top of page
Search

Саясат Нұрбек INQAAHE-2023 халықаралық конференциясына қатысты

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Жоғары білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жол картасы 2030» тақырыбында жоғары білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі агенттіктердің халықаралық желісінің (INQAAHE) 17-ші Халықаралық конференциясына қатысты. Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Іс-шара Астанада 29 мамыр мен 1 маусым аралығында өтіп жатыр. Конференция күндері 40-қа жуық білім беру саласындағы беделді сарапшылар баяндама жасайды.


Конференцияда 250 қатысушы офлайн және онлайн нысандарда жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту, білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсарту жөніндегі жаһандық күн тәртібін қолдау үшін инновациялық, икемді және инклюзивті шешімдер бағытында ЮНЕСКО-ның жол картасы бойынша ілгерілеуді қолдау үшін сапаны бағалаудың рөлін талқылайды.


Конференцияда сөз сөйлеген министр Саясат Нұрбек Қазақстандағы сапаны қамтамасыз етудің сыртқы жүйесі институционалдық және бағдарламалық аккредиттеуді де қамтитынын атап өтті.

«Қазақстанның танылған аккредиттеу органдарының реестріне 12 аккредиттеу агенттігі кіреді: 6 қазақстандық (IAAR, IQAA, KAZSEE, ARQA, ECAQA, АТҚО) және 6 шетелдік агенттік (Германия агенттіктері – ASIIN, FIBAA, ACQUIN, Бельгия агенттігі – MusiQuE, АҚШ агенттіктері – ACBSP, ABET). Қазіргі уақытта барлық қазақстандық жоғары оқу орындарының институционалдық аккредитациясы бар. Мамандандырылған аккредиттелген білім беру бағдарламаларының саны 5 550 білім беру бағдарламасын немесе жалпы санының 60%-дан астамын құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда ол 11,3%-ға өсті», - деді министр.

Атап өтсек, INQAAHE – жоғары білім берудегі сапаны қамтамасыз ету теориясы мен тәжірибесымен айналысатын 300-ден астам ұйымды біріктіретін дүниежүзілік қауымдастық болып табылады. Қауымдастық 30 жылдан астам уақыт бұрын құрылған және ЮНЕСКО-ның серіктесі болып табылады.


Әлемнің 97 елінен жоғары білім беру аккредиттеу агенттіктері мен жоғары оқу орындары қауымдастық мүшелері болып табылады.


Comments


bottom of page