Саясат Нұрбек ұлттық біліктілік жүйесін дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің отырысына қатысты. ҚР Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Елордада «Astana Polytechnic» жоғары колледжінің алаңында Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтың төрағалығымен Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің Басқарушы комитетінің көшпелі отырысы өтті.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, басқа да орталық мемлекеттік органдардың вице-министрлері, жоғары оқу орындары мен колледждердің басшылары, Ernst & Young компаниясының, «Атамекен» ҰКП, жұмыс берушілер қауымдастығының өкілдері және басқалар қатысты.
Алтай Көлгінов өз сөзінде оқыту, кәсіби кадрлардың біліктілігін арттыру мәселелері қазіргі заманғы экономика мен адами капиталды дамыту үшін әрқашан өзекті екенін атап өтті.
Саясат Нұрбек алдын ала оза оқыту және кәсіби кадрларға қажеттілікті болжаудың өңірлік карталарын дамыту перспективалары туралы айтты.
«Кәсіптердің өңірлік картасын құқықтық ресімдеу оған орталық және жергілікті атқарушы органдардың орындауы үшін міндетті нормативтік құқықтық актінің, рәсімдерге, қағидаларға және кезеңділікке (өмірлік циклге) сәйкес мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға мүмкіндік береді. Осылайша, кадрларды озық даярлау бойынша барлық міндеттерді іске асырудың дербестігін, тәуелсіздігін, жүйелілігі мен міндеттілігін қамтамасыз етеді», - деді министр.
Өз кезегінде Тамара Дүйсенова ағымдағы жағдай мен негізгі проблемалар туралы, сондай-ақ Ұлттық біліктілік жүйесін (бұдан әрі – ҰБЖ) дамыту тәсілдері туралы айтып берді. Ғани Бейсембаев техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мәселелеріне тоқталды.
Отырысты қорытындылай келе, Алтай Көлгінов депутаттардан «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасын қолдауларын сұрады; мемлекеттік органдарға кәсіптік стандарттарды уақтылы әзірлеуді және өзектендіруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Comments