top of page
Search

Қазақстанда мектептерде қауіпсіздікті арттыру бойынша қосымша шаралар қабылданады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысы барысында мектептерде қауіпсіздікті арттыру шараларын пысықтауды тапсырды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың хабарлауынша, 13 ақпанда таңертең Петропавл қаласының полиция басқармасына №4 орта мектептің оқушыларына дене жарақатын келтіру туралы хабарлама түсті. Оқиға болған орынға жылдам жедел-тергеу тобы аттанды.


Тексеру барысында күдікті (9 сынып оқушысы) 2-ші қабатта орналасқан әжетханада маскасын киіп, балтамен дәлізге жүгіріп шығып, үш оқушыға шабуылдаған. Шабуыл жасаған оқушыны жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер ұстаған.


Қазіргі кезде 2 жәбірленуші қалалық емхананың стационарында жатыр, жағдайлары бірқалыпты. Бір оқушы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылды.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.


Есепті тыңдап, Әлихан Смайылов Петропавлда орын алған оқыс жағдай халық арасында үлкен алаңдаушылық тудырғанын атап өтті.

«Балаларының қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіптің барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарау керек», — деді Премьер-Министр.

Бұл ретте Үкімет басшысы Ішкі істер министрлігіне балалардың қауіпсіздігін арттыру бойынша келісілген ұсыныстар енгізуді, Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алуды, Оқу-ағарту министрлігіне Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуді тапсырды.



Comments


bottom of page