ҚР ІІМ Алматы академиясында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің ішкі істер министрлері кеңесінің қолдауымен “ТМД кеңістігіндегі киберқылмыс: қарсы іс-қимылдың заманауи үрдістері мен бағыттары” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. ҚР ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Іс-шараға ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бюросының және ТМД Терроризмге қарсы орталығының басшылығы, Достастық елдері ІІМ өкілдері, IT-компаниялардың сарапшылары қатысты.
Жиында Қазақстан тарапынан ІІМ басшылығынан бөлек орта басшы құрамды даярлау факультетінің және біліктілікті арттыру курстарының тыңдаушылары, оның ішінде “К” бөлімшелерінің қызметкерлері, магистранттар мен докторанттар, академияның профессорлық-оқытушылық құрамы болды.
Конференцияны ашқан ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Саденов цифрлық технологиялар мен сервистер азаматтарға қолайлы жағдай жасай отырып, барлық салаларға белсенді еніп жатқанын атап өтті.
Алайда олардың дамуы жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, қылмыскерлерді де жаңа құралдармен қаруландырады. Сондықтан киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мәселесі өзекті болып отыр.
Киберқылмысқа, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл тәжірибесімен қатысушыларды Қазақстан ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Айдос Рысбаев таныстырды.
Кездесуде ТМД кеңістігіндегі киберқылмыстың қазіргі жағдайы мен даму үрдістері, ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялар саласындағы қылмыстарды анықтау және алдын алу, Достастыққа қатысушы мемлекеттердің киберқылмыстармен күрес жөніндегі бөлімшелерінің өзара іс-қимылы талқыланды.
Елдердің есірткі сатумен байланысты қылмыстарға бетбе-бет байланыссыз түрде қарсы тұруы, заманауи ақпараттық қауіптер тәжірибесі зерттелді.
Қонақтар ІІМ Академиясының киберполигонын және киберлабораториясын көрді. Бұл – виртуалды симуляциялық тренажерлары бар заманауи оқу алаңы, онда тәртіп сақшылары ақпараттық-коммуникациялық ортадағы құқық бұзушылықтарды ашуды және тергеуді үйренеді.
Comments