Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы 2022 жылы Ғылым академиясының сессиясында ғылымның экономикаға әсерін арттырып, өндіріспен үйлестіріп, ғылымның қолданбалы моделіне көшу бойынша нақты тапсырмаларды міндеттеді. Бұл тапсырмалар 2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы мен «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа Заңның негізін қалады. Сонымен Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы аясында 5 негізгі бағыт - ғылымды басқарудың жаңа моделі, зияткерлік әлеуетті нығайту, университет ғылымын дамыту, қолданбалы зерттеулер мен олардың нәтижелерін коммерцияландыру, инфрақұрылым мен цифрландыру.
Ғылымның жаңа ашық моделі қалыптасуда – ол қолданбалы зерттеулер мен өндірістік мәселелерді шешуге бағытталған. Мемлекеттік қаржыландырудан жеке инвестицияларды тартуға көшу жүріп жатыр, ал ғылымға арналған мемлекеттік тапсырыс өндірістік сектордың қатысуымен қалыптастырылуда.
Ғылыми әлеуетті дамытуға басымдық берілуде: Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі күшейтілді, ал жас ғалымдарды материалдық ынталандыру мен қолдау шаралары көзделген.
Еліміздің ғылыми әлеуеті – 25,5 мың ғалым, оның 46%-ы 40 жасқа дейінгі мамандар. Ғылым саласында 425 ұйым жұмыс істейді.
Енді гранттық конкурстар жыл сайын өткізіледі. Бұрын 3 жылда бір өкізілетін.
Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау тетіктері кеңейтілді: постдокторанттар мен жас ғалымдарға гранттар, әзірлемелерді коммерцияландыруды қаржыландыру, іргелі институттарды тікелей қаржыландыру, шетелдік тағылымдамалар және мега-гранттар енгізілді. Қазіргі уақытта 264 ғылыми-техникалық бағдарлама, 2 361 ғылыми жоба (оның 835-і жас ғалымдарға тиесілі) және 208 коммерцияландыру жобасы қаржыландырылуда. 1 475 ғалым шетелде ғылыми тағылымдамадан өтті.
Жас ғалымдарға арналған гранттық конкурстар арқылы 2 000-нан астам зерттеуші 835 жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін алды. Министрлік қаржыландыратын әрбір жобада жас ғалымдардың үлесі кемінде 30%.
Жас ғалымдарды қолдау күшейтілді: 351 пәтер берілді (290-ы кредиттік бағдарлама бойынша, 61-і – ақысыз). Ғылыми дәрежелер мен атақтар үшін қосымша төлемдер артты, халықаралық тағылымдамалар жалғасуда. Жыл сайын 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы, ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлықтар және 50 талантты жас ғалымға стипендия бөлінеді. Қолданбалы зерттеулер саласында жұмыс істейтін ғалымдардың жалақысына арттыру коэффициенті енгізілді. Жыл сайын «Жас Ғалым» гранттық қаржыландыру конкурсы өткізіледі.
Ғылыми инфрақұрылымды нығайту жұмыстары жүргізілуде. ЖОО базасында заманауи зертханалары бар технологиялық парктер мен инжинирингтік орталықтар құру үшін кәсіпорындармен әріптестікте арнайы ғылыми бағдарламаларды қаржыландыру конкурстары жарияланды.
2023 жылы ірі ұлттық университеттерде алғашқы 4 бағдарлама іске қосылды. Нәтижесінде 10 зертхана, 5 спин-офф цехы, 3 стартап ашылды.
Жеке ұйымдармен 468 млн теңгеге 14 шарт жасалып, 788,9 млн теңге жеке қоса қаржыландыру тартылды.
2024 жылдан бастап өңірлік ЖОО инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріледі. 2024-2026 жылдары өңірлерде академиялық және зерттеушілік артықшылық орталықтарын құру үшін 5 бағдарлама іске қосылды. Барлығы 17 бағдарлама енгізу жоспарланған. Негізгі міндет – ғылыми әзірлемелерді дайындау, сынау, ғылымды қажет ететін өнімді сертификаттау инфрақұрылымын құру және кәсіпорындарда инновациялық жобаларды дамыту үшін жағдай жасау. Бұл мәселеде өнеркәсіп секторының ғылыммен ынтымақтастығы негізгі бағыттардың бірі болып табылады.
Венчурлық нарықты дамыту және жобалардың сапасын арттыру үшін талантты командалардың сыни массасын қалыптастыру қажет.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шетелдік әріптестермен бірге «AI-Sana» бағдарламасы әзірленуде. Бағдарлама жасанды интеллектіні түрлі салаларда қолданатын ғылымды қажетсінетін стартап-командаларды бизнес-акселерациядан өткізеді.
Ел өңірлеріндегі жетекші университеттер зияткерлік капиталдың негізгі көзі болады. Бірінші этапта 650 мын студент ЖИ оқытылады.Бағдарлама 100 000 студент пен 600 оқытушыны ЖИ және кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға тартады. Ерекше назар Deep Tech-стартаптарды құруға бағытталады. Бағдарлама Стэнфорд жоғары білім беру мектебінің бас технологиялық директоры Пол Кимнің қатысуымен әзірленді. «AI-Sana» стартап-ұлт идеологиясын қалыптастырудың негізгі драйвері болады. Бағдарлама адами капиталды дамытуға, жоғары технологиялық шешімдерді енгізуге және технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға ықпал етеді.
Ғылым мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды цифрландыру арқылы ынтымақтастықты күшейту көзделген.
Бұл бағытта өтінімдерді бөлуді автоматтандыру, сарапшыларды іріктеу және байланысты тұлғаларды анықтау үшін жасанды интеллект негізінде жаңа жобалар іске қосылады.
Ғылыми зерттеулерге қаржыландыру алу бойынша заңнамалық және нормативтік мәселелерге қатысты кеңес беру үшін Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы базасында жасанды интеллект-чат-бот әзірленеді. Сонымен қатар, құжаттарды автоматты түрде генерациялау жүйесі енгізіледі. Бұл конкурстық процестерді, оның ішінде ғылыми-техникалық тапсырмаларды, қаржылық есептерді және басым бағыттарды бекітуді оңтайландырып, деректерді өңдеудің тиімділігін арттырады және әкімшілік жүктемені азайтады.
Comentários