Қорғаныс министрі жауынгерлік даярлықтың үздіктеріне жоғары оқу орындарында тегін білім алу сертификаттарын табыс етті. ҚР Қорғаныс министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.
Қорғаныс ведомствосында әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған жаңа жобалар сәтті іске асырылуда. Оның ішінде ел азаматтары үшін бірден-бір ынталандыру шарасы – запасқа шығарылған сарбаздарға білім алу жеңілдіктерін беру болып отыр.
15 маусымда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жоғары оқу орнында оқуға үміткерлерді іріктеу алғаш рет онлайн режимде өткізілген болатын. Бұл процедура әр жауынгердің жеке рейтингіне сәйкес автоматты түрде жүргізілді.
Іріктеуге сарбаздардың жауынгерлік дайындығы, өздеріне жүктелген міндеттерді орындау сапасы және әскери тәртібі туралы мәліметтер негіз болды. Бұл деректер ай сайын Қорғаныс министрлігінің сайтында орналастырылған «Срочник 2.0» платформасында тіркеліп отырды.
Конкурстық іріктеуге 2022 жылғы көктемде әскерге шақырылып, Қарулы күштерде, Мемлекеттік күзет қызметінде, Төтенше жағдайлар министрлігінде және Ұлттық ұланда қызмет өткерген 12 548 сарбаз қатысты.
Солардың ішінде ең көп ұпай жинаған 12 әскери міндеттіге Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов сертификаттар табыс етті. Ол Қорғаныс министрлігі алдағы уақытта да мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтар үшін түрлі жеңілдіктер қарастыратынын атап өтті. Сондай-ақ рәсімге қатысушылардың кейбірі әскери оқу орындарына түсіп, офицер болуға шешім қабылдағанына ризашылығын жеткізді.
«Бүкілармиялық кеңесте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастар үшін әлеуметтік саты құру қажеттігі туралы айтқан болатын. Қорғаныс министрлігінің бұл жобасы да жастардың әскери қызмет өткеруге деген ынтасын арттыруға бағытталған. Ол қызмет еткен азаматтарға ҰБТ тапсырмай еліміздің жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Бұл ретте жауынгерлік даярлық үздіктері тегін оқи алады», – деді қорғаныс ведомствосының басшысы.
Қорғаныс министрлігінің осы жобасы арқылы жастар отбасылық бюджетке ауыртпалық түсірмей, жоғары білім алуға мүмкіндік алғанын айта кету керек.
Нұрсат Мұратқан, Мирас Жанделді және Қабаш Саттаров Павлодар қаласындағы Торайғыров университетіне оқуға түсуге сертификат алды. Ал Данияр Зейнеғали Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына оқуға түсті.
Өз болашағын әскери мамандықпен байланыстыруға шешім қабылдаған Бекжігіт Кәрімов пен Святослав Сейілов алдағы төрт жыл ішінде Құрлық әскерлерінің әскери институтында білім алмақ.
Бұдан өзге Нұрсұлтан Мұхаметкәрімов пен Нартай Мұстафин Астана IT университетінде жаңа технологияларды меңгеретін болады. Мерхат Жылқыбаев пен Айтуар Әбдікерім Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Рауан Сайлаубаев С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде оқу сертификаттарын иеленді. Бүгінде елордадағы қонақ үйлердің бірінде жұмыс істейтін Нұрболат Әділбай Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетіне оқуға түсті.
Естеріңізге сала кетейік, еліміздің 70-тен астам жоғары оқу орнымен жасалған келісім бойынша биылғы жылы осы санаттағы азаматтарға ЖОО есебінен оқу үшін 3000 орын берілген. Өткен жылғы күзгі әскерге шақырылған сарбаздарға арналған келесі 1500 орын алдағы күзде бөлінеді.
Конкурстан өткен азаматтар «Срочник 2.0» платформасын пайдалана отырып, QR-код арқылы сертификат ала алады.
Comments