top of page
Search

ҚазҰУ-да Oxford Qazaq Dictionary сөздігі таныстырылды


 Oxford Qazaq Dictionary

15.12.2023.


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тұңғыш рет қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тіліне аударылған Oxford Qazaq Dictionary сөздігінің таныстырылымы өтті, «Современное образование» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 


Сөздікті құрастырып шығару жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып отыр. Кітапты шығаруға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары, Freedom Holding компаниясы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары атсалысты.


Жиынға ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Айтжанова, Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры Тимур Турлов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан, оқу ордасының тіл мамандары мен тілші ғалымдар қатысты.


Сөздіктің тұсаукесер рәсімінде ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки сөз сөйледі.


«Аталған сөздіктің шығуына атсалысқан барлық мамандарға министрлік атынан ризашылығымды білдіремін. Бұл сөздік аудармашыларға, ғалымдарға үлкен көмек. Бүгінде қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тіліне аударылып жатқан сөздер көп. Ал солардың мазмұндық жағынан дұрыс аударылуына бүгінгі жарық көрген жинақ көп септігін тигізеді деп есептеймін», – деді вице-министр.

Өз кезегінде Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова:


«Бұл еліміз үшін елеулі оқиға. Oxford сөздігі лексикографияның әлемдік стандартының символы ретінде білім мен ғылымның ажырамас бөлігіне айналды. Ауқымды жұмыс атқарған тіл мамандарының, филологтардың және зерттеушілердің күш-жігерінің арқасында аса құнды анықтамалық кітап қазақ және ағылшынтілді аудитория үшін құнды болатыны анық. Бұл сөздік ұлттық тіл мен мәдениетті сақтауға, дамытуға елеулі үлес қосады», – деп атап өтті.

Жиында сөз алған Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы кітаптың екі ел үшін маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар өз кезегінде Анар Фазылжан Oxford Qazaq Dictionary сөздігін құрастыру жұмыстары төрт жылға созылғанын айтты. 60 мыңнан астам сөз қамтылған 1300 беттік сөздік екі бөлімнен тұрады.

Comments


bottom of page