12.03.2024.
Мемлекет басшысының Әзірбайжанға мемлекеттік сапары барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Әзірбайжан Республикасының Ғылым және білім министрі Эмин Эльдар оглу Амруллаевтың, сондай-ақ ADA University өкілдерінің кездесуі өтті, «Современное образование» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Саясат Нұрбек пен Эмин Эльдар оглу Амруллаев арасында 2017 жылғы 3 сәуірдегі Әзірбайжан Республикасының Білім министрлігі мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі арасындағы Білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды.
Қол қою шеңберінде докторантураға квоталар саны артуда. Тараптар жыл сайын бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары, үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру және резидентура бағдарламасы бойынша білім алушылармен баламалы алмасуды жүзеге асырады.
Ведомство басшылары екі достас елдің жоғары білімі мен ғылымын дамыту бағытында тығыз ынтымақтастықтың одан әрі мүмкіндіктерін талқылады.
Осы орайда «Qonayev Academic Campus Fund» мен «ADA University» арасында өзара келісім туралы меморандумға қол қойылды.
«Қазақстан мен Әзірбайжанның бай тарихы мен ғасырларды қамтитын терең байланыстары бар. Екіжақты қарым-қатынастың маңызы біздің шекарамыздан асып түседі және білім, ғылым және инновацияны қоса алғанда, әртүрлі секторларда ынтымақтастық үшін үлкен әлеуетке ие. Біздің академиялық институттар арасындағы синергияны нығайту үшін осы әлеуетті пайдалану өте маңызды. Осы тұрғыда біздің кездесуіміз аталмыш бастамадағы маңызды қадамды аңғартады. Біз академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге және тәжірибе алмасуға негіз салудамыз. «Qonayev Academic Campus» және «ADA University» арасындағы серіктестік инновациялардың катализаторы бола алады, экономикалық дамуды ынталандырады және біздің өңірде, одан тыс жерлерде көшбасшылардың келесі буынының мүмкіндіктерін кеңейте алады», - деп атап өтті С.Нұрбек.
Сонымен қатар, министр ADA University-де оқитын қазақстандық студенттермен кездесу өткізіп, Әзірбайжан университетінің кампусын аралады.
Айта кетейік, ADA University Times Higher Education – Impact Rankings: Quality Education 2023 рейтингінің топ – 200-ге кіреді. Университет АҚШ-тың «Anthology» білім беру-зерттеу орталығымен цифрлық оқыту және білім беру саласындағы өңірлік көшбасшы ретінде сертификатталған.
Comments