top of page
Search

ҚР президенті жұмыс сапарымен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне келді

Қасым-Жомарт Тоқаев Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне барып, жоғары оқу орнының қызметімен танысты және оның базасында құрылған «Лу Бань шеберханасы» оқу орталығын аралап көрді, «Современное образование» журналы Ақорда сілтеме жасай отырып хабарлайды. 


Касым-Жомарт Токаев в ВКТУ. им. Серикбаева

Президентке білім ошағының ғылыми-инновациялық экожүйесі туралы мәлімет берілді. Басқарма төрағасы - ректор Сәуле Рахметуллинаның айтуынша, былтыр университет базасында Smart engineering құзыреттер орталығы ашылған. Орталық машина жасау, тау-кен және металлургия кешені салаларындағы импортты алмастырушы технологияларды дамытуды көздейді.


Мемлекет басшысына жастардың инновациялық жобалар жасауына мүмкіндік беретін Smart және Medical Engineering бағытындағы технопарктің негізін қалау жоспары жөнінде баяндалды. Қазірдің өзінде университетте әзірленген 40-тан астам медициналық имплантат түрі клиникалық сынықтан өткізіліп жатыр.


Қазақ-неміс университетімен бірлесіп, металлургия, пайдалы қазбаларды игеру бағытында Ғылым және технология институтын ашу жоспарланған. «Лу Бань шеберханасы» «Автомобильдердің инновациялық конструкциясы» және «Автомобильдердің SMART технологиясы» сияқты екі зертханадан тұрады. Орталықтың бір ерекшелігі - мұнда студенттер практикалық дағдыларды меңгеріп, автомобиль жүйелеріне симуляциялық сынақ жүргізе алады. Сондай-ақ орталықта электромобильдер мен гибридті көліктерге техникалық қызмет көрсету және диагностика жасау үшін жаңа технологияларды игеру ісіне айрықша мән беріледі.


Касым-Жомарт Токаев в ВКТУ. им. Серикбаева

Орталықты аралап көрген Президент студенттермен әңгімелесіп, оларға табыс тіледі.


«Экономиканы дамыту үшін елімізде «Лу Бань шеберханасы» сияқты орталықтардың санын көбейту маңызды» , - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Университетте 6000-нан астам студент оқиды, оларды даярлау кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастықта жүргізіледі. Соның арқасында жұмысқа орналасу 96% - ды құрайды. Атамекен рейтингінде бірінші орында. Өткен жылы QS WORLD және Times Higher Education әлемдік рейтингтердің қатарына кірді.


Касым-Жомарт Токаев в ВКТУ. им. Серикбаева

Елімізде «Лу Бань шеберханаларын» ашу бастамасын былтыр мамыр айында Сианьда өткен «Орталық Азия - Қытай» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин көтерген болатын.


2023 жылдың желтоқсанында екі университеттің тығыз ынтымақтастығы арқасында "Лу Бань шеберханасы" ашылды. Табысты жұмыстың нәтижесінде қытай үкіметі Қазақстанда осындай тағы 2 шеберхананың ашылуын қолдады.


Технология қарыштап дамыған заманда машина жасау саласында да үлкен революция болып жатыр. Оның ішінде электрмобиль көш басына шығып келетіні баршаға аян. «Лу Бань шеберханасы» - Қытайдың кәсіптік білім беру саласындағы халық¬аралық ынтымақтастық жобасы болып табылады. Осыдан 2,5 мың жыл бұрын өмір сүрген Қытайдың ұлы шебері Лу Баньның есімімен аталатын жобаның мақсаты - кәсіптік-техникалық білім беру орталықтарын бірлесіп құру арқылы шетелдік техникалық оқу орындарына білікті кадрлар даярлауға көмек көрсету.

Бүгінгі күні «Лу Бань шеберханасы» жобасы шеңберінде ШҚТУ білім алушыларын "Көлік, көлік техникасы және технологиялары", "Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану" білім беру бағдарламалары бойынша Engineering Practice Innovation Project (EPIP) инженерлік практиканың инновациялық жобасын оқыту әдісін қолдана отырып даярлайды.


Жобаны іске асыру үшін ШҚТУ-дың 15 оқытушысы 2023 жылдың 1-25 тамыз аралығында Тяньцзинь қаласындағы (ҚХР) Тяньцзинь кәсіптік институтының базасында оқудан өтті.


Сондай-ақ, «Лу Бань шеберханасын» ашу аясында ШҚТУ мен Тяньцзинь кәсіптік институтымен бірлесіп «Автомобильдік зияткерлік технологияларды қолдану мен жетілдірудің қазақстандық инжинирингтік орталығының» құру жоспарланған.

Қазақстанда студенттерге Қытайдың заманауи жабдығын пайдалана отырып, алдыңғы қатарлы автомобиль технологияларын үйренуге мүмкіндік беретін бірегей Шеберхананың ашылуы инженерлердің жаңа буынын дайындауға мүмкіндік береді.


Касым-Жомарт Токаев в ВКТУ. им. Серикбаева

Commenti


bottom of page