Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарының білім басқармаларының басшылары бірінші жартыжылдықтың қорытындысы және 2024-2025 оқу жылына жоспарланған жұмыстар туралы баяндады, «Замануи білім беру» журналы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Министрге Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы, сондай-ақ білім сапасын арттыруға бағытталған өңірлердегі жаңа бастамалар мен жобалар туралы есеп берді. Басқарма басшылары инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті арттыру, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, инклюзиялық, арнайы білім беру бойынша жұмыс жоспарларын таныстырды.
Кездесуді қорытындылай келе, Ғани Бейсембаев өткен оқу жылында орын алған кемшіліктердің себебі мен салдарын зерделеуді және оның биылғы оқу жылында қайталануына жол бермеуді тапсырды. Ол балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектептерде тамақтануды сапалы ұйымдастыру, ата-аналар комитетімен ынтымақтастықта жұмыс жасау, мұғалімдерді қолдау және үздік педагогтердің тәжірибесін тарату секілді маңызды мәселелерді атап көрсетті.
Әсіресе, білім беру жүйесін дамыту үшін «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасына қатысушылар санын арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына мықты кадрларды тарту қажеттілігін ескертті.
Ведомство басшысы оқушыларға білім беруде кәсіби шеберлігі жоғары, сондай-ақ білім алушылары жоғары нәтиже көрсеткен мұғалімдерге «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
Comments