтырмай, әртүрлі тақырыпта сөйлескенімізді, жеке өмір туралы сұрағанымды есіне алады. Байқағаным, бұл кездесулерге көптеген студенттер сұхбатқа барғандай келіп, тек жұмысқа қатысты қызықсыз сұрақ-жауаппен шектелетін. Мен қандайда бір адаммен танысып, достық қарым-қатынас орнатқым келді. Мен әңгімелескен басқарушы қызметкер үміткерлердің түйіндемелерін оқып отырып, арасынан менің атымды көріп қалады, оның басында менің кім екенімді, ең алдымен адам ретінде қандай екенімді сипаттайтын бейне қалып қояды.

Шын мәнінде, тағылымдамадан өту саған университетте оқудан да әлдеқайда көп нәрсені береді. Университет сенің жай қарап отырмай, мамандықты үйреніп, жаңа дағдыларды меңгеріп жатқаныңды түсіну үшін саған атқарып жатқан жұмысыңа қатысты үнемі баяндамалар жасап, есеп беріп отыруың керек. 

Мысалы, мен қыркүйекте жұмыс істедім, осы айда жұмыста қандай жетістіктерге жеттім, келесі айға қандай мақсаттар қойдым, сосын осы мақсаттарға жеттім бе, жоқ па, соған есеп беремін т.с.с. Сонымен қатар жұмыс берушімен және университет өкілімен кездесулер өткізіп тұрамын, мен жақсы жұмыс істеп жатырмын ба, білімім мен біліктілігімде ілгерілеушілік бар ма, соны талқылаймыз.

Тағылымдамадан кейін тағы бір жарым жыл оқу керек болды, университетті бітіргеннен кейін мені PwC-ге жұмысқа шақырды.

 

– PwC компаниясындағы алғашқы жұмыс күнің есіңде ме? Қандай сезімде болдың? Өйткені, бұл сенің көп жылдан бергі арманың еді ғой.

 

– Шынымды айтсам, ұзақ уақыт бойы мен неге қол жеткізгенімді түсінбей жүрдім. Бұл мүмкін, менің бірінші жұмыс күнім кеңседе емес, қашықтан өткендіктен болар. Бұл ковид кезінде болды, менің бастығым виртуалды кездесуді ұйымдастырды, біздің команданың адамдарымен таныстырды, біз жарты сағат бойы отырып әңгімелестік. Бұған дейін мен ковидке дейін кеңсеге бірнеше рет танысу кездесулеріне келгенмін, кеңсенің қандай екенін білетінмін және жұмыс орнымның да шамамен қандай екенін көзіме елестеттім. Бірақ бұл кездесулер әдетте кешкі уақытта, жұмыс күнінен кейін, кеңсе бос кезде болатындықтан, мен қызметкерлерді көрмедім. Неге екені белгісіз, олар әдейі жылы шырайлы, достық қалыпты жасап жатқандай көрінді маған. Олай емес екеніне, ол жерде тым қабілетті, шамадан тыс байсалды адамдар емес, оңай тіл табыса алатын, әзілдесетін, байланыс орнатата алатын мен сияқты қарапайым адамдардың жұмыс істейтін көргенде таңғалғаным есімде. Бұл мені біраз тыныштандырды. Мен қобалжуды қойдым, мен мұнда жақсы жұмыс істеп, жаңа білім алатынымды, әріптестерімнен кеңес, көмек сұрай алатынымды түсіндім, бәрі шынымен достық көмегін аямайтын мейірімді болды.

 

Санжар Шерниязов: менің жетістікке жету жолым

– Алғашқы жалақың қандай болды? Ақшаны қайда жұмсадың?

 

– Канада Заңы бойынша, егер сен компанияға қандай да бір пайда әкелетін болсаң, саған жалақы төленуі керек. Сондықтан мен жиырма айлық «co-op»-ге барған кезде, мен толыққанды жалақы алдым. Менің бірінші лауазымымда маған айына шамамен 4000 доллар төленді (2700 АҚШ доллары). Бұл ақша қалыпты өмір сүруге жеткілікті болды, ата-анамның маған көмектесуі қажет болмады, мен пәтер ақысын және тұрмыстық қажеттіліктерді өзім төлей бастадым және компьютеріме жаңа монитор сатып алдым.

 

– Бүгінгі таңда Канададағы өмірің, аудиторлық мансабың қалай өтіп жатыр, қанша табыс табасың? Өзің үшін қандай перспективаны көріп отырсың?

 

– Оқудан кейін мені жұмысқа шақырған кезде, мені Калгариден Торонтодағы кеңсеге ауыстыруды өтіндім, өйткені бұл ірі мегаполис болғандықтан, оның болашағы зор, қаланың өмірі қызыққа толы және алуан түрлі. 2023 жылдың желтоқсан айының соңында мен Торонтоға көштім. Мен қазір аудитордың көмекшісі болып жұмыс істеймін, ал компания менің мамандандырылған мекемедегі оқуымды төлейді. Оқу 2026 жылдың соңына дейін жалғасады және мен халықаралық аудиторлық лицензияны – Chartered Professional Accountant (CPA) алатын боламын. Лицензия маған компанияның менеджерлерінің бірі болуға мүмкіндік береді, бұл менің компанияда ұзақ жылдар бойы жұмыс істеуіме кепілі болады. Жауапкершілік өзгеріп, жұмыс қызықты бола бастайды, шешім қабылдауда тәуелсіздік пен еркіндік артады. Әрине, мен жалақының бірден шамамен 20-30 пайызға өсетініне сенемін, кейіннен тәжірибе жинақтауыма байланысты жалақым да біртіндеп өседі. Қазір менің жалақым 6000 доллар (4150 АҚШ доллары).

Болашақта Қазақстанға оралуды жоспарлап отырмын. Біздің компанияның Алматы, Астана және Атырау қалаларында филиалдары бар, мүмкін мен сол жерде мансабымды жалғастыратын шығармын немесе өз кәсібімді ашатын боламын.

 

Санжар Шерниязов: менің жетістікке жету жолым

– Жұмысыңда жаңа технологиялар мен жасанды интеллекттің әсері сезіле ме?

 

– Иә,

біздің компания жасанды интеллектті зерттеуге және оны біздің жұмысымызға енгізуге шамамен 200 миллион долларды инвестициялады. Оның көмегімен кейбір қарапайым тапсырмалар орындалады, мысалы, ол компания мамандары мен клиенттер арасындағы кездесулерді жазу сияқты тапсырмаларды орындау үшін қолданылады.

Бұрын бәрін өзіміз жазып алып, басып шығарған болсақ, ал қазір біреумен кездесу өтіп жатса жасанды интеллект бәрін өзі жазып, соңында есеп береді. ЖИ клиенттердің хаттарын өңдеуге көмектесіп, оларға жауаптарды дайындайды. Апта сайын компанияда оқу бағдарламалары, воркшоптар, пікірталас панельдері өтеді. Яғни, жасанды интеллект қарқынды түрде енгізіліп жатыр.

 

– Сенің ойыңша, мансап үшін ең құндысы не?

 

– Ең бастысы – адамдармен жұмыс істей білу. Мәмілеге, ымыраға келе білу. Бұл тек кәсіби қызметке ғана емес, өміріміздің барлық аспектілеріне қатысты. Жұмыста сізге үйретеді, дағдыларыңызды жетілдіреді, бірақ ешкім сізге адамдармен сөйлесуді, өзара түсіністікті табуды және олармен ымыраға келуді үйретпейді. Төзімді, мультимәдениетті болу керек. Мектепте және университетте топтық жобалар арқылы бұл қасиетті бойға сіңіреді.

 

АҢДАТПА

Казахстанец Санжар Шерниязов, окончив Университет Калгари в Канаде, получил работу в международной компании, представительство которой есть и в Казахстане. В интервью нашему журналу он рассказывает о том, какие конкретные шаги помогли ему сделать выбор профессии и места учебы, и делится своими впечатлениями и опытом получения образования в зарубежном вузе.

 

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page