ҚР ІІМ Кадр саясаты департаменті басқармасының бастығы Ақан Нұрышев Ішкі істер министрлігінің ЖОО-сына қабылдау қағидаларының қалай өзгрегенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ішкі істер органдарын жаңғырту жол картасы аясында ведомстволық білім берудің іріктеу, оқыту, біліктілігін арттыру және қайта даярлау мәселелерін жүзеге асыру бөлігі жаңғыртылып жатыр. Қазір ведомстволық білім беру оңтайландырылған, оқу орындары олардың мамандануына қарай қалдырылды. Қарағанды академиясы тергеушілер мен криминалистерді, Алматы академиясы – жедел және техникалық қызметкерлерді, Қостанай академиясы – әкімшілік полиция және қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерін, Ақтөбе институты – әкімшілік полиция қызметкерлерін, Шымкент оқу орталығы – мамандандырылған күзет қызметін даярлайды», - деді А. Нұрышев министрліктің апталық брифингтінде.
Спикердің айтуынша, жаңғырту аясында оқыту тәсілдері айтарлықтай өзгерген, арнайы полиция тактикасы, ішкі істер қызметкерлерін психологиялық даярлау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар сынды жаңа арнайы курстар мен пәндер енгізілген. Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау бөлігінде қазір барлық оқу орындарында Ішкі істер органдарының қызметкерлерін психологиялық даярлау, халықпен жұмыстың сервистік форматы бойынша курстар жүргізіледі.
«Бакалавриат бағыты бойынша ЖОО-ға түскісі келетін талапкер міндетті түрде аумақтық ішкі істер органдарының кадр қызметтері арқылы немесе тікелей оқу орындарына өтінім береді. Сондай-ақ өтінімді электронды түрде беруге болады, оған жеке куәліктің көшірмесі, фотосуреттер, өмірбаян, білімі туралы құжаттың көшірмесі қоса беріледі. Аумақтық ішкі істер органының және оқу орындарының кадр қызметтері оқу кандидаттарын қарастырады, медициналық куәландыруға жібереді, арнайы тексеру жүргізеді және жеке істерін 1 шілдеге дейін ІІМ-нің тиісті жоғары оқу орындарына жібереді», - дейді А. Нұрышев.
Оқуға үміткерлер ҰБТ-ны 5 шілдеге дейін тапсырады. ҰБТ Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және екі бейінді пән бойынша өткізіледі. Жаңашылдықтардың бірі –Қарағанды академиясына түскісі келетіндер кез келген екі бейіндік пәнді таңдай алады. ҰБТ қорытындысы бойынша кемінде 50 балл, оның ішінде әрбір пән бойынша – кемінде 5 балл жинау қажет.
ҰБТ тапсырған соң талапкерлер белгіленген мерзімге сәйкес оқу орнына келеді. Оқуға қабылдауды ЖОО-ның қабылдау комиссиясы үш кезеңде ұйымдастырады: түпкілікті медициналық куәландыру, талапкерлердің дене дайындығын тексеру, ұлдар мен қыздар үшін: 100 және 1000 метрге жүгіру. Ұлдар биік белтемірге тартылады, ал қыздар – 1 минут бойы арқада жатып денені көтереді. Үшінші кезең – медициналық көрсеткіштер мен дене шынықтыру дайындығының нәтижелері бойынша іріктеуді ескеріп, ҰБТ қорытындысына сәйкес талапкерлерді қабылдау.
Кандидатты қызметке жарамдылығын анықтау үшін медициналық және психофизиологиялық тексеру, сондай-ақ кандидатты арнайы есепке алу базалары бойынша тексеру жүргізіледі.
Оқу орындарына іріктеу далалық оқу лагерьлерінде өтеді. Дене шынықтыру даярлығы сынақтарының нәтижесімен келіспеген кандидат апелляцияға өтініш беруге құқылы. Апелляциялық комиссияны тиісті оқу орнының бастығы құрады. Өтініш нәтиже жарияланғаннан кейінгі күні сағат 13.00-ге дейін беріледі. Өтініш тәулік ішінде қаралады. Өтініш берген әрбір кандидат бір физикалық сынақты қайта тапсыруға құқылы.
Автор: Айжан Серікжанқызы
Comentários