top of page

Қазақстандық оқушылар биология пәні бойынша әлемдегі ең беделді олимпиададан төрт қола медаль жеңіп алды

Филиппинде мектеп оқушыларына арналған әлемдегі басты зияткерлік сайыстардың бірі – Халықаралық биология олимпиадасы (International Biology Olympiad, IBO-2025) өз мәресіне жетті. Биыл бұл додаға 80 елден 320-дан астам дарынды жас қатысты, «Замануи білім беру» журналы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 


ree

Қазақстан құрамасының барлық төрт мүшесі қола медаль иеленіп, 100 пайыздық командалық нәтиже көрсетті:


Ерсултан Қайыркен – Павлодар облысындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;


Батыр Ержанұлы – Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;


Айғаным Балташева – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;


Алихан Ашырханов – Алматы қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 8-сынып оқушысы.


Команданың ғылыми жетекшілері – отандық ғылымды белсенді дамытып жүрген жас биолог-ғалымдар Ләйлә Асқарова мен Ильяс Сакимов.


IBO-2025 олимпиадасы екі кезеңнен тұрды:

Теориялық тур – молекулалық және жасушалық биология, генетика, экология, эволюция және биожүйелеу бойынша күрделі есептерді шешу.

Практикалық тур – зертханалық жұмыстар, микроскопия, үлгілермен жұмыс істеу және биологиялық процестерді талдау.


Қазақстан 1994 жылдан бері IBO олимпиадасына қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама 2 алтын, 18 күміс, 56 қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ 12 құрмет грамотасына ие болды. Еске сала кетейік, 2024 жылы Қазақстан бұл олимпиаданы өзі қабылдап, тағы да 100% нәтижеге қол жеткізген болатын.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page