9.07.2024.
Алматы қаласында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында оқыту орыс тілінде жүргізілетін мектептердің 1-11-сыныптарына арналған «Қазақ тілі», «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқулықтарының авторларымен кездесу өткізілді. Кездесу Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен өтті.
Кездесуге Оқу-ағарту министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының басшылары, оқулық авторлары, «Алматыкітап», «Мектеп», «Атамұра» және «Көкжиек-Горизонт» баспаларының басшылары, әдіскерлері мен жетекші редакторлары, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының, сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігінің тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Кездесуді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ректорының міндетін атқарушы Еркін Шажаұлы Дусипов кіріспе сөзбен ашып, аталған кездесудің қазақ тілі мен әдебиетін оқыту процесіне қатысатын барлық тараптар үшін маңыздылығына тоқталды.
Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Ерденбекұлы Тілешов қолданыстағы «Қазақ тілі», «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқулықтарының әдіснама, әдістеме және мазмұнына қатысты мәселелерге жан-жақты тоқталып, олардың мектеп оқушыларының тілдік білімдері мен дағдыларын меңгерту мен қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Әділханұлы Қаратабанов өз сөзінде «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» пәндерінің үлгілік оқу бағдарламаларын жетілдіру мәселелеріне, Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы директорының орынбасары Мәншүк Мұқаметқали жаңартылған мектеп оқулықтары, заманауи талаптар мен даму бағыттары бойынша пікір алмасты.
Оқулық авторлары мен баспа қызметкерлері тарапынан кіріктірілген «Қазақ тілі мен әдебиеті» үлгілік оқу бағдарламасын қайта қарау және оны бөлек пән ретінде оқыту мәселелерін, үлгілік оқу бағдарламаларының қанша пайызға өзгеріске ұшырайтыны, жазба жұмыстарын (шығарма, мазмұндама) оқу бағдарламасына енгізу, терминдерді жүйелеу және т.б. мәселелер көтерілді.
Кездесу барысында қатысушылар тарапынан келіп түскен сұрақтарға толық жауаптар ұсынылды.
Comments