26.02.2024.
Еліміздің үшінші агломерациясындағы оқушы орындарының тапшылығын шешу үшін 2028 жылға дейін 50 340 оқушыға арналған 63 мектеп салу жоспарлануда. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесуінде мәлім болды.
Білім басқармасының басшысы 2023 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 20 мың оқушыға арналған 23 мектеп ашылғанын атап өтті. Бұл үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге көмектесті. Қарқынды дамып келе жатқан демографияны ескере отырып, өңірде тағы да жаңа білім беру нысандарын іске қосу жоспарлануда. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 28000 оқушыға арналған 18 мектеп бар. Сонымен қатар 9 білім беру нысанында күрделі жөндеу жүргізілді, тағы 25-і 2025 жылға дейін жөнделеді.
Мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығы мәселесі жоспарлы түрде шешілуде. Өткен жылы ғана 28 балабақша ашылып, мемлекеттік тапсырыс 3 мыңға жуық орынға ұлғайтылды. Нәтижесінде мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеумен 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 95% қамтылды.
Оқу-ағарту министрінің айтуынша, бұл шаралардың барлығы білім беру сапасын кешенді түрде арттыруға бағытталған.
«Ағарту жүйесі еліміздің ең ірі салаларының бірі саналады. Оның үздіксіз сапалы дамуы - ведомствоның маңызды міндеті. Біз білім беру сапасын арттырудың бес негізгі бағытын белгіледік. Кадрлық әлеуетті күшейтуге ерекше көңіл бөлінеді. Өткен жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім берудегі өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау жөніндегі бағдарлама іске асырылуда. Республикалық кадрлық резервке 208 үміткер кірді, олардың бірқатары мектеп директорлары лауазымына тағайындалды. Биыл тағы 3 мың үміткерді дайындау жоспарлануда», - деді Ғани Бейсембаев.
Одан әрі кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасты. Барлық тілек білдірушілер ведомство басшысына өз сұрақтарын тікелей қоя алды. Олар балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға және т.б. қатысты болды.
留言