Сенаторлар Ғылым қорының жұмысымен танысты. Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары VIII сайланған Парламент сессиясының ашылуы кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан тапсырмаларды іске асыру аясында елордалық Ғылым қорында болды.
Сенаторлар кездесу барысында ғалымдармен және сарапшылармен бірге ғылым мәселелерін, оның ішінде саланың ағымдағы жай-күйін, проблемаларды, келешегі мен құқықтық реттеуді талқылады, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін өндіріске енгізу және коммерцияландыру мәселелерін қарады.
Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп Мемлекет басшысы Қазақстандағы білім және ғылым жүйесін дамыту мүмкіндіктеріне бірнеше рет назар аударғанын айта келіп, сенаторлар ғылыми саланы жетілдіру мен дамытуға өз үлесін қосуға дайын екенін жеткізді.
«VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек нарығын нақты сұранысқа бағдарлау мен жаңа экономикалық бағыттың міндеттеріне сәйкес болуының маңыздылығын атап өткен болатын. Сенат депутаттары ғылыми саланы дамыту үшін заң шығару ісінде қолдау көрсетуге, оның нығайтуға үлес қосуға, оның ішінде салалық министрлікпен, ұйымдармен және мүдделі мекемелермен өзара іс-қимыл жасауға дайын», - деді Нұртөре Жүсіп.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки сенаторларды ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларымен таныстырды.
Атап айтқанда, Ғылым қорынан грант алушылар медицина, тамақ өнеркәсібі және агроөнеркәсіп кешені саласындағы жобаларды – тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бағалау саласындағы диагностикалық ПТР тест-жүйесін өндіру барысын көрсетті.
Кездесуде «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы Әбділда Шаменов депутаттарды Ғылым қорының жұмыс нәтижесі мен даму келешегі туралы хабардар етіп, ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылын одан әрі күшейту тәсілдері туралы айтып берді.
Comments