top of page
Search

Ғылымды дамыту – маңызды міндет



Елімізде қазіргі күні ғылымның дамуына мемлекет пен Білім және ғылым министрлігі тарапынан ерекше көңіл бөлініп, барынша жақсы жағдайлар жасалуда.


Ғылымды дамыту, ғылым қызметкерлерін қолдау мақсатында тәуелсіздік жылдарында арнайы заңнамалық өзгерістер енгізілді. 1992 жылы алғаш рет «Қазақстандағы ғылым және ғылым-техникалық саясат туралы» Заң қабылданып, 2011 жылы «Ғылым туралы», 2015 жылы «Ғылыми ізденістер нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заңдар қабылданды. Мұның бәрі ғылымды дамытуға арналған нақты шаралар болып табылады.

Осыған байланысты ғылымды қаржыландырудың бірнеше кезеңдері мен көздері анықталғанын айтуымыз керек. Мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар ғылыми-зерттеу қызметін жандандыруды, ғалымдарды ғылыммен айналысуға ынталандыруды көздейді. Елімізде ғылымды қаржыландырудың базалық, гранттық, мақсатты-бағдарламалық сынды үш тетігі қарастырылған. Сонымен қатар, халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейтуге де мән беріліп отыр. Мысалы, мемлекет басшысының былтырғы Жолдауында «500 ғалымның жыл сайын шетелдік тағылымдамадан өтуі» туралы ұсыныс отандық ғалымдар мен профессура ортасында үлкен қолдауға ие болды. «Болашақ» бағдарамасы арқылы 2022 жылы алғашқы тағылымдама басталып,

бұл конкурсқа Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен қатысқан ғалым педагогтардың ішінен 6 оқытушы «Болашақ» арқылы Англия, Германия мемлекеттерінде тағылымдамадан өтетін болды.

Біздің оқытушыларымыз бен магистранттарымыз үшін 1996 жылдан бастап арнайы ғылыми басылым – «Атырау университетінің хабаршысы» ғылыми журналы шығып келеді.Жылына 4 рет шығатын журналда іргелі және қолданбалы зерттеулердің тарих және археология, педагогика және психология, экономика және құқық бағыты бойынша мақалалары жарияланады. Редакциялық кеңестің құрамында Қазақстан, Ресей, Словакия, Түркия, Иран, Ұлыбританияның ғалымдары бар.

Университетте 2021 жылы жалпы сомасы 42,1 млн теңге құрайтын 14 ғылыми жоба, 1 экспедиция жобасы жүргізілді. Оның ішінде 6 жоба ҚР БҒМ гранттық қаржыландыру жобасы болса, 4-і университетішілік, 2 халықаралық жоба. Айта кетейік, 2021 жылы жобаларды қаржыландыру сомасы 2020 жылмен салыстырғанда 10 млн теңгеге артып, тағы үш жоба қосылған.

2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша комиссия құрылып, барлық өңірде арнайы жұмыс топтары зерттеу жұмыстарын бастады. Атырау облысы бойынша құрылған жұмыс тобында университеттің 16 ғалымы зерттеулерге қатысты. Биыл да біз ішкі ғылыми жобалар конкурсын өткізіп, университеттік қаржыландыруды жалғастыратын боламыз.

Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігі өткізетін ғылыми жобалар конкурсына да тұрақты қатысып отырамыз.

2022 жылы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ұсынған ғылыми жобалар барлық кезеңдерден сүрінбей өтіп, «Табиғи шикізат пен өндіріс қалдықтарының әрекеттесуі нәтижесінде алынған инновациялық композиттердің құрылымын химиялық зерттеу», «Қазақстанның ауылдық аудандарында қауіпсіз ауызсуға және санитарияға тұрақты қол жеткізу жолында: 6.1. және 6.2 ТДМ-ға қол жеткізудегі проблемалар» жобалары жеңімпаздар қатарынан көрінгендігін айта кету керек.

Сонымен қатар, біздің студенттеріміздің ғылыми-зерттеу бағытында да қол жеткізген табыстары бар екенін айта кеткім келеді. Соның ішінде, 20-21 сәуір күндері Павлодар педагогикалық университетінде физика пәнінен ХІV республикалық студенттік олимпиада өтіп, оған елімізден 15 жоғары оқу орны қатысты. Білім сайысының нәтижесінде Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің командасы екінші орын алып, жоғары білім деңгейін көрсетті. Сондай-ақ, 1-ші курс студенті Нұржас Тойжігіт 3-ші орынды иеленді.

Ал 22 сәуір күні Алматыдағы «Тұран» университеті базасында «қаржы» білім беру бағдарламасы бойынша алпыстан астам жоғары оқу орны қатысқан ХІV республикалық студенттік олимпиаданың екінші кезеңі өтіп, қатысушылар байқау талабына сәйкес «Келешек қаржыгер» бейнетаныстырылымы мен ғылыми жоба дайындауға тиіс болды. Осы орайда біздің университетіміздің дайындаған бейнеролигі Е. Букетов атындағы Қарағанды университетімен бірге бірінші орынға лайық деп табылғанын мақтанышпен жеткізгіміз келеді. Ал кафедра жетекшісі З.Ж. Кенжеғалиева ғылыми жетекшілік еткен студент Айзада Жұмабекқызы ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

Бұдан бөлек, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті онлайн ұйымдастырған эссе байқауынан «орыс тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер Арайлым Рахимова екінші, Ольга Кравцова үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ Атырау университетінің студенттері Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің командасымен бірге екінші орынды еншіледі.

Университетіміздің ғылыми потенциалын көтеру үшін соңғы 5-3 жылда біз мақсатты түрде докторантурада оқытуды жолға қойдық. Осы уақытқа дейін 56 маманымыз докторантурада оқып, оның ішінен 20-сы бүгінгі күні PhD деңгейін алып отыр. Экономика, қаржы, заң, экология, математика, информатика, психология салаларынан 11 жас маман-ғалым докторантурада білім алуда. Мұның өзі жастардың ғылымға көптеп бет бұруына жол ашып, ұжымдық келісімшартта қарастырылған қолдау механизмінің соған ынталандырып отырғанын көрсетеді.

Осы ретте КРІ механизмін де айта кеткен жөн, ол бойынша әрбір оқу жылының соңында жоғары ғылыми нәтиже көрсеткен педагогтар жалақысына қосымша қаражат алмақ.

Қорыта айтқанда, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде академиялық ғылымды алдағы уақытта әрі қарай тұрақты және мақсатты дамыту үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылып, барынша жағдай жасалған деуге негіз бар.


Азамат ИМАНДОСОВ,

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті

ғылым департаментінің ғылыми-зерттеу

жұмыстарын дамыту бөлімінің басшысы


 

АННОТАЦИЯ

Автор статьи отмечает, что государство и Министерство образования и науки уделяют особое внимание развитию науки в стране, и рассматривает вопросы активизации участия студентов университета в различных республиканских студенческих олимпиадах, конкурсах научных проектов, проводимых министерством, обучения в докторантуре с целью повышения научного потенциала университета, ежегодной зарубежной стажировки ученых через программу «Болашак», получения дополнительных средств к заработной плате в конце каждого учебного года педаго- гами, показавшими высокие научные результаты по механизму КРІ.

Kommentare


bottom of page