Қазақ спорт және туризм академиясының базасында «Дене шынықтыру, спорт, туризм, білім және ғылымды дамытудың басым ғылыми-педагогикалық бағыттары» атты халықаралық форум өтті. Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Форум шеңберінде «Дене шынықтыру, спорт, туризм және білім беру практикасының өзекті мәселелері» бірінші халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы, «Кәсіптік даярлықтың өзекті мәселелері» дөңгелек үстелі, қызмет түрлері бойынша шеберлік сыныптары, ғылыми жобалар көрмесі ұйымдастырылып, кәсіби ақпаратты жаңарту және мамандардың кәсіби даярлығын жүйелі жетілдіру, инновациялық технологияларды енгізу, дене шынықтыру, спорт, туризм және білім беру саласындағы психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік проблемалар, сауықтыру және бейімделгіш дене шынықтыруды дамытудың мәселелері талқыланды.
Халықаралық форумға Қазақстан, Үндістан, Франция, Ресей, Қырғызстан, Украина, Өзбекстан өкілдері қатысты.
Форум аясында Қазақ спорт және туризм академиясының басшылығы Өзбек мемлекеттік дене шынықтыру және спорт университетімен, сондай-ақ Н.И.Лобачевский атындағы Нижний Новгород Ұлттық зерттеу мемлекеттік университетімен ғылым және білім және академиялық ұтқырлық саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
Форум шеңберінде өткізілген «Дене шынықтыру, спорт, туризм және білім беру практикасының өзекті мәселелері» атты I-ші Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысу үшін студенттердің, магистранттардың, докторанттардың және педагогикалық оқытушылар құрамының 100-ден астам баяндамасы келіп түсті.
Comments