top of page
Search

Шымкент қаласының білім беру жүйесін дамытуға арналған өңірлік Жол картасы қабылданды

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өңірдегі білім беру жүйесін әрі қарай дамыту мен өзекті мәселелерді нақты шешуді көздейтін бірлескен құжатқа қол қойды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Қала әкімдігі мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тапсырыс көлемін 24 200 орынға дейін арттыру, 26 мектепке дейінгі мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік балабақшалардың материалдық-техникалық базасын 100% жаңартуды жоспарлап отыр. Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту саласының 7000-нан астам педагогі біліктілігін арттыру курстарынан, ал 1500-ден астам педагог қайта даярлаудан өтеді.

Кейінгі үш жылда 81 мектептің ашылуы үш ауысымды және орын тығыздығы бар мектептер санын азайтты. Жол картасы аясында тағы да 80 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр, оның ішінде 38 мыңға жуық оқушыны қамтитын 25 мектеп «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынады. Сонымен қатар 30 орта білім беру мекемесіне кешенді жаңарту жүргізіледі.

«Қаламызда демографиялық және миграциялық өсімдерге сәйкес бала саны жыл сайын артуда. Осыған орай, 2029 жылға дейін қуаттылығы 87 950 орындық 80 мектеп құрылысын салу жоспарланған. Сондықтан республикалық бюджетке ұсыныс берілді»,– деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.

Әсіресе, білім беру мекемелерінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінді. Қазір қаладағы мемлекеттік мекемелердің бәрі бейнебақылау, дабыл түймелері, турникеттермен жабдықталған. Жол картасы аясында мектептерге қосымша 2,5 мың бейнебақылау жүйесін сатып алу жоспарланып отыр және балабақшаларда тағы 7000 бейнебақылау жүйесі орнатылады.

«Жол картасын аймақтардың бәріне арнап әзірлеу және қабылдау жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шымкент қаласы басшылығы білім беру саласының дамуына айрықша көңіл бөліп отырғаны қуантады. Кешенді жұмыстар алдымызға Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруға және өзекті мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Жол картасында білім берудің барлық бағыты қамтылған, оның ішінде оқушылардың білім беру жүйесіне қол жеткізе алуын және олардың білім беру процесіне қатысымын арттыру да бар. Шымкентте ПМПК және психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері жүйелерін кеңейту жоспарланып отыр, арнайы педагогтер үшін жеті ресурстық орталық ашылады және психологиялық-педагогикалық көмек алу орындары бойынша мемлекеттік тапсырыс сегіз мыңға жуық орынға көбейтіледі», — деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Бірқатар іс-шара кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс санын азайтуға, балаларды қорғау бойынша оқу-жаттығу және психологиялық кеңес беруге, сондай-ақ балалардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін дамытуға арналған. Шымкентте екі Оқушылар сарайы, үш Cауықтыру лагері және алты Өнер мектебі салынады. Жол картасының ауқымды бөлімі білім беру сапасын арттыруды көздейді. «Дана бала», «Shymkent Hub», «Сапалы білім», «Сандық мұғалім» түрлі жоспарлы төрт жобаны іске асыру жоспарланған.

Білім беру сапасын ұлттық және сыртқы бағалау жүйесін ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі жұмыстар жалғаса береді. Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту сапасын бағалау талаптары енгізіледі. Қала мектептері жыл сайын оқушылардың білім алудағы жетістіктеріне мониторинг жүргізу мен «PISA-based Test for Schools» халықаралық зерттеуіне қатысады.

Сонымен қатар Президент тапсырмасына орай, министрлік техникалық және кәсіби ақысыз білім берумен 100% қамту, колледждерде педагог мамандар дайындау бойынша мемлекеттік тапсырысты ұлғайту және кәсіпорындардың сұранысы бойынша мақсатты түрде мамандар әзірлеу жөнінде жұмыстар жүргізіп келеді. Жол картасы іске асырылатын уақыт аралығында Шымкентте төрт өкілеттілік орталығы ашылады және сегіз колледжге жөндеу жасалады. Педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында біліктілікті арттыру курстары, арнайы оқытушылар мен өндірістік оқу шеберлерінің халықаралық тәжірибеден өтуі, ТжКБ басшылық құрамын менеджмент бойынша оқыту қарастырылған.

Жалпы Жол картасына Шымкент қаласының білім беру жүйесінің барлық бағытын дамыту шаралары енгізілген, олардың іске асырылуы балалардың жан-жақты және толыққанды дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.


Comments


bottom of page