top of page
Search

Тәрбиелік іс-шаралар арқылы ұлттық сана-сезімдімектеп оқушыларына қалыптастырудың маңыздылығы

А. К. СМАЙЛОВА,

Алматы қаласы, Алатау ауданы,

№ 151 жалпы білім беретін мектеп



Бүгінгі таңда мектеп қабырғасында тиімді ұлттық сана – сезімді қалыптастыру, елімізді асқақтату, қоғамымызды рухани жаңарту жолы. Мұндай тәрбиенің нәтижесі, оқушының шығармашылық жолында қаншалықты шынайлығы анықталады. Оқушының патриоттық тәрбие бойынша жұмыс нәтижесі туған өлкесіне, Отанының гүлденуіне үлес қосуы, жеке және қоғамдық қызығушылығын ұштастыра білуі, мұғалім оқушыларға азаматтық және патриоттық міндеттерін орындауға талпындыруы мен дайындық деңгейімен өлшенеді.

Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш  болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады. Рухани-адамгершілік тәрбие екі жақты үрдіс. Мектеп пен ата-ананың тығыз байланысы. Бір жағынан ол үлкендердің, ата-аналардың, педагогтардың балаларға  белсенді ықпалын, екінші жағынан тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым- қатынастарынан көрінеді.

Жеке тұлғаның адамды адам ете түсетін қасиетін ашып көрсету, яғни руханилығын дамыту – заман талабы. Осы орайда мектепте атқарылатын тәрбие шараларының үлесі зор. Рухани-адамгершілік бағытында тәрбие сағаттарын өткізу, кез-келген пәнді оқытуда рухани-адамгершілік құндылықтарды қосып отыру, адами құндылықтарды  сыныптан тыс сабақтарда дамыту, оқу бағдарламасына арнайы сабақтар енгізу,  рольдік ойындар, сырттай экскурсиялар, пікірталастар, сұхбаттар жүргізу жатады. Рухани-адамгершілік тәрбие бойынша жұмыс білім беру және тәрбиелеу процесі барысында да жүзеге асырылады. Оқушыларға рухани-адамгершілік құндылықтарды сыныптан тыс өткізілетін сабақтарда, әртүрлі тақырыптағы кештерде беруге болады.

Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу – біздің де қоғам алдындағы борышымыз.

Жеке адамның индивид қалпынан тұлға тұғырына көтерілу процесіне қоғамдағы қалыптасқан ахуал, отбасындағы этностық тәлім тәрбие, білім берген оқу ордасы, ата бабасынан мирас болып бойына сіңетін генетикалық ерекшеліктері, жоғарғы психикалық процестердің жүзеге асу ерекшеліктері әсер етеді. Ұлттық тәрбиенің өлмес негізі, рухани күші оның өмір сүру болмысынан туындаған өзіндік ұлағаты, тәжірибесінің молдығы, рухани мұрасының тереңдігі мен өнегелігінде жатыр. Қазақ қашанда ұрпағының

толыққанды тұлға болып қалыптасуына атсалысып жырлары, әпсаналары, ертегілері арқылы бала кезінен ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп отырған.

Қазіргі әлемдік білім беру кеңістігінде жастардың бойында әлемнің біртұтас бейнесін қалыптастыруға, көптүрлі мәдениеттерді құрметтеуге тәрбиелеуге, руханилыққа, адамгершілікке қызығушылығын оятуға, өскелең ұрпақтың әлеуметтік белсенділігін дамытуға баса назар аударылып отыр. Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесі адамгершілік пен руханилықты дамытуға бағытталған.

Осы тұста  тәрбиеленушілердің күнделікті өмірінде тәжірибелік «Бес күн – бес іс-шара» айдарында ауданымызда төмендегідей жоспарлы жұмыстарды да жүргізуге болатынын айта кеткім келеді.

Оның мақсаты: жас ұрпақты тәрбиелеу – бұл тұлғаның, елдің,оның мәдениетінің бірегейлігі әлеуметтік белсенділігін арттыру.

Ал міндеттері: «Оқуға құштар» жобасы аясында мектеп кітапханасына әр түрлі жастағы оқырмандарды тарту, кітап оқу белсенділіктерін арттыру;өзінің өмірлік позициясын анықтауға көмектесу; алғыс пен ризашылыұқ білдіру; өмірді бағалауға, өз ойын жетік жеткізе білуге бағыттау.

Ал күтілетін нәтижелер: балалар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықты болдырмау; зиянды заттарға еліктеудің алдын алу; білім беру процесінде ата-аналарды бірлескен жұмыстарға тарту;салаутатты өмір салтын, өзін-өзі танушылығын, қабілетін, адамгершілік рухани мәдениеттілігін арттыру.

Яғни, бірінші күні «Патриоттық күн» саптық жиын, Әнұран айту шаралар іске асырылса, екінші күні «Шығармашылық күн» кездесулер өткізу,шығарма жазу болашаққа хат сияқты әрекеттерді жасау, үшінші күні  «Ұлттық құндылықтар» күні ұлттық киім ұрпаққа мұра,  ұлттық киім арқылы патриоттық тәрбиеге баулу , төртінші күні «Экология күні» қалдық заттарға екінші өмір сыйла, тазалық күні, бесінші күні спорттық күн, түрлі спорттық іс шаралар өткізу жүзеге асырылады.

Болашақ ұрпақты тәрбиелеу – ұстаз алдында тұрған үлкен міндет болса,  жеңіс атаулының бәрі өзіңді жеңуден басталады, кездескен қиындықтықтарды жеңіп, кәсіби деңгейімізді дамытып, саналы, білімді ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздық рух, дана да, батыр да бас иетін ұлылық иесі болайық. 


        

Comments


bottom of page