Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы - ректоры, ҚР ҰҒА академигі А.Қ.Күрішбаевтың бастамасымен университеттің «Ақылдастар алқасы» құрылды. Университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Университетте алғаш рет құрылған «Ақылдастар алқасы» бірлескен ұжымдық қызметті жүзеге асыруда ынтымақтастық пен өзара сенім арқылы қызмет етуді жоспарлап отыр. Бұл қадам оқу ордасындағы еңбек өнімділігін артырып, білім беру ісі мен ғылыми ізденістерді жандандырып, оқытушылар мен студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық қызметін дұрыс жолға қоюға және олардың заңды құқықтарын қорғауға ықпалы тиері анық.
Бірлестік құрамында ұзақ жылдар абыройлы қызмет ақтарған, кафедра және факультет басқарған, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан белгілі ұстаз ардагерлермен қатар, студент жастарды тәрбиелеу ісіне әлі де өз үлестерін қосып келе жатқан танымал академиктер мен профессорлар бар.
«Біздің ортақ мақсатымыз – бар күш-жігерімізді біріктіріп қуатты, әділетті университет құру. Бұл ретте, елдің ұйытқысы болып жүрген өздеріңіздей данагөй ел ағаларына артылар жүктің салмағы үлкен. Сіздердің қолдауларыңызбен университетті дамыту, білім беру сапасын жақсарту, студент жастарымыздың алаңсыз білім алуына жағдай жасау, сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу, сол арқылы жастарға рухани тәрбие беру, еліміздің ертеңі үшін білікті кадрлар даярлау міндетін бірге атқармақпыз. Көріп отырсыздар, атқарылар шаруалар ауқымы өте кең. Қазіргідей тарихи өзгерістер кезеңінде осындай елдік маңызы зор істерге бас-көз болып, жастарға жөн сілтейтін кеңесші органды құрып отырмыз», - деді өз сөзінде университет басшысы Ақылбек Күрішбаев.
Comments