Тамыз айында өтетін Ұлттық біріңғай тестілеу басталды. Оған қатысуға 20 мыңнан астам өтініш қабылданды. Тіркеу жұмыстары Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында 25-30 шілде аралығында жүргізілді.
Тамыздағы ҰБТ шекті балл жинай алмаған талапкерлердің тестілеуден қайта өтіп, жоғары оқу орнына ақылы негізде түсуге мүмкіндік беру үшін өткізіледі. Естеріңізге сала кетсек, осы ҰБТ-ға биылғы және өткен жылдардың мектеп түлектері, колледж түлектері мен шетелдік мектептерде білім алғандар қатыса алады.
Негізгі ҰБТ секілді тамыздағы тестілеу электронды форматта 10-13 тамыз аралығында өтеді. Тіркелу кезінде тестілеуге қатысушылар емтихан өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдады.
«Шекті балл жинай алмаған талапкерлердің ақылы бөлімге түсу мүмкіндігі болуы үшін тамыз айында қайта тестілеуден өтуге жағдай жасадық. Оқуға түсу үшін шектік балл және әр пәннен кемінде 5 балл жинау қажет. Негізгі ҰБТ-ға қатысқан талапкерлер бейіндік пәндер комбинациясын тамыз тестілеуінде өзгертіп, тестілеуге қатыса алатындығын айта кеткен жөн», – деді ҚР ҒЖБҰлттық тестілеу орталығының директорыРуслан Емелбаев.
Сонымен қатар жоғары оқу орнына ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады.
ҚР ҒЖБ баспасөз қызметі
Comments