top of page
Search

ҚазҰУ-да Қытай университетінің филиалы ашылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалын ҚазҰУ-да ашу жөнінде келісімге қол қойылды. Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Екі ел басшыларының қатысуымен өткен кездесуде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев пен ҚХР Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо ынтымақтастық орнату және филиал ашу туралы келісімге қол қойды.


Филиал ашудағы мақсат – ғылыми бағытта бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізу, студент даярлау және оқытушылар алмасу. Солтүстік-Батыс политехникалық университеті Сиань қаласында орналасқан.

36 мыңнан астам студент білім алатын жоғары оқу орнында аэронавтика, астронавтика және теңіз техникасы бойынша білім беру және зерттеу бағдарламалары бар.


ҚазҰУ-да ашылатын филиалда Қазақстан мен Орталық Азиядан келген студенттер білім алады. Филиалда инженерлік, электрондық ғылым мен технология, ІТ және т.б. салалар бойынша бакалавр мен магистратурада білім беру бағдарламалары жүзеге асады.

Кейін оқуын аяқтағаннан соң түлектерге екі университеттің дипломы беріледі. Сонымен қатар келісім аясында оқытушылар алмасу және ортақ зертханалар құрылатын болады.


Айта кетейік ҚазҰУ Қытайдың 5о-ден астам жоғары оқу орнымен серіктестік орнатқан. Атап айтқанда: Шанхай шет тілдері университеті, Бейжің университеті, Ухань университеті, Сянган политехникалық университеті, Шыңжаң университеті, Бейжің шет тілдері университеті және т.б. 2019-2022 оқу жылдары ҚазҰУ-дың 79 білім алушысы «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша Қытай университеттерінде тағылымдамадан өтті.


Сондай-ақ білім ордасының 37 ОПҚ өкілі конференцияларға қатысу үшін Қытайға барып, біліктіліктерін арттырған болатын. Қазіргі таңда ҚазҰУ-да 386 қытайлық студент оқып жатыр. Университетте Қытайтану кафедрасы мен Конфуция институты жұмыс істейді.


Comments


bottom of page